Жаңыл Асылбекова: «- 3 деген баға алғанмын»

Oinet.kz 14-07-2019 1389

Screenshot_2.jpg

Жаңыл Асылбекова, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының продюсері, филология ғылымдарының кандидаты

        1987 жылы Алматы облысы Кеген ауданы Жалаңаш қазақ орта мектебін жақсы үлгеріммен бітіріп, алып ұшқан көңілмен Алматыға тарттым. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ге құжаттарымды тапсырдым. Бәсекелестік бір орынға алты адамнан келді. Үш емтиханнан өткеніммен конкурстан құладым. Содан көңіл-күйім болмай, жылап-еңіреп ауылға қайттым. Бірақ ішімнен «мен бәрібір осы университетте оқуым керек» деп қайраттанып алғанмын. Келесі жылы тағы да келіп емтихан тапсырдым. Дәл алғашқы жылдағының кебін киіп, үш емтиханнан өтіп конкурстан сүріндім. Бұл жолы жыламадым. «Мен бәрібір осы оқуға түсемін» деген үмітпен  ауылға кетіп, жұмысымды жалғастырдым. Үшінші жылы да үш емтиханнан өттім.  Филология факультетіне қазақ бөлімінде екі топ екен, 50 орын. Оқуға түскендердің атын атап жатыр. 49-шы адамның атын атады, мен жоқпын. Маған сол кезде ой келді: «Егер осы жолы оқуға түспесем, онда келесі жылы ҚарМУ-ге тапсырамын». Сол кезде соңғы 50-ші орынға екі адамның біреуі ғана оқуға қабылданатынын хабарлады. Сол екеудің біреуі мен екенмін. Сонымен комиссияның алдына келдік. Бәсекелесім анасымен бірге кірген екен. Менің көзім бақырайып кеткен, біреу жылы сөз айтса жылап жіберейін деп тұрмын. Комиссия төрағасы ректорға бәсекелесімнің анасы көп балалы батыр ана екендігін, отағасының соғысқа қатысқандығын айтып жатыр. Оның барлығы ескеріледі деп ректор де жауап қатып жатты. Бір кезде маған қарап «Сіз де көп балалы отбасынансыз ба? Әкеңіз соғысқа қатысқан ба?»,- деген сұрақтарды қойды. Менің тілім байланып қалғандай, тек басымды шайқай беремін. Сол кезде, иә, дәл шешуші кезеңде менің жеке іс-қағаздарымды ақтарып отырған бір ағай: «Бұл қыздың Қазақстан Жазушылар одағынан қолдау хаты бар екен» демесі бар ма?! «Оқыңыз» -, деді ректор бұйыра сөйлеп. «Бұл қыздың дарыны бар, өлең жазады, байқау кезінде осыны ескерсеңіздер» деген Ұлықбек Есдәулет ағаның қолдау хатын оқып берді. Сонда ректор: «Дарыны болса, ескеріледі. Осы қызды қабылдаймыз» деп бірден шешім шығарды. Сенімді ақтап 1994 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін қызыл дипломға бітіріп шықтым. 

          Өзім екі жыл түсе алмай үшінші жыл дегенде әрең қолым жеткен соң ба студент атанғанда ерекше көңіл күйде болдым. Әлі есімде, бірінші курстың алғашқы бір айында бізді Қостанай облысына ауыл шаруашылығына көмектесуге, картоп жинауға жіберді. Мен сонда алғаш рет пойызға отырдым. Ауылдан ұзап шықпаған бізге барлығы қызықты, барлығы таң-тамаша болатын. Оқуды бар ынтаммен оқыдым. Қолым босай қалса, кітапханадан шықпайтынмын.Үлкен қала, мәдени орта,  білімді оқытушылар, жоғарғы курстың студенттеріне қарап қала тіршілігіне үйрене бастадық. Бізді өте талапшыл, қатал оқытушылар оқытты. Мысалы, Хасан Кәрімов, Ханғали Сүйіншәлиев,  Алма Қыраубаева, Сапархан Мырзабеков, Талғат Сайрамбаев, Мырзатай Серғалиев, Тұрсынбек Кәкішев,  Бақытжан Майтанов, Әжібай Керімов,  Шәкір Ибраев, Берікбай Сағындықов секілді профессорлар мен  академик Зейнолла Қабдоловтың шәкірті болдық. 

        Студент шақ өте бір керемет, қайта оралмайтын, қайталанбайтын кезең  ғой. Әлі есімде, бірінші курстамыз. Берікбай Сағындықұлы бізге «Қазақ тілінің лексикологиясы» пәнінен сабақ берді.  Ағай студенттерге «сіз» деп сөйлейтін.  Сабағы қызықты өтетін. Семинарда жауап берген студенттерге баға қойғаны біртүрлі қызық еді. – 3, -2, +1 деген бағалар қоятын. Мектепте 4 пен 5-ке оқыған  біздерге мынау бір сұмдық жайт болды. Қанша тырмысып, жанын салып айтқан студенттің бағасы  – 2 ден аспай қойды. Содан бір күні әбден сабаққа дайындалдым. Айды аспанға бір-ақ шығармасам деп, семинарда қолымды көтердім. Берген тапсырманы жақсылап айтып болып едім, ағай маған қарады да: «Рахмет, отырыңыз + 3» деді.  «4 алуға шамалы жетпей тұрған шығар, тағы бір жауап беріп көрейін» деп ойландым. Тағы қолымды көтердім. Ағай маған таңғалып қарады да, «Келіңіз, ортаға шығыңыз» деді. Ортаға шыққанымда маған  қиын сұрақтарды жаңбырша жаудыртты. Бірінші  курстың  студенті мен профессордың білімін салыстыра алмайсың ғой. Шынымды айтайын, жауап бере алмадым. Сонда ағай маған қарап: «Жаңа қанша алып едіңіз?» - деді. Мен: «+3 алған едім» деп  едім. «Отырыңыз -3 демесі бар ма?!  Сол курста сол сабақтан ақыры ешкім 4 алмады. Әне-міне дегенше сессия басталды. Алғашқылардың бірі болып мен кіріп едім ағай менен сабақ сұрамай-ақ, сынақ кітапшама 5 қойып берді. Кейін білдік,  бұл кісінің дәріс беруінде өзіндік тәсілі бар екен. Жыл бойы кімнің оқып, кімнің оқымай жүретінін байқап жүреді екен.

Кейін бірнеше жыл өткен соң ағаймен кездесіп қалып осы оқиғаны айтып берсем, рахаттанып күлді де: «Сен түсінбегенсің ғой, + 3 деген ол 5 қой» деді.     

Дайындаған: Айнұр Асанқызы, 

«Рейтинг» газеті №43, 10 қараша 2016 жыл

Ерболат Нұрмаханов: «Индустриалды аймақтарда мамандар даярлау дамуға бастайды»
Арғынбай Бекбосын: «Нанның қоқымын теріп жедім»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу