Арғынбай Бекбосын: «Нанның қоқымын теріп жедім»

Oinet.kz 14-07-2019 1218

Screenshot_14.jpg

Арғынбай Бекбосын, жазушы-публицист, қоғам қайраткері

Жалпы тағдыр менің пешенеме ұзақ уақыт студент болуды жазбаса керек. 1957 жылы Жамбыл облысындағы  педагогикалық училищені үздік бітіргеннен кейін бұрынғы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға қабылдандым. Мен оқыған топта белгілі жазушылар Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин,  Оңтүстіктің тумасы, марқұм досым  Ілияс Байбаровтар оқыды.  Студенттік жылдарда небір қызықты, қиын жағдайларды бастан кешірдім. Қиын деп отырған себебім,  біздің заманда жалпы елдің тұрмысы, әсіресе, студенттердің әлеуметтік жағдайы төмен болатын. Кисе киімге, ішсе тамаққа жарыған жоқ. Медицина институында оқитын Тұрар деген нағашым мен Әмірбек деген досым болатын. Үшеуміз қаланың шет жағындағы Тастақтан орыстың бір бөлмелі пәтерін жалдап тұрдық. Обалы не керек үй иелері жаман кісілер болған жоқ. Отағасын «дядя Миша» дейтін едік.  Қазақшаға өзі судай. Ал жары тетя Люба да сыпайы жанның бірі еді. Уақытша болса да бір шаңырақтың астында өмір сүрген соң өзара тәртіп орнатуымыз керек емес пе? Көп шығын болмасын деп үшеуміз стипендиямызды Тұрардың қалтасына салып қоюды ұйғардық. Күнделікті жолақы мен азық-түлігімізді өзі әкеліп тұратын болды. Мен түс қайта  ал екі жігіт таңертең оқитын. Бірінші курста оқып жүрген кезім еді. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы болатын. Кешкі сағат тоғыздар шамасында сабақтан шаршап-шалдығып келсем үйде ешкім жоқ. Жігіттер жақын маңға кеткен болар, күте тұрайын дедім.  Кішкентай шкафты ашсам бір үзім нан жоқ. Қалтамда да көк тиын жоқ. Содан сізге өтірік маған шын, үстелдің үстіндегі нанның қоқымдарын теріп жедім. Көктемнің көкөзек уақытында қарны ашып, көзі қарауытып келген ашқұрсақ студентке қоқым қайбір азық болсын. Уақыт өткізейін деп сабағымды біраз уақыт оқыдым. Асқазанды алдаусыратып айналып келіп су іше бердім, іше бердім. Сол күні іш қызып, дұрыс ұйықтай алмадым. Ертемен тұрып алдым да қайтадан суды іше бердім. Университетке баратын уақыт та жақындап қалды. Ішімнен «енді не істеймін? Трамвайға «зайчик» болып мінсем кондуктор орыстың бетбақ әйелдері ит терісімді басыма қаптап, қарғап-сілеп жүрер. Мұндай масқараға душар болғанша жаяу барғаным артық. Бірақ алыс қой, оның үстіне әл-дәрменім де қалмады»  деп ойланып ақыры сабақтан қалдым. Сөйтіп сол күні де шырылдаған асқазанмен ұйқыға кеттім. Ертеңіне сәске таяу күткен достарым мәз болып келе жатыр. Оларды көре салып менің қаным қарайып, ашуым келді. Үйге кіргеннен екеуінің жер-жебіріне жетіп, әбден балағаттап алдым. Сөйтсем қыдырымпаздар Әмірханның Сайлау деген дос қызына барған екен ғой. Кейіннен бұл жағдайды үй егелері естіп «мұның не, бізге келсең көмек берер едік қой, адам баласын аштан қатырып қарап отыратын біз соншалықты адамгершілігі төмен жандармыз ба?» деп маған ренжігендері бар. Осылайша бірінші курстың көктемі де өте шықты. Жоғарыда сөз арасында айтып кеткенімдей толыққанды студент бола алмадым. Себебім мен үйдің жалғызы едім. Ағам соғыста шейіт болған, ал әкем соғыстан кейін көп ұзамай дүние салған, әке-шешемнің өзге перзенттері бірінен соң бірі шетінеп кеткен екен. Анам колхозда қызылша өсіретін. Содан болар ол кісі аурушаң болды. Екінші курста анам қатты  науқастанып қалды. Амал жоқ оқуымды сырттай ауыстырып, анамның жанына қайтуға тура келді. 

АҚШ-тағы Колорадо университетінде білімімді жетілдірген жағдайым бар. Мұны енді студенттік жылдарға жатқызуға болмас, дегенмен шетелдегі бір қызықты жағдайды айтып берейін. Ол кезде парламент депутаты болатынмын. Содан Қазақстаннан 25 адамды Колорадоға екі ай курсқа оқуға жіберді. Бітірушілердің  салтанатты кеші өтіп жатқан. Бәрімізге сертификат табыстады. Бір кезде кешті жүргізіп отырған америкалық профессор сөз кезегін маған берді. Барша оқытушыларға алғысымды жеткізген соң, сіздерге айтар өтінішім бар дедім. «Ол қандай өтініш?» дегендей бүкіл зал менің аузыма қарап қалыпты.  «Біздің ел -  Қазақстанда да картоп өсіріледі. Кейінгі кезде көкөністі құртатын бір зиянкес пайда болды. Оның аты  - колорадо қоңызы. Шамасы сол қоңыз сіздерден, яғни, Колорадодан барған болуы керек. Құдай үшін, сол қоңыздарыңызды қайтып алыңыздаршы»,- дегенімде залдың бәрі ду күлкі де, достық үшін тост көтерілді.  

Байқауымша қазіргі таңда елімізде университеттер тым  көбейіп кетті. Олардың көбісі коммерциялық. Сол білім ошақтарында ғашыркерлерден басқасының бәрін даярлап шығарады ғой деймін. Менің мына бір жағдайға таңым бар. Сол мамандарды оқытатын ұстаздардың бәрі қайдан шыға келді екен? Сапасыз білімнен сапасыз маман шығады емес пе? Дегенмен бүгінгінің студенттері тәуелсіз елдің жастары ғой. Ой-өрістері де кең. Білім аламын дейтін адамға кітап та, ақпарат та, жағдай да  жеткілікті. Сондықтан бүгінгі студенттерге айтарым универсиетет, колледж бірген біліммен тоқтап қалмай іздене берсін дегім келеді. 

Дайындаған: Айнұр Оңғарбай, 

«Рейтинг» газеті №44, 17 қараша 2016 жыл

Жаңыл Асылбекова: «- 3 деген баға алғанмын»
Қанат Ислам: «Ұлтжанды болмай, чемпион болып керек емес»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу