Әміржан Қосанов: «Енді бізде «екінші Назарбаев» болуы мүмкін емес»

Oinet.kz 24-08-2019 5389

10076359.jpg

ӘміржанҚосанов, саясаткер         

–Қалай ойлайсыз, Данияр Әшімбаев деген саясаттанушы «биылғы жылдың соңында президент ауысады» дейді. Бұған не дейсіз? Мүмкін бе?

–Бәрі де мүмкін! Әрине, бір адамның бас таңдауына телініп қалған жағдайымызда, болжау айтудың өзі әрі қиын, әрі ыңғайсыз. Бірақ, бұл тақырыпты талқыламасақ тағы болмайды. Бір сөзбен айтқанда, қоғам бас билік туралы мәселеде үнсіз қалмауы тиіс. Ондай пікірлер бар екенін, бас билікке келіп қалуы ықтимал белгілі бір тұлғаларға деген белгілі бір көзқарас бар екенін билік білуі керек. Өйткені, таңдау субъективті болғанымен, ол тұлға (не тұлғалар) сайлау секілді объективті сыннан өтуі тиіс, ал оның өзі әртүрлі «тосын сыйға» ұласуы мүмкін.

Қарап отырсаңыз, биліктің өзі қоғамды сондай бір өзгерістерге әзірлеп жатқан сияқты. Өйткені билікке бір табан жақын сарапшылар биліктің ауысуы туралы ашық әрі ешкімнен қорықпай жаза бастады. Және де олардың жазуында бір құйтырқылық бар: яғни, «бәрін елбасы өзі шеше алады, басқалардың, соның ішінде, халықтың оған еш қатысы мен керегі жоқ» деген сыңайдағы ой қоғамдық санаға белсенді түрде сіңірілуде.Конституцияда: «Биліктің бірден-бір қайнар көзі – халық» деп жазылған. Халық –конституциялық ұғым, ал біз жиі айта беретін кландар немесе президенттің айналасы дегендер – конституциялық ұғымдар емес!

– Билік транзиті Қазақстанда қандай сценарий бойынша өтеді деп есептейсіз? Орыс? Өзбек? Түркімен? Әлде біздің өз жолымыз бар ма?

– Жалпы алғанда, авторитарлық жүйелердің бір-біріне ұқсас тұстары көп. Оныңішінде, антидемократиялық заңдар басымдығы, бәсекеге лайықты тұлғаларды нейтралдау, қырғи қабақ кландардың амалсыздан бірігуі деген сияқты ортақ белгілері бар. Сонымен бірге, әр елдің өзіндік өзгешіліктерін ескеру керек. Назарбаев Путин,не Кәрімов емес. Сондықтанда біздегі транзиттің таза қазақстандық, керек десеңіз, тазақазақы ерекшеліктері болары хақ.

– Айсұлтан Назарбаев бұрынырақта ФБ-да мәлімдеме жасап, кейбір шенділерді «халық жауы» деп атады. Айсұлтан шүйліккендердің қатарында И.Тасмағамбетов те бар. Көп ұзамай Тасмағамбетов елші болып кетті. Мұны «тұрымтайдың тепкісінің» салдары деуге бола ма?

–Айсұлтанның Назарбаевқа туыстық ықпалы болатыны сөзсіз ғой, сондықтан да оған ешкім де «қой» деп айта алмайды. Әйтпесе, ол өзі нақты аттарын атап, соншалықты ауыр айып таққан олигархтар мен шенеуніктерге тікелей қарсы шыға алатындар кемде-кем. Өз басым, Айсұлтанды жан-жақты қалыптасқан әрі барлық жағынан кемеліне жетіп толысқан, дербес шешім қабылдай алатын тұлға не топ басы деп есептемеймін. Ол үшін уақыт керек, тәжірибе керек, керек десеңіз, маңдайы тасқа тиіп, өмірдің ащы дәмін татуы қажет.

Тасмағамбетовтың тағдыры да қызық. Әрине, оның харизмасы, ел ішінде танымалдығы да бар. Ел басқаруда тәжірибесі зор. 

Меніңше, «тек қана осы кісі лайықты мұрагер бола алады», деп оны күні-түні қолпаштаған жақтастары оған обал жасаған сияқты. Тым көп дәріптеліп кетіп, мұнысы елбасы мен оның маңайындағы «антитасмағамбетовшіл» топтарға жақпай қалды ма деймін. Әйтпесе, вице-премьер қызметіне келгені де кеше ғана емес пе?

– Айсұлтан Назарбаевтың артында кім тұруы мүмкін?

–Меніңше, баланы басқалар саяси ойындарында пайдаланып, қолшоқпар етіп отыр. Нақты аттарын айту мүмкін емес, бірақ атасы мен анасынан, өз отбасынан асып қайда барады? Және де ол күшейіп алған басқа да азулы тұлғалармен ауыз жаласуы әбден мүмкін.

Бізде саяси пиар деген өнер дамымай қалған. Оның соңғы хатында бір адамдарды даттап, екіншісін мақтап жазуының өзі де Ақорда маңындағы кланаралық күштердің ара-қатынасын ап-анық көрсетіп отыр.

–Қазақстанның екінші президенті кім болуы мүмкін? Кімдерді нақты үміткер санайсыз?

–Біріншіден, Елбасының соңғы бастамаларына қарап отырсақ, енді бізде «екінші Назарбаев» болуы мүмкін емес. Яғни, келесі басшының дәл Назарбаевтікіндей өкілеттіктері болмайды. Сондықтан да оның мәртебесі де, биліктің басқа тармақтарымен қарым-қатынасы да мүлдем бөлек болады. Бірақ бір стратегиялық мәселені естен шығармауымыз керек. Өзіңіз білесіз, суперпрезиденттік жүйенің бір сыншысы болса, ол мен едім. Десем де, біз унитарлық мемлекетпіз, сондықтан өкілетті парламент пен өкілетті үкіметпен қатар, ел тұтастығы мен бірлігіне жауапты президенттік жүйе де болуы тиіс.

Нақты тұлғаларға келетін болсақ, бәрі де, қайталап айтайын, президенттің өз қолында. Кімді қойса да, өз еркі. Тіпті осы күнге дейін елге мүлдем белгісіз, «қазақстандық Путинді» таққа қонжитып қойса да мүмкіндігі бар.

Жақында билікке жақын бір адамның аузынан мынаны естідім: «Елбасы тезірек шешім қабылдаса екен! Кімді қоятынын айтсын, біз қайда кетеміз, қолдаймыз оны. Сосын қазіргі тірлігіміз жалғаса береді!». Осы сөздің жаны бар сияқты. Көрдіңіз бе, биліктегілердің өзі белгісіздіктен қорқады.

Менің түсінуімше, қазір билікте жүрген барлық ықпалды тұлғаларға қатысты компромат бар. Бәрі де былғанған, сондықтан да олар Ақорда ұсынған сценарийге қарсы шыға алмайды.Елбасының басты кадрлық шешіміне үн-түнсіз көнеді.

Бірақ осы тұста екі түйткіл бар.Біріншіден, ол тұлғаны қоғам қалай қабылдайды? Ол барлық жағынан легитимді бола ала ма? Мәселен, демократиялық күштер оған балама ретінде мықты кандидатура ұсынса ше? Ол оны жеңе ала ма?

Екіншіден, елбасы кеткеннен соң ықпалды топтар мен тұлғалар оған берген уәдесінде тұра ма? 

–Оған менің күмәнім бар...

–Әрине! Мұндайда «Өзі жоқтың көзі жоқ» демейтін бе еді атам қазақ...

– Рахмет.

Сұхбаттасқан – Ерік Рахым,

Мұрағаттан, 2017 ж

Ибраһим Иманов: «Прокуратураға халықтың сенімі артып келеді»
Үрәлхан Сейілбекова: «Мемлекеттік емтиханда бір жылап алдық»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу