Мектеп үшін деп ата-анадан қалай ақша жинамауға болады?

Oinet.kz 22-06-2009 1125

Screenshot_4.jpg

«Турасын айтсаң, туғаныңа жақпайсың»  деген ұлағатты сөздің астарында үлкен мән-мағына жатыр. Мұндағы менің айтарым, әрине, ұрпақ қамы, бәсекеге қабілетті білімді де білікті жас ұрпақтармен сапалы білім, саналы тәрбие беретін мұғалімдер қауымы жайында болмақ. Мектеп – азамат баласының өмір баспалдағы. Кім болмасын барлық адам  өмір жолын мектептен бастап, ұстаздан білім, тәлім-тәрбие, өнеге-өсиет алады емес пе? Солай екен, бүгінгі күнде ұстаздар қауымының абырой-беделі қай деңгейде екен деген сұраққа іштей қынжылмасқа амалың жоқ. Білім сапасын жоғары деңгейге көтеру қажет деп жатамыз. Дұрыс, көтеру қажет. Ал, мұғалімдердің жан дүниесін зерделей қарасақ, ойландыратын мәселелер баршылық. Айтар болсақ, әлеуметтік жағынан алып қарасақ көңілге қонымсыз жағдайлар жоқ емес. Неге? Олардың жалақысы өмірдің қажеттіліктерін өтей алмайды. Кейбір мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің айлық жалақысы 150 мың теңгеден жоғары. Тіпті кейбіреулердің 350 мың теңге жалақы, 350 мың теңге  сыйақы алып отырғанын «Рейтинг» газетінен оқып таңдандық. Ал мұғалімдердің орташа айлығы 25-35 мың теңгенің шамасында ғана. «Білім туралы» Заңның 53-бабында мұғалімдер мемлекет тарапынан тұрғын үймен қамтамасыз етілуі тиіс делінген. Үй түгілі жер телімін алуға мүмкіндік жоқ. Ал, ипотекалық несие жүйесімен пәтер алайын десе, айма ай төлеп тұруға жалақысы жетпейді. Оған қоса пәтердің коммуналдық төлемақыларын қоссаңыз, түгі де қалмайды. Қазіргі таңда мұғалімдердің жұмысы қиын-ақ. Сайлау науқанында зыр жүгіріп, тыным таппайтын - мұғалім. Көріктендіру жұмысына, көше тазарту, кино-театрларда билет өтпей қалса да баратын мұғалім. Газет-журналдарға молынан жазылатын да мұғалім. Айтылатын тағы бір мәселе: аттестация. Өз кезегі келген кезде мектеп директорлары және мұғалімдер аттестациядан өтіп тұрады. Осының керегі не? Мектеп директоры және мұғалімдер өз уақыты келгенде арнайы білім жетілдіру институтына барып курстарға қатысып, куәлік алып қайтады. Осының өзі жетпей ме? Онсыз да білімін жоғарылату үшін  келіп тұр емес пе? Сөздің ашығы, бұл аттестациялау деген – нағыз сыбайлас жемқорлыққа апаратын жол. Себебі, әр директор, мұғалім аттестациядан сүрінбей өтуі үшін амалсыздан осыған жол береді. 

Жоғары оқу орнын бітіріп жатқан жас маманды аранйы құрылған комиссия құрамы толық байқаудан өткізіп, білімді деген сертификат берсе, сол мұғалімнің деңгейі қандай екенін білуге болады. Кейін алдағы уақытта жас маманның жұмысына баға берген комиссия құрамы толық  жауапты болса. Мектептерде оқушылар және оқытушылар арасында олимпиадалық жарыстар, түрлі сайыстар өтіп жатады. Осы орайда жеңімпаздарды үлкен құрметпен ақшалай және заттай марапаттап тұрса, сонда олардың оқуға, жұмысқа деген құлшынысы артар еді. Қазір бізде «Үздік мұғалім» төсбелгісін алған мұғаліммен қатардағы жай мұғалімнің арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Көрсеткіші жоғары ұстаздардың айлығы 30 пайызға өскені жөн деп білемін. Қанша жылдан бергі еңбегінің жемісін осылай бағалап, жұмысының рахатын көрсе нұр үстіне нұр болар еді. 

Ендігі мәселе – оқулық проблемасы. Бұл мектеп пен ата-аналар үшін аса күрделі мәселе болып тұр. Бұрыннан айтқым келген ұсынысым – оқулықтарға қайта-қайта өзгеріс жасай бермесе. Мектеп оқушыларына кітаптар түгел жететіндей жағдай жасалып, осыдан кейін мемлекет оқулықтарды 2-3 жыл бойы шығармағанның пайдасы болатынына сенімдімін. Сонда берілген оқулықтарды мектептер қадағалауға алып, келесі оқулықтар келгенге дейін жауапты болар еді. 

Қазіргі кезде тексеруші органдар да тым көбейіп кетті. Осының өзі оқу процесіне кедергі келтіреді. 

Ата-аналардан ақша жиналмасын деп ұрандатып жатамыз. Онысы дұрыс. Ал, енді, мектеп өмірінде кейбір кездейсоқ оқиғалар болып тұрады. Мысалы, мектептің от жағатын жекеменшік қазандағы кенеттен істен шығып қалған жағдайда оны дереу іске қосу керек. Оның істен шыққан кейбір заттарын сатып алып, жөндеу жұмыстарын жүргізген жұмысшылардың еңбекақысын төлеу қажет болады. Немесе көп жылдан бері ауыстырылмаған су құбыры шіріп, істен шыққанда оны жаңартып ауыстыру тағы да қаржыны қажет етеді. Жұмыс ақысы өз алдына. Жылу құбырларыныңда істен шыққан жерін ауыстыру қаржыға тіреледі. Сынып бөлмелеріндегі электр шамдарының жиі күйіп кете беретініне де үйреніп қалдық. Оны ауыстыруға да ақша керек. Тіпті қағазды басып шығаратын принтердегі сия таусылса да сатып алу, бұзылса жөндеу  керек. Бұдан бөлек мектеп қабырғасында көптеген іс-шаралар өтеді. Бұның барлығы да қаражат сұрайды. 

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – мектептерге осы тектес қажеттіліктердің барлығына арнайы қаражат бөлініп тұрса ғана ата-аналардан ақша жинау тыйылар еді. Мектепке өзінің спецификциясы бойынша мектеп шаруасына деп белгіленетін қаражат бөлініп тұрғанымен, ол да оқу жылы барысында бірде беріледі, бірде берілмейді. Онда да қаржы тым аз бөлінеді, жоғарыда айтылған шараларға жетпейді. 

Педагог қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартпай тұрып білім сапасын көтеру мүмкін емес. Жан-жақты ойланып, жеңілдіктер берілсе халық алдында мұғалімдердің беделі де артар еді. 

Қайрат Омаров,

Шымкент қалалық № 37 Фурқат ата атындағы орта мектеп директоры

Қалтасы жұқа адам жәрмеңкеге бара ма?
«Тука» «Шаншардан» не үшін кетпек?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу