Әмеңгерлік пен көп әйел алу дәстүрін жаңғырту қажет

Oinet.kz 28-10-2010 2382

379029-1-620x354.jpeg

Мені тастанды балалар тағдыры көп толғандырып жүр. Бойжеткендердің өз болашағына немқұрайдылығынан осындай өзекті мәселе туындап отыр деп ойлаймын. Аңсары ауған адамымен арадағы сезіміне тоқтау сала алмай көңіл қосып қойып артынан екіқабат болып қалғанда ағайын-туыстың, елдің бетіне қарауға ұялғандықтан жарық дүние есігін жаңадан ашқан бейкүнә нәрестені Балалар үйіне апарып өткізетіндері өкінішті-ақ. Оны айтасыз еш жазығы жоқ шарананы шырылдатып, күл-қоқысқа лақтырып кететін ар-ұяттан безгендер де бар. Тұла бойыңды түршіктіретін мұндай келеңсіздіктің жолын кесу үшін қазақ халқында ежелден бері қалыптасқан, бірақ бүгінде дамымай кенжелеп қалған әмеңгерлік пен көп әйел алуға рұқсат ететін дәстүрді қайта жаңғыртқан жөн деп есептейтіндіктен елді пікірталасқа шақыру мақсатында ой бөлісуді ұйғардым. Бұған «Рейтинг» газетінде жуырда жарық көрген «Көп әйел алу көңілдестікті тоқтатады ма?» атты мақала түрткі болды.

Статистикаға жүгінсек, елімізде  әр еркекке бірнеше әйелден келеді екен. Мұны белгілі ғалым-демограф Мақаш Тәтімов жиі айтып жүр. «Елімізде күйеуге уақтылы тимеген 250 мың кәрі қыз бар», – дейді ол нақты дерегін алға тартып. Осы оң босағада отырып қалған 250 мың қыз өз теңін тауып перзент сүйсе, 250 мың нәресте өмірдің есігін ашса, нұр үстіне нұр болатынының өзі ойлануға тұратын мәселе емес пе? Алайда кәрі қыздар азаюдың орнына жыл өткен сайын саны күрт көбеюде. Әрине, бұл мәселе жетімдердің көбеюуімен қатар халық санының  өсуіне де кері әсерін тигізіп отыр. Сол үшін не істеуіміз керек? «Бізде еркек аз» деп ер азаматтарды басқа бір жақтан әкеле алмаймыз. Ендеше, ертеректегі көшпелі қазақтың салт-дәстүрін қолға алу керек. Әмеңгерлік және көп әйел алу дәстүрін қайта жаңғырту қажет. Дініміздің өзі мұны қолдайды. Хадистерде «Әйелдікке ол біреу, екеу немесе төртеу болсын, өздеріңіз ұнатқанды алыңдар. Егер олардың арасында әділетті бола алмасаңдар, тек біреумен шектелгендерің өздерің үшін жақсы» делінген. Мұндайда тек рұқсат етіліп қана қоймайды, мүсылман дінінде оған тікелей ұсыныс-нұсқау айтылады. Өйткені қыздарымыздың бәрі де әйел болуға, ана болуға қақылы. 

Жасырып қайтеміз, «жалғыз әйелді жан сақтата алмай жүріп, көп әйел алу неңді алған?» деп бір-бірін келемеже етушілер де табылады. Рас, мынадай  алмағайып заманда жол апатынан, қауіпті өндірісте жұмыс істеуден және тағы басқа жағдайларға байланысты жесір қалған жалғызбасты әйел өте көп. Олардың көбісі құрсақ көтеруге қабілетті жаста. Ертеректе қазақтар «әмеңгерлік» дәстүрін қатал ұстанған. Халқымыздың  бұрынғы  салты  бойынша  күйеуі қайтыс болғанда   оның  жесірі «ерден кетсе  де,  елден кетпек жоқ», «аға өлсе іні мұра» деген  қағидаға қалтқысыз бағынған.   Әмеңгерлік  жолмен марқұм күйеуінің  ағасына, не інісіне, әйтеуір біреуіне  өзінің  таңдауы  бойынша тұрмысқа  шыққан. Тағы бір айта кететін жайт, егер жесір әйел «бұдан былай тұрмыс құрмаймын, өз өмірімді тек қана балаларымды бағып-қағуға, тәрбиелеуге арнаймын» десе, оның айтқаны  да орындалатын болған. Ал егер жесір әйел өзі барған әулеттен басқа біреуге тұрмысқа шығамын деген ниет білдірген жағдайда, онда бұрынғы күйеуінің туыстарына оған үйленетін жаңа күйеу жігіт қалың мал төлеуі тиіс. Мұндағы мәселе бұрынғы некеден туған балаларды жеткізу, яғни материалдық жағынан қамтамасыз ету мақсатынан туындаған.

Жесір әйелдің етегінен тартқан баласы болмай, әрі өлген күйеуінің әмеңгерлік ететін туысы болмаған жағдайда ғана төркініне кетуіне рұқсат етілген. Әмеңгерлік салтының түр-төркініне үңілсек, жас ананың тауы шағылып, қамқорсыз қалған сәтінде жанына жалау болар ер азаматтың қамқорлығын сездіру, әрі жас балалар әке мейірімін көрмей жалғызсырап өспесін деген ізгі ниет менмұндалап тұр емес пе?! Иә, әкеден айырылған жас балалар басқа жерге барып қорлық көрмеген, жетімдік тауқыметін тартпаған.

Жесірді ел ішінен  жібермеудің  бірнеше  әлеуметтік маңызы бар. Біріншіден, әйел де, оның балалары  да туыс-туғанынан бөлінбейді, ру, ел қауымдастығында бірге  тәрбие   алады.  Өмірде, тұрмыста қағажу, қиындық көрмейді. 

Екіншіден, жесірдің кетуі  сол елге  үлкен  мін саналған. Егер  әйел тиісті  әмеңгеріне  шықпай, басқа  біреуге  шығатын  болса, бұрынғы  күйеуінің мал-мүлкінен үлес ала алмайды, өз төркінінен келген  мүлкімен ғана  кете алады.  Мұны қазақша «іргеден шығару» дейді. 

Үшіншіден, қазіргі кезде еркектеріміз екінші әйел алмайды емес, жасырын болса да алып жатыр. Ондай жасырын некеден туған баланың ертеңі не болады? Есейген кезде «әкең кім?» десе, не дейді? Егер көпәйелділік түсінігі қолға алынса еркектеріміз екінші әйелінен туған балаға өз ата-тегін беріп, бүлдіршіндеріміз «некесіз туған бала» деген жаман аттан аулақ болар еді.

 «Қызға қырық үйден тыю», «Қызым үйде, қылығы түзде» деген даналық сөздерде ұға білсек ұлы ұғым жатыр. Қыздың абыройын сақтауы, ал жесір қалған әйелдің ауыл-аймаққа атағын шығармай, көзге түрткі қылмай әмеңгерлік жолмен табыстырылуы осы мәдениетіміздің, халық даналығының арқасы. Қазақта қазір ажырасу көп. Ол неліктен деген сұрақ бәрімізді мазалайды. 

Әмеңгерлік институты сол замандағы ана мен баланы қорғау институты деп айтуға толық негіз бар. Өйткені ешқандай алимент, жетімхана атаулы болмаған заманда жасөспірімдерді жеткізу, оларды тәрбиелеу және әйел баласының да ала жіптен аттап кетпеуі жан-жақты ойластырылған. Ең бастысы, әкеден айырылып, жетім қалған балалар басқаның қолына қарамай, жат болмай, жатырқамай өз бауырларының арасында өсуге мүмкіндік алған. «Жетім көрсең, жебей жүр» дейтін атам қазақ. Уызына жарымаған жаутаң көздердің әке мейірімі мен ананың аялы алақанынан қағыс қалып, жетімдер үйлерін толтырып жатқаны бізге абырой әпермесі анық. 

Айта берсек әмеңгерлік пен көпәйелділіктің халқымызға берер пайдасы орасан зор. Өзінен гөрі жасырақ әйелмен төсек жаңғырту егде тартқан еркек бойына күш-қуат беріп, оны жасартады. Ал дені сау әйелдің әр бала туған сайын организмі жаңарып, жасарып, түлеп отыратыны тағы бар. Одан қала берді келіншектердің арасында бәсекелестік пайда болады. Жұмысбасты болып күйеуіне көңіл бөлуді қойған нәзікжандылар, отағасының басқа біреудің отын түтетпеуіне барынша әрекет етіп, жарының жағдайын жасауға кіріседі. 

«Аға өлсе – жеңге мұра, іні өлсе – келін мұра, ат өлсе – сауыры мұра» деген халық даналығы сол кезден қалған. Сондықтан жесір әйел кім көрінгенге көз түрткі болмасын, тұрмыс тауқыметін тартпасын, жетім балалары ата жұртынан сыртқа кетіп жат болмасын деген таза ниет пен өмір талабынан туындаған дәстүр болғандықтан, мұны кертартпа салт деу көрсоқырлықтың белгісі. 

Ұзын сөздің қысқасы, әмеңгерлікке және көп әйел алуға рұқсат беру керек. Осы мәселе бойынша Төбе би, Ауыл билеріміз, Ардагерлер кеңестері жұмыс жасаулары қажет. Ертеректе, билердің қызметі ел ішіндегі ынтымақты, бірлікті  қадағалау болған емес пе? Ел арасында қандай да бір келеңсіз жәйттер туындаса, соны билер отырысында қарап, әділ шешімін берген.  Қазіргінің билері де солай жұмыс жасаса, нұр үстіне нұр болар еді.

Ата-аналар мен мектеп қабырғасы жас өскіншек қыздарға отбас құру, жыныстық қарым-қатынас пен оның кері нәтижелері туралы түсіндіріп, ақыл айтып отыруы керек. Бұл жерде ата-ана тәрбиесінің маңызы шешуші роль ойнайды.

Менің бұл айтқандарымды оқыған қыз-келіншектер, маған ренжуі мүмкін. Алайда, «Ел байлығы халық» деп Елбасымыз айтқандай, халқымыз көп болсын, тастанды-жетім балалар саны аз болсын десек, әмеңгерлік пен көп әйел алу дәстүрін қайта жаңғырту қажет.  

Рәшкүл Оспанәлиева, 

Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихаттың депутаты, «Береке А» корпорациясының президенті

Әділдік пе, Әлиевтердің әулеті ме?
Атаңа не көрсетсең, алдыңнан сол шығады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу