Атаңа не көрсетсең, алдыңнан сол шығады

Oinet.kz 28-09-2010 1175

Screenshot_3.jpg

--Бірде көшенің шетінде мұңайып отырған кейуанаға жақындап барып амандасуды жөн көрдім. Жүзіндегі өткен күндерінің белгісі ретінде қалған терең-терең әжімдері, уайымға толы мұңды жанарлары жанымды сыздатып жіберді. Мені көріп қуарған жүзіне қан жүгіре бастаған ана аздан соң әңгіме айта бастады. Іші шерге толған кейуана терең күрсініп, шешіле түсті.

«Менің өмір жолым, тағдарым өте қиын болды. Сұм соғыстың зардабын көрмеген қазақ баласы кемде кем шығар. Әкем соғысқа аттанғанда, анамның құрсағында екенмін. Анам байғұс сүйген жарымен қимай қоштасып, жесірдің тонын киіп қала береді. Әкем сол кеткеннен оралмады. Мені анам жалғыз өсіріп, бағып-қақты. Қазір ойланып қарасам, сол кездегі аналар расымен де жандары темірден жаратылғандай өте мықты екен. Әкелерінен, сүйген жарларынан, арқа сүйер ағаларынан, ізет көрсетер кіші інілерінен айырылып жатса да ешбір қайымықпады, мұңаймады. Керісінше, елді, халықты қолдап-қорғауда үлкен ерлік пен қайтпас қайсарлық таныта білді. 

...Ұлым былтыр қу арақтың салдарынан көз жұмды. Келінім жаңа заманға лайықты өмір сүруіміз керек деп, баламның қырқы өтпей жатып мені қалаға көшіріп әкелді. Енді, міне, ұлымның түбіне қу арақтың жеткені аздай, немерем қаланың безбүйректеріне қосылып, нашақор болып шыға келді. Ақыл айтсаң, үлкен екен-ау деп тыңдап жатқан немере, сыйлап жатқан келін жоқ. 

Қарағым, біз осы қандай күйдеміз? Жастарымыз қай бағытқа ілесіп барады? Бұл менің басымдағы қайғы ғана ма? Ата-бабаларымыз не үшін, кім үшін қан майданда қанын төгіп, жанын берді? Осыны ойласам, үйде отыра алмай, іштен өртенердей қиын халге душар боламын. Ендігі айтар тілегім--өсіп келе жатқан әрбір кішкентай бүлдіршін біздің болашағымыз! Сол жас ұрпақтарға бұғанасы бекіп, сүйегі қатайып үлгермеген кезінен бастап, дархан даламыздың, кең байтақ жеріміздің, асыл қазыналарымыздың оңайлықпен келмегендігін, барлығы да, тіпті егемендігіміздің өзі ата-бабаларымыздың қасық қаны қалғанша соғысып, халық үшін, ел үшін еткен ерліктерінің арқасында жеткендігін құлақтарына құйып, саналарына сіңіре білуіміз керек»,--деп кейуана әңгімесін тәмамдады.

Бейбіт заманда көшеде тентіреген ана тағдыры. Қандай өкінішті, қандай аянышты, жаныңды жылатар жағдай. Сонда мені мазалайтын сұрақ:

--Қарияға деген құрмет қайда?

--Ертең олар қартаймайды ма?

--Ананың ақ сүтін ардақтаған ел емес пе едік?

--Ұлттық ұят, патриоттық сезім, жастық жігер қайда?

Үлкенге құрмет—кішіге міндет! Зейнеткерді жылату—рухыңды құлату! Қарияны қуанту—келер күнге жол ашу! 

Жеңісбек Мәуленқұлов, 

Оңтүстік Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Әмеңгерлік пен көп әйел алу дәстүрін жаңғырту қажет
Қайран, халықтың ақшасы-ай…
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу