ОҚМУ - мәдениет пен өнер ордасы

Oinet.kz 11-11-2010 1019

Screenshot_8.jpg

Ұлттық мәдениет пен өнер саласын насихаттап, жаңғырту мәселесіне  бүгінгі қоғамда айрықша назар аударылып отырғаны жасырын емес.  Жаһандану дәуірінде ұлттық ерекшеліктерімізден айырылып қалу қаупінің барын жоққа шығармаймыз. Ал төл мәдениетімізді сақтаудың негізгі жолы – кәсіби мамандарды даярлау екені шүбәсіз.  М.Әуезов атындағы   Оңүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің педагогика және мәдениет  факультеті   еліміздегі білім беру,  мәдениет  және  өнер  саласы  бойынша білікті  мамандар дайындайтын бірден-бір  орталыққа айналғанына ешкім дау тудырмайды. 1967 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан  факультеттің тарихы өте бай.   Өнердегі  алғашқы қадамдарын Шымкентте бастаған түлектердің қатарында   Нағима Есқалиева, Мақпал Жүнісова,  Марат Омаров, мәдениет қайраткері Эдуард Мальбеков, еңбегі сіңген мәдениет қызметкері Манап Кокенов, еңбегі сіңген  өнер қайраткері  Лұқпан Есенов,  мәдениет қайраткерлері  Замира  Кастеева, Райхан Каланова, Феруза Жолынбетова және тағы басқаларды айрықша атап өтуге болады. Сондықтан да, факультет түлектеріне деген сұраныс өте жоғары.  

М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың Педагогика және мәдениет факультетінде «Музыкалық білім және хор», «Сурет салу өнері және сызу», «Актерлық өнер», «Режиссура», «Аспаптық орындаушылық», «Эстрадалық өнер», «Мұражай ісі және ескерткіштерді қорғау», «Археология және этнология», «Мәдени-тынығу жұмысы» және тағы басқа мамандықтары бойынша мыңдаған студент тәлім алуда. Бағыттары түрлі болғанымен бұл мамандықтардың барлығын біріктіретін нәрсе – оқушылардың бойындағы шығармашылық талант пен өнерге деген құштарлық.   

Факультеттің оқытушылық  құрамы тек сабақ берумен шектелмей, ғылыми жұмыстармен де шұғылдануда. Айталық,  «Мәдени-тынығу жұмысы» кафедрасының оқытушылары осы сала мамандарын даярлаудағы мемлекеттік стандарттардың авторлары болып табылады. Мұнда Қазақстан көлемінде жұмыс істейтін біліктілікті жоғарылату курстары ашылған Кафедра  оқытушылары мен студенттерінің күшімен тек университет емес, сонымен қатар қалалық және облыстық  деңгейде 50-ден астам ірі мәдени іс-шараның өтуі  кәсібиліктің бірден-бір айғағы. Кафедра профессоры Е.Оразымбетов халықаралық  театрлар байқауының Гран-при жүлдесін жеңіп алғаны да біз үшін үлкен абырой. 

«Кескіндеме және дизайн»  кафедрасы оқытушылары мен студенттері де айтарлықтай жетістіктерімен мақтана алады. Солардың тек негізгілерін атап өтсек. Биыл Мәскеу қаласында өткен «Этно Эрато» халықаралық сән байқауында қазақстандық дизайнерлер шетелдік танымал мамандардың таңдайын қақтырып, өте жоғары бағаға ие болды. Солардың арасында әсіресе ОҚМУ-дың атынан қатысқан дизайнерлер  Қ.Медет пен Ж.Байбосынова «ең үздік костюм» номинациясында ІІ деңгейлі дипломмен марапатталса, кафедра ұжымына халықтық салт-дәстүрлерді сақтауға қосқан үлесі үшін арнайы диплом тапсырылды.  «Мегаполис» атты  жас дизайнерлер байқауында оқытушы Г.Төлтебаева мен факультеттің студенті Г.Ташева 2 орынды иеленді. Сондай-ақ, Шымкентте өткен «Біздің авангард» халықаралық байқауында да ОҚМУ студенттері мықтылығын дәлелдеп, әділқазылар алқасы тарапынан жоғары баға алды. «Эксклюзив» номинациясында  оқытушылар А.Кенжебаева, Ж. Байбосынова және студенттер Г.Аманова мен Р.Зарипова 2 орыннан көрінді. 

Факультетіміздегі «Жетіасар» галереясы талай көрермендерін тамсандырып, университеттің  ғана емес, облыс орталығының мәдени өміріндегі елеулі оқиғаның біріне айналды. Мұнда талантты  жастардың жұымстары қойылып, кескіндеме өнеріне арналған апталықтар тұрақты түрде өткізіледі. 

Педагогика және мәдениет факультеті мемлекеттік маңызы бар «Мәдени мұра» бағдарламасының іске асуына да атсалысуда. Атап айтқанда «Жалпы тарих және археология» кафедрасының студенттері  Н.Партаев  мен А.Жайықбаева еліміздің тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың қоры өткізген байқауға  қатысып, былтыр және биыл қатарынан екі рет  алтын медальдарға ие болды. Кафедраның халықаралық байланыстары да жан-жақты нығая түсуде. Былтыр студенттерге АҚШ-тың бірқатар университетінен келген ғылым докторлары дәріс берді.  М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың оқытушылары Ресей, Чехия, Түркия, Оңтүстік корея мен АҚш –тың белгілі университеттері және ғылыми орталықтарымен тығыз қарым-қатынас орнатты. Ал биыл М.Әуезов атындағы ОҚМУ Еуропада кеңінен танымал «Евродеп» жобасының қатысушысы атанды. Осы бағдарламаның аясында мәдени-тынығу жұмысы саласының мамандары еуропалық әріптестермен бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Бұл жобаға оқытушылармен қатар студенттер де тікелей қатыса алатыны да жастарға жаңа мүмкіндіктерді туғызып отыр. Жалпы, іс-тәжірибе мәселесіне бізде айрықша көңіл аударылатынын атап өткім келеді. Студенттер    мұражайлар мен мұрағатта тәжірибе жинақтап, археологиялық қазбалар мен экспедицияларға қатысады. Бұл өз кезегінде жас талаптардың ізденісін арттыра түсетіні сөзсіз.  

«Қазына» фольклорлық ансамблі, «Думан» драма театры, «Қисық айна» сатира театры, «Қаракөз» би ансамблі, «Көңілді тапқырлар клубы». Бұл жобалардың облысымыз түгілі республикаға танылып, тұрақты көрермендерге ие болғаны дау тудырмайды. Ал осы шығармашылық ұжымдарда  М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың Педагогика және мәдениет факультетінің түлектері өнер көрсетіп жүргенін   мақтан тұтамыз.   

Білікті  мамандар дайындау мақсатында  оқу тәрбие  үрдісінде  инновациялық білім беру  енгізіліп келеді.    Студенттерді оқыту, жеке оқыту барысында   және шығармашылық  мамандықтар бойынша  білім беруде  интерактивтік тақта, музыкалық  шығармашылықтарда әуенді  таспа  студиялары  қолданылады. «Педагогика және мәдениет»  факультетінің   негізгі  мақсаты -   қоғамның рухани  дамуы жолында қызмет ету. Бұл бағыттағы жемісті жұмыстар алдағы жылдарда да жалғасын таба  беретініне сенім мол.  

А.Нұрлыбекова

М.Әуезов атындағы ОҚМУ «Педагогика және мәдениет» факуьлтетінің деканы, профессор

Өзағамдар Сабыр Рахимовтың атын өшіріп жатыр
Досқалиевтің үстінен тағы қылмыстық іс қозғалды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу