Көкқасқа (Жылқы туралы әңгіме)

Oinet.kz 07-09-2020 1188

Жылқы.jpg

Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары елде көптеген қиындықтардың болғаны рас. Қаланы қайдам, ауылда ұн былай тұрсын, билайдың өзі қат еді. Бидайы барлар диірменге кезекке тұрып, ақысына бір шелек ұн беріп тарттырып алатын. Бір қап ұнды бір қойға айырбастап алатын да күндер өтті. Ауыл тіршілігін малсыз елестету ол кезде мүмкін емес еді. Малы жоқтар жазымен таңның атысы, күннің батысы демей жер тырбанып тірлік етсе, елдегі бірен-саран пысықтар ғана саудаға кетті, жан-жақтан келетін алыпсатарлар сол кезде жауыннан соңғы саңырауқұлақтай қаптады. Елде ақша деген болмады. Тек заттай айырбас саудасы ғана бар-тын. Біздің үйдегі тіршілік те қоңырқай еді, бірақ қора малға толы болған соң ба, қарынымыз тоқ, көйлегіміз көк болды.

Бесіншіге өткен жылы Жаңатас қаласында тұратын көптеген отбасылар күнкөріс қиындап ауылға қарай ағылып келе бастады. Жаңатас қаңырап бос қалды дегенді жиі еститінбіз. Біздің қарсы бетке  Байәділ ағайлар көшіп келіп қоныстанды. Түбі өзіміздің Қызылкөлдің адамдары ғой, өздері еңбекқор, келе сала егіс егіп, шай-пұлдарын шығарып, шиттей бала-шағасының күйін күйттеп, жан баққан-ды.

Сол жылы қыста жарық та жиі сөніп, елдің күні майшамға қарап қалған. Қыстың ұзақ түнінде ермек қылар жалғыз дүние - кітап қана. Бірде ағам:

- Оқитын не кітап бар?-деп сұрады. Мен әдебиет кітабымды ұсындым. Отызға толмаған соқталдай жігітке ол місе болсын ба, 1-2 сағатта-ақ тауысып оқып тастады. Тек Қабдеш Жұмаділовтің "Сәйгүліктер" романынан  берілген үзінді "Қозыкүреңді" оқыған кезде еріксіз:

- Пәлі! Мына Қозыкүреңді-ай, ә! Не деген керемет! Мынаны біз кезінде оқымаған едік, мықты жазушы екен. Сен оқыдың ба өзі? -деді таңданысын жасыра алмай.

- Не деген мықты жануар өзі! Алты жүз мың шақырымды тоқтамай шауып өткен, ә! Рас па екен ей, рас болса сұмдық қой мынау! Ондай текті жылқы қайда қазір?..-деп толқынысын жасыра алмай, шығармадан алған әсермен біраз отырды. Мен болса күздің күні-ақ бұл әдебиет кітабын тауысып оқып қойғанмын, содан жыл бойы тойған қозыдай монтиып сабағыма әр кез дайын болатынмын, себебі ауылда ермек қылар кітаптан өзге қызық болушы ма еді? Кітап оқуға деген құмарлығымызды оята түскені үшін сол кездері жиі өшетін жарыққа да кейде алғысымды айтқым келеді қазір. Кеш баласына сығырайып шамның пілтесі жанып, майы біткенше рақат бір құмарда таласа кітап оқушы едік...

Сол Қозыкүреңге деген қызығушылық па, әлде малсақтық па ағам жылқы баласына аса құмар болды. Бірде көршіміз Байәділдің ат арбаға жегіп жүрген мәстек көк тайына құты түсіп, аттай қалап, бұзаулы сиырға айырбастап алды.  Қыстың көзі қырауда бұзаулы сиырдың сүті қандай бал татиды! Ағамның бұл қылығын үйдегілер қош көре қоймаса да, қарсы келмеді. Қарсы болса да ағамның ешкімді тыңдар түрі көрінбеген соң үндемеке барған болар.  Әрі қалап алған көк тайдың бұл уақытта аяғы ақсап, сирақтары сидиып, көктем-жазымен арбаға жегілген тұрқы тым жүдеу, әрі қабырғасы ырсиған арық  еді. Ағам болса: "Сирақтары ұзын, қамыс құлақ, түбі мықты айғыр болатын ат"-деп дегенінен қайтпай отырып алды.

Сол тайды қысымен баптаған ағам көктем шыға тұрпаты келіскен сүліктей жып-жылтыр атқа айналдырды. Жем-шөбі бейпіл болып, бабы келіскен соң да жабағы жүні түсіп, жүні жылтырап шыға келді. Жазға салым есік пен төрдей дәу көк қасқа айғыр болды. Тіпті көршіміздің өзі танымай таңдай қағатын. Ауыл-ауылда "Жартайдың баласы Нұрділдәнің Көкқасқасы" деген дақпырт желдей есті. Ағам көкпар десе жан беретін, атын естігеннен делебесі қозатын еді де, жақсы ит пен жүйрік ас десе ішкен асын жерге қоятын қазақи жігіт еді. Ол кезде малдың парқын білер мен бе, әйтеуір ағамның ер-тұрмандарын, ат әбзелдерін әшекейлеп жүргеніне қызыққаным болмаса, Көкқасқадан өзге қызығым жеткілікті еді.

Көкқасқа күннен күнге елдің аузынан түспей, ауыл-ауылдан атты қалап, құда түсушілердің де қарасы көбейді. Ондайға көне салар ағам ба, атын ештеңеге айырбастамайтынын айтып шорт кесетін.

Бірде тау асып, үйге бір бейтаныс кісі келіп түстенді.  Оның да қалауы - Көкқасқа еді. Ары-бері айналдырса да ағам көнбеді. Салы суға кеткен әлгі кісі амалсыздан үнсіз кеткен-тін. Араға апта салып қайта келді. Бұл жолы қас қарайғанша үйден шықпай отырып алды. Ақыры ағамды астындағы мініп келген Күрең айғырына буаз сиырын қосып берейін деп әзер көндірген құсайды. Ағамның қалай көнгеніне бәріміз таңбыз, алайда малды бағып-қағып, қарап жатқан өзі болғандықтан апам мен көкем ләм демеді. Әрі басқа бас астындағы айғырын берсе, буаз сиырын берсе неден ұтыламыз деген де болар.

Арада көп өтпей, буаз сиырын жетектеп, Қүрең айғырымен әлгі кісі қайта келді. Ағам атын қипақтап қанша қимаса да, берген уәдені бұзуға тағы болмайтынындықтан, амалсыз қос айғырдың ер-тұрманын ауыстырып қайта ерттеді. Тұрқы жағынан Көкқасқадан сәл ғана төмендеу болғаны болмаса, Күрең де көзге қораш ат емес-тін. Екі атқа ауысып мінген екеуі ауыл сыртына шығып кетті. Атын жетектетіп бере сауға қимады, білем, ағам сыртқа шыққан соң "жарысайыққа" басыпты. Кім жарыста соңында қалса, артқа бұрылып қарамастан кете беруге уағдаласқан екеуі атқа қамшы басады. Күртік қарды тұяғымен таптап, ә дегеннен оза шапқан Көкқасқа Күреңге шаң қаптырған күйі тауға кете барған.  Ағам болса ауылға дейін бетін тер жуғаны, не жас жуғаны белгісіз, түрі әлем тапырақ күйде оралды. Көпке дейін Көкқасқаны аузынан тастамай айтып жүрді, Күреңге көңілі толмайтынын сонысынан түсінетінбіз. Кейде өзін жұбатқансып: "Күрең де жаман ат емес, қарауы кем болған ғой" -дейтін. Арада ай өтер-өтпес сиырымыз бұзаулап, аузымыз аққа тиіп, Көкқасқа жайлы ағам ғана болмаса біз тіпті ұмытып та кеттік.

Тек көктем шыға жер бусанып, көк қылтия бастаған кездің таңында сыртта жүрген ағамның оқыс дауысын естіп, бәріміз сыртқа үрпиісе атып шықсақ, қораның есігінің алдында Көкқасқа кісінеп тұр екен. Өне бойы су тер, тіпті бас жібі сүйретіліп бос жатыр. Босанып кетіп, түнімен шауып отырып жеткен құсайды.

- О, жарықтық, жануар!-деді апам кемсеңдеп.

- Қайтқан малда қайыр бар!- деді көкем көзін сүрте теріс бұрылып. Мен болсам қуанғаннан жылап жібердім. Ағамда мүлдем ес жоқ, жалынан құшақтап, терін сүртіп, әбігер болып жүр. Күреңнің жанына әкелген кезде жануар жер тарпып, доқ көрсете кісінеді-ай кеп. Үйірге салған ба, Көкқасқа қайыстай тартылып, жүдеп қалыпты. Сонда да  мысы басып, Күрең  шатқаяқтай берді.

Арада үш күн өткенде ғана Көкқасқаны иесі іздеп келді. Ағам болса:

- Маған ренішіңіз жоқ шығар. Өз аяғымен алып кеттіңіз, өз аяғымен қайтып келді. Күреңді жылтыратып қойдым. Қайтқан малда қайыр бар деген қазақпыз, Күреңді бұзаулы сиырыңызбен қоса қайтып алыңыз!-деді. Екі сөзге келмеген қонақ Күреңді аса бір ризашылықпен мініп, бұзаулы сиырды жетекке алып, ауылдан ұзай берді. Аппақ бұзауды қимағаным болмаса бұл көрініке соншалық әсерлене қойғаным жоқ.  Қасыма таяп келген ағам:

- Көкқасқамның Қозыкүреңнен несі кем?!- деп масаттана қарады.

Салтанат Айдарбекова

ҚАЗАҚ ТАНЫМЫНДАҒЫ ЖЕЛ, ҚАР, БОРАН АТАУЛАРЫ
Қазақтарды құлдыққа сату процесі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу