Оңтүстікте СЭС шектен шықты

Oinet.kz 19-03-2019 948

     Screenshot_9.jpg

    Құзырлы органдар тарапынан биылғы бірінші жартыжылдыққа  арналған тексеру жоспарына 560 кәсіпкерлік нысан негізсіз енгізілген. Мұны  облыстық прокуратура арнайы тексеру барысында анықтады. Кәсіпкерлерге сұғын қадап, заңсыз тексерумен матап тастаған мекемелердің ең шектен шыққаны СЭС болып отыр. Өйткені жоғарыдағы 560 негізсіз тексерудің 451-і санитарлық эпидемиологиялық қадағалау орандарының үлесіне тиеді. Осыған орай прокурорлық ықпал ету актілерінің негізінде СЭС-тің  15 қала, аудандағы бірінші басшылары тәртіптік жауапкершіліке тартылды. Бұл мәліметтерді өткен аптада облыс прокурорының бірінші орынбасары И.Иманов пен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Ш.Жамалбектің кәсіпкерлерімен өткізген кездесуінде айтылды. 

Айталық, Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы 2011 жылы «Химфарм-Санто» АҚ-да 8 мәрте тексеру жүргізген. Тексеру барысында ешқандай заңбұзушылық анықталмаған. 

--Мұндай жағдайда қолданыстағы заңдарға сәйкес аталған кәсіпорынның тәуекел дәрежесі төмендетіліп, тексеру жоспарына енгізілмеуі тиіс еді. Алайда СЭС заңның бұл талаптарын өрескел бұзып, 2012 жылдың бірінші жартыжылдығының текскеру жоспарына кәсіпорынды негізсіз қайта енгізген,--дейді кездесуде баяндама жасаған облыстық прокуратураның басқарма бастығы М.Мошқалов.

Кәсіпкерлерге кедергі жасаушылардың қатарында аудан әкімдіктері, салық органдары да бар. Мәселен, Сайрам аудандық құрылыс бөлімінің шенеуніктері мердігер компанияға конкурстық құжаттама беруді негізсіз созбалаға салса, Шардара қаласы әкімінің орынбасары 7 кәсіпкерлік нысанға Шардара су қоймасының айналасын тиісті қорғау шараларын қамтамасыз ету жөнінде негізсіз тапсырма жүктеген. Прокурорлық шаралардың арқасында сайрамдық шенеуніктер тәртіптік жазаға ұсынылса, Шардара қаласы әкімінің орынбасарына 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған. 

Өкінішке қарай, кәсіпкерлерді заңсыз тексерудің алдын алу шаралары белсенді жүргізіліп жатқанына қарамастан кәсіпкерлер заңсыздықтар туралы арызданбай, үн-түнсіз қалғанды жөн көреді.  Олардың прокуратура орагандарымен қарым-қатынасы да төмен деңгейде. Осыған орай облыстық прокуратура кәсіпкерлерге заңсыз тексеру, әкімшіліктің негізсіз кедергілермен бетпе-бет келген жағдайда 54-01-88, 53-96-67 сенім телефондарына хабарласуларына болатынын ескертеді.  

Қалай десек те құқығы бұзылған кәсіпкерлердің құзырлы органдарға арызданбауының  астарында не жатыр? Арызының  нәтижесі оң шешілетініне сенбей ме, әлде «тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп құлағынан айрылыптының» кері келе ме деген қорқыныш па? Мұны айтып отырған себебіміз кәсіпкерлерді заңсыз тексерумен шұғылданып ең шектен шыққан СЭС саласындағы бірінші басшыларға шара қолдану тек тәртіптік жауапкершілікке тартумен шектелген. Ең шектен шыққанына қарамастан бүйтіп жеңіл жазамен құтыла салғандар ертеңгі күні өз құқығын қорғап арызданушыларды «кәне әділдік іздегенде не таптың?» деп одан әрі қысымға алуды, қудалауды күшейтіп жібермей ме? Бұған осы саланың басшысы Артур Әбдіразақов не дейді? Айтар уәжі болса тыңдауға, оқырманға жеткізуге әзірміз. 

Мұрағаттан, 24.05.2012 ж

Профессор Прескотт: «Мұнайдан түскен қаржының бір бөлігін әр қазақстандықтың депозитіне аудару керек
Момбек Әбдәкімұлы: «нәубет жылдары Оңтүстікте жарты миллиондай адам аштан қырылған»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу