Қожбан батыр туралы деректер

Oinet.kz 27-01-2020 986

Қожбан батыр Жұбанұлы (1873-1931) – тегі Кіші жүз, он екі ата Байұлының Алтын руынан, атақты Шұңғыр батырдың ұрпағы. Оған ауыл ақсақалдары мынандай міндет жүктеген.

1. Ә.Жангелдин басқарған мемлекеттік комиссиясының алдына қойылған 11 пункттен тұратын Жұмағазы Бәйімбетовтің талаптарын жүзеге асыру.

2.Қарақұм жеріне келген қызыл әскерге қарсы тұрып, жеңіске жеткенше күресу.

Батыр Қожбан хан өзіне кеңесші етіп Жаппас руынан торғайлық Махамбетов Әшірбекті, табын руынан тереңөзектік Рамазанқұлов Мірәліні және Алтын руынан қармақшылық Жанбосынов Қабылды тағайындаған. Сосын хан елден аңшылық мылтықтар жинатып, мергендерін қаруландырған. Сарбаздарының санын екі мыңға жеткізген. Кеңес өкіметі 1930 жылы тамыз айында оларға қарсы Біріккен Саяси Бас басқармасының оперативтік топтарымен қоса пулемет, винтовка және гранаталармен қаруланған арнайы дивизион жіберген.

Айта кеткен жөн, аталған шаруалар көтерілісін басуға қатысқан жазалаушы әскер бөлімдері де болғаны ресми құжаттардан белгілі. Олар: 8-атты әскер дивизиясының 43-ші, 44-ші және 45-ші атты әскер полктері, осы дивизияның байланыс мектебі, ұлттық атты әскер эскадроны, ОГПУ әскери отрядының 62-дивизионы, жеке байланыс эскадроны, атты-таулы батарея, атты-саперлік эскадрон, 8-атты-артиллериялық дивизион, 38-атты-артиллериялық дивизион,

Орта Азия әскери округінің радиостанциясы, химиялық бөлімі, Қарсақпай коммунистік отряды.

Бұлар таяқ, найза, шоқпар және жарым-жартылай аңшы мылтығымен қаруланған Қожбан ханның сарбаздарымен 1930 жылдың желтоқсан айына дейін Қарақұмда бірнеше рет ұрысқа түскен, 9 қызыл әскер өліп, 4-і жараланған. Сарбаздардың ішінде Сыр бойында белгілі әулет Сығай Алтын Созақбай батырдың баласы Қашақ мерген болған. Кейін ол ұсталып, 5 жылға бас бостандығынан айырылады. Сығай Алтын руынан шыққан Әбдіраман мерген де сонда болған. Бұл кісі қолға түскеннен кейін Қарауылтөбе ауылының маңайында атылады. Қожбан ханның 26 мергеннің 13-і Алтын руынан болған. Ең жасы Алтын Ізжан мерген болған. Оның ұрпақтары Жалағаш ауданының Далдабай ауылында тұрады.

Көтерілісшілердің кеңес әскерлерімен болған шешуші шайқас 1930 жылы 8-желтоқсанда Сарысу жерінде, Көжебай сайында болды. Көтерілісшілер күші тең емес ұрыста талқандалды. Қожбан батыр бастаған 24 көтерілісші алғаш қашып шықса да, көп кешікпей-ақ қолға түсті. Қарсыласу кезінде олардың 4-і өлтірілді. Осыдан кейін Сыр бойында болған көтеріліске қатысқан халықты жазалау басталды.

Тергеу ісі бойынша 400-ден аса адам қамауға алынған. Алдын-ала тергеу барысында 195 адамның қылмыстық әрекеті дәлелденбеген соң босатылған. Қалған 220 адам мемлекетке қарсы қылмыс жасады деп айыпталған. Тергеудің аяқталуына санаулы күн тағы 7-і адамды заңсыз жауапқа тартқан. Барлығы 227 адам соттан тыс Біріккен Саяси Бас басқармасының Үштігінің үкімімен 1930 жылы 19 қазанда жазаланған. Оның ішінде 118 адам ату жазасына кесілген, 108 адам бас бостандығынан айырылып, әр түрлі мерзімге концлагерьлерге жіберілген.

Әмірхан Бәкірұлының 1997 жылы шыққан «Мұстафа Шоқай» атты кітабында атылғандар тізімінде Айдар Алтын Медет батырдың баласы Сүйінқара батырдың інісі, елге беделді Шоңмұрын бай және оның ержүрек баласы Қайраш та бар.

Қарт Шоңмұрын бай 1930 жылы Қызылорда түрмесіне қамалғаны рас, бірақ атылған жоқ, өз өлімімен дүние салады, өйткені түрмеден әкесінің сүйегін алуға Қармақшыдан 1905 жылы туған Сақып деген баласы және оның досы, шөбере бауыры, құрдасы, атақты Уәлі бидің немересі Уәлиев Ахметбек Байұзақұлы (1905-1973) келіп, түрмеден Шоңмұрын байдың сүйегін алып, Қызылорда қаласына жерлейді.

Сақып пен Ахметбек бұл кезде 25 жастағы жігіттер болған. Неге Сақып Шоңмұрынұлы түрмедегі ағасы Қайраштың да сүйегін алып шықпаған? Жауабы – түрмеде атылғандарды бір жерге тастайды, олардың сүйегін туысқандарына бермейді, яғни Қайраш атылған, ал Шоңмұрын бай түрмеде қайтыс болғандықтан, ол кісінің де есімін атылған адамдардың тізіміне қосып жазған.

Бірақ Шоңмұрын бай түрмеде науқастанып қайтыс болған. Шоңмұрын байдың екінші баласы Сақып досы әрі шөбере бауыры Ахметбек Байұзақұлының үйіне соғып, Қызылорда қаласының түрмесінен әкесінің сүйегін алып шығуға кетіп бара жатқанын Ахметбек Байұзақұлының зайыбы Айымкүл Жүргенбайқызы (1911-1998) көрген.

Сақып Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза болады. Бес жылға сотталғандардың ішінде Уәлі бидің немересі Жосалыда қызметте болған Байзақов Әбдірәсіл бар. Ол Семей қаласына сотталып кеткен.

Сыр бойы сүлейлерінің арасында шоқтығы биік тұлғаның бірі – Айдар Алтын Сейітжан сал Бекшентайұлы (1874-1938) 1937 жылғы желтоқсанның 18-де қамалып, алдымен 10 жылға сотталады. Кейіннен ісі қайта қаралып, 1938 жылғы ақпанның 16-да атылады. Сейітжан сал 51 жылдан соң, 1989 жылы ақталып, өлеңдері баспасөз беттерінде жариялана бастады. [Т.Дайрабай. Сыр сүлейлері. Сейітжан ақын мен Жорықбай жырау. Алматы. «Арыс», 2006. – 7-б].

Кезінде «Алтын көтерілісі» деген күй де шыққан.

Сыр бойындағы ұлт-азаттық көтеріліске қатысқан қазақтың ардақты ұлдарының елі үшін, ар-намысы үшін жанын пида еткен ерліктері еш уақытта ұмытылмауы тиіс. Кейінгі жас ұрпақ қазақ деген намысшыл халық екенімізді, аталарымыздың нағыз батыр болғанын мақтан тұтуымыз керек.

Жылаған ата туралы аңыз
Рәбия Сұлтан бегім
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу