Есім Байболов. «Көкшетау» қалай туды!?

Oinet.kz 11-01-2020 604

Сәкен Сейфуллин.png

Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасы – сөзі жатық, тілі бай, көркем жазылған көлемді поэманың бірі.

Ақын бұл поэмасын үш жылдан артық уақыт жазды. Ол алдымен Бурабай курортында болып, Көкшетаудың табиғатын көзімен көрген. Сонымен қатар маңындағы ауылдарда болып, сол кездегі жасы үлкен қарияларға жолығып, олардың айтқан ертегі, әңгімелерін тыңдай отырып, поэма жазуға кіріскен.

1925 жылы Сәкен жаз айында Бурабайға келгенде, сол кезде Бурабай көлінің жағасында отыратын біздің үйге келіп, бір айдай болып, осы «Көкшетау» поэмасын жазуға кіріскені менің әлі есімде. Бір күні Сәкен мені қасына ертіп жүріп, Бурабайдың тау-тасын, ормандарын аралады. Аралағанда ол жай ғана тамашалап көріп қоймай, өзінің әсерлерін өлеңге айналдырып отырды, екеуміз бірде қайыққа мініп үлкен көлдің жиегін жағалап отырып, «Бөлектаудың» қасына келдік, қайығымызды шетке шығарып қойдық та тау басына шықтық. Бөлектаудың басынан Көкше аймағы тегіс көрінеді. Сәкен жан-жағына қарап тұрып, бір кезде даусын шығарып, әндете отырып, дәптеріне сөздер жазды:

Көз салсаң Көкшетаудың қай жағына

Айнала құлышын кең жайғанына

Қара орман, сумаң өзен, айдын көлдер

Сан өлке кіреді оның аймағына, -- деп, біраз кідіріп тұрды, содан соң тағы да:

Арқаның кербез сұлу Көкшетауы

Дамылсыз сұлу бетін жуған жауын.

Жан-жақтан ертелі-кеш бұлттар келіп,

Жүреді біліп кетіп есен-сауын, -- деп тоқтады. Маған қарап: -- Бала, қалай, осы өлең Көкшетаудың көркем келбетіне дәл келе ме? -- деп сұрады. Одан әрі Оқжетпестің қасына келіп тоқтадық. Сәкен Оқжетпеске қарап тұрып та бірнеше шумақ өлең жазды. Осы тұста Оқжетпестің басына қарай ұшып бара жатқан бір бүркітке көзі түскені есімде. Кейін ол да өлеңге қосылыпты:

Басына атсаң-дағы оғың жетпес,

Иіліп ешбір тауға тәжім етпес.

Сол шыңға жан шықпаған ұя салып,

Шаңқылдап қаршыға мен бүркіт кетпес....

Жекебатыр тауына қарай жүрді. Оның қасына келгенде Сәкен менен бұл тауды неге Жекебатыр деп қойғанын сұрады. Мен елден естіген әңгімемді айтып бердім.

Келесі күндері Сәкен екеуміз Жұмбақтастың үстіне шықтық. Сәкен менен: -- Осы маңда неше көл бар? -- деп сұрады. Мен оған Бурабай көлінен шығып бір көлден екінші көлге құятын бірнеше көлдердің аттарын айттым.

Кешке үйге келгенде, Сәкен есік алдына дөңгелек стол қойдырып, күндізгі әсерлерін қағазға түсіріп, өлеңдерін жинастырып, жөндеп, толықтырып отыратын еді. Ара-тұра жазып болғанын отырған кісілерге оқып беретін еді. Әрине, сол бетте, табанда шығарған өлеңдері тек қана бастауы болса, кейін толықтырып, ұзақ етіп жазатын.

Сәкеннің Бурабайдан кетуіне біраз күн қалғанда бірнеше жолдастары бар, тоқты-торым, қымыз-шарабымен Көкшетау, Атбасар көлеміне аты шыққан асқан әнші Ыбырай Сәкенді іздеп келіпті, Сәкен Ыбырайды жолдастарымен Оқжетпестің қасына апарып қой сойдырып, қымыз ішіп, ән салдырғанын жақсы білем.Сонда Ыбрайдың айтқан өлеңінен есімде қалғаны:

Отырмын Сәкенменен қия тыста,

Ыбрай, өнеріңді енді баста

Шырқайын сұлу әнді осы жерде,

Естісін ну қарағай, бұлбұл құс та, -деген шумақ еді. Ыбырайдың бұл өлеңі ұзақ еді. Есімде қалмапты. Кейін Сәкен Ыбырайдың әншілігін «Көкшетау» поэмасына қосып шығарыпты.

Осылармен қатар Сәкен өзінің «Көкшетау» поэмасын жазу үшін, Балуан Шолақтың, Біржан салдың туған жерлерін аралады, Степняк жаққа да барып, материалдар жинап қайтқан еді. Сол сапарында хандар мен қара бұқара арасындағы болған қақтығыс, талас, тартыстар тарихын да көп зерттеді. Кейін осы жүрген жерлерін, естіген әңгімелерін поэмасында бейнелеп айтқан. Әсіресе, жаңа өмірге бет алған қазақ ауылының тұрмысын жақсы суреттеген.

Сәкен «Көкшетау» поэмасын 1925 жылы бастап, 1928 жылы аяқтап, жеке кітап етіп бастырып шығарды.

(Сәкен Сейфуллин Музейі жариялаған екен)

Бастау (үрей мен үміт реквиемі)
Пушкиннің шөбересі - Сергей Борисович Пушкин туралы ақпарат
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу