Аю неден бәділ болды?

Oinet.kz 13-01-2020 1453

Аю.jpg

Әу баста аю бір диірменші адам еді. Бірақ ебедейсіз, тоң мойын, қызғаншақ болды. Ұнды шашып, бидайды басып жүре беретін. Ұны шашылып жатса да, аш-жалаңаш мүсәпірге бермейтін. Олардың көз жасын тоң мойыны күжірейіп көрмейтін. Қызғаншақтығы әбден асқынған кезде ұн сақтайтын қоймасын жердің астына тықты. Диірменіне жакындаған адамды себепсіз сабап жықты. Бір күні бал жеп отыр еді, кеседегі балына ара кеп қонды. Оның қызғанышы дереу қозып, жәндікке тап берді. Ара жалт берді. Ол қуалай жөнелді. Ара ұшып ұясына барды. Ұясын бір кедейдің шатырына салған еді. Диірменші қорбаңдап шатырдың үстіне шықты. Араның ұясын тауып, балын алмақшы болды. Аралар жабылып шаға бастады. Диірменшінің денесі іciп кетті. Арадан ышқына қашқанда салмағын шатыр көтере алмай, гүрс етіп ортасына құлады. Нәпақасын әзер тауып жүрген кедейге бұл апат ауыр тиді. Диірменшіден ақы сұрап еді, ол аямай соққыға жықты. Кедей жылап қалды. Құдай момынның ақысын жемейді деген. Құдіретімен денесі iciгeн диірменшіні бір түнде аюға айналдырып жіберді. Қорбанбай жүрісі, тон теріс мінезі, қызғаншақ кеселі, алпамсадай денесі бәрі аюдың реңіне келе қалды. Әлі күнге дейін араны қуалап, омарталарын аударып, төңкеріп, қопарып, қиратып бір шымшым балын іздеп жүреді екен.

«Шырағым! Шаруам қанша!» (Сүлеймен патша туралы)
Қолға су құю дәстүрі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу