Грейг қызғалдағы неге «Қызыл кітапқа» енді?

Oinet.kz 10-05-2021 3228

Screenshot_2.jpg

Түлкібас ауданына табан тіреген кез келген жан Ақсу-Жабағылыға соқпай кетпейді. Түлкібастың жерұйығы да, жәннаты да – осы. Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы – ­ең алғаш ашылған қорықтардың бірі. Ең қызығы, қорықты құру бастамасын көтерген ғалым, гидробиолог А.Бродский. Бұл жерге 1920 жылы алғаш рет ғалымның табаны тиген екен. Қорық теңіз деңгейінен 1300 метрден 4200 метрге дейінгі биіктіктегі таулы аймақты алып жатыр. Бұл жерден жоғалып бара жатқан сирек кездесетін жан-жануарларды, «Қызыл кітапқа» енгізілген өсімдіктерді тамашалай аласыз. Ақсу-Жабағылының емдік қасиеті мол, тау ауасы, қарасаң көз тоймайтын ерекше табиғаты, бұлақ сулары, өсімдіктер мен жануарлар әлемі ерекше сезімге бөлейді. Әрі бұл қорықтан Африканың, Орталық Азия елдерінде кездесетін жан-жануарларды табасыз. Өсімдіктер әлемі өте бай. Емдік қасиеттері мол дәрілік шөптерді де қорықтан кездестіруге болады.

Қорықтың ең басты символы – грейг қызғалдағы. Кәдуілгі таудың жабайы қызғалдағы. Оның неге Грейг атауын иемденгені тарихи деректерден белгілі. Бүгінде грейг қызғалдағы Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Табиғат жанашырлары қызғалдақтың жойылып кету қаупі бар екенін айтып, жиі мәселе көтеріп жүр. Қорықтағы ең көп өсетін гүлдердің бірі – осы қызғалдақ. Жылына бір-ақ рет небәрі 10-15 күн ғана гүлдейтін қызғалдақтар көктем келіп, тіршілік жаңарған тұста бүкіл алқапты қызыл кілемге орандырады. Қызғалдақпен көмкерілген төбешіктер көрген жұртты да есінен тандырады. Қызғалдақтың да тарихы қызық. Жергілікті жұрт жиі айтатын аңыз-әңгіменің бірі – жаугершілік замандарда бабаларымыздың қаны тамған жерге кейін қып-қызыл қызғалдақтар жайқалып шыққан деседі. Қан майданда төгілген қызғылт дақтар қызғалдаққа айналыпты. 

Грейг қызғалдағын «жауқазындар королі» деп те атайды. Бұл гүлдер Қаратау, Алатаумен шектесіп жатқан Қазығұрт, Төлеби, Түлкібас, Бәйдібек өңірлеріндегі таулы аймақтарда жиі кездеседі. Бокал тәрізді гүлінің ұзындығы 8 сантиметрге дейін жетеді. Әрі жапырақтары да өте ірі. Қызғалдақтың негізгі отаны Қазақстан екенін әлем ғалымдары мойындап қойған. Ғалымдардың айтуынша, қызғалдақтың тұқымы Ұлы Жібек жолы арқылы Қазақ­станнан Түркияға, одан ары қарай Голландияға жеткен секілді. Табиғаттың өзі сыйлаған қызғалдақтар бүгінде Голландияда өсіріліп, өзімізге экспортпен қайта келіп жатыр. Ендігі қорқыныш – жабайы қызғалдақты жоғалтып алмаймыз ба? Келешекте грейг қызғалдақ­тарының тұқымы жоғалып кетсе, не істейміз? Мамандар қызғалдақтарды түбімен қазып алып, сатып пайда таппақ болғандардың кесірінен гүл падишасы мүлдем жойылып кете ме деп қауіптенеді. Ақсу-Жабағылы қорығы – өсімдіктерге өте бай. Одан бөлек қорықта 11 түрлі жорғалаушылар мен 3 түрлі амбифия бар. Оның үш түрі Қазақстанның «Қызыл кіта­бы­на» енген. Қар барысы, Менэбир суыры және қазіргі кезде жоғалудың аз-алдында тұрған арқардың эндемиялық түрі сирек кездеседі.

Мұхаммед Әлидің қыздарына айтқан өсиеті
Өз Отаны жоқ ұлттар қалай өмір сүруде?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу