Өз Отаны жоқ ұлттар қалай өмір сүруде?

Oinet.kz 10-05-2021 2471

Кейінгі кездері ел, жер туралы әңгіме жиілеп тұр. Әрине, өз жері болмаса, ел де, мемлекет те жоқ. Біздің ата-бабаларымыз ұлан-байтақ Қазақ жерін жаудан қорғап, мемлекет құрған, сол мемлекетті аяғына нық тұрғызып, ұрпағына мирас ету үшін небір тар жол, тайғақ кешулерді бастан өткерген.

Қазақтың тіпті ұлт ретінде жер бетінен жойылып кете жаздаған кездері де болған. Мұны әрбір қазақ жадында сақтауы тиіс.

Ал жер бетінде қазір өз тілі, мәдениеті, өзгеден ерекшелейтін әдет-ғұрыптары болғанымен өз мемлекеті жоқ ұлттар да аз емес. Біз бүгін осындай бірнеше ұлттар жөнінде айтпақпыз.

Сығандар.jpg

Сығандар

Сығандарды Отаны жоқ, өз тарихында мемлекет құрмаған ұлт ретінде атауға болады. Ғалымдардың зерттеу нәтижелеріне қарағанда, олардың бабалары біздің дәуіріміздің 1-ші ғасырында Үндістан жерінен көшкен көрінеді. Олардың тілі ежелгі үнді-парсы тілдерінің бір тармағына жатады. Әу баста олар 1 мың қаралы адам болған деген болжам бар.

Сығандар алғашында Персия, Мысыр елдерінде тұрыпты, кейін Византия империясына да өткен. Тарихтың түрлі кезеңдерінде ел аралап, көшіп-қонып жүріп олар дүние жүзіне таралған. Кейбір кезеңдерде олар бірқатар елдерде аяусыз қуғынға ұшыратылған. Екінші Дүниежүзілік соғыстың кезінде Орталық және Шығыс Еуропада 1,5 миллионға жуық сығандар қырылған деген мәлімет бар. Соғыс кезінде Қырым түбегіндегі сығандар да депортацияға ұшырап, Сібірге жер аударылған. КСРО-да 1956 жылы сығандарды отырықшылыққа бейімдеу жөнінде арнайы Жарлық шығарылып, оларды белгілі бір жерлерге орналастыру мақсатында әрекеттер жасалған. Бір жерде тұрақтап отыра алмайтын қасиет қанында бар сығандарды арнайы Жарлық та тоқтата алмапты, сондықтан тәртіп бұзғандарды 5 жылға түрмеге жауып та отырыпты.

Осы бір өзгеше ұлт өкілдері бүгінде әлемнің Антарктидадан басқа барлық құрлықтарында өмір сүріп жатыр. Олар Евразия, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Австралия, Африка материктерінің бәрінде де бар. Олардың саны қазір  5 миллион мен 10 миллионның арасында деп айтылады. Олардың ең көбі, 1 миллионнан астамы бүгінде АҚШ-та тұрады. Олар өздерінің тұрғылықты жерінің ерекшелігіне қарай әртүрлі дін мен діни ағымдарды ұстанады. Сығандардың ішінде мұсылман, православ, католик дінін қабылдағандар да бар.

Орта Азияға сығандар кеңестік кезеңде келе бастапты. Оларды мұнда «люли», «лолы», «долы» деп атайды. Кей деректерге қарағанда, біздің елімізде де бүгінде 5 мыңдай сыған ұлтының өкілдері өмір сүріп жатыр.

Осыдан тура жарты ғасыр бұрын, 1971 жылы  Ұлыбританияда Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында дүние жүзі сығандарының Бүкіләлемдік конгресі өткен. Сонда олардың елдік Әнұраны мен Туы қабылданған. Олардың жартылай көк, жартылай жасыл түспен боялған туының ортасында өздері қысы-жазы көшкенде қолданатын арбаның дөңгелегінің суреті салынған. Осы жиында «Халықаралық сығандар күні» деп аталатын арнайы дата бекітілген. Ол жыл сайын 8-сәуір күні аталып өтеді. Бұл күні түрлі концерттер, тұсаукесерлер, фестивальдер өткізіледі.

Күрдтер

Күрд ұлтының да өз тәуелсіз мемлекеті жоқ. Бүгінде олардың жалпы саны 20 миллионнан 40 миллионға дейін жетеді деп есептеледі. Осынша халықтың басым бөлігі төрт мемлекеттің бірқатар жерлерін алып жатқан Күрдістан өңірінде мекендейді. Атап айтқанда, Күрдістан жері қазіргі Түркия, Иран, Ирак және Сирия аумақтарына кіреді. Олар: тиісінше, Солтүстік, Шығыс, Оңтүстік және Батыс Күрдістан. Осының ішінде күрділер Солтүстік Күрдістанда, яғни Түркия аумағында көп, 20 миллион адамға дейін жетеді. Сондықтан олардың мұндағы автономия алмақ әрекеті күшті, ұзақ жылдардан бері сол үшін күресіп жүр, осы орайда үкімет күштерімен бірнеше мәрте қарулы қақтығыстарға барған. Батыс елдерінің де Түркиядан күрдтерге автономия беруді талап еткен кездері болған. Дегенмен Түркия оларға автономия беретіндей ыңғай байқатпай отыр.

2017 жылы Ирактағы Оңтүстік Күрдістан халқы (9 миллион адамға жуық) референдум өткізген, сосын өз тәуелсіздігін жарияламақ болған. Бірақ Ирак оны басып тастады. Жалпы, осыған ұқсас әрекеттер Иран мен Сирияда да болып тұрады, күрдтер ең болмағанда автономия алуды армандайды.

Палестиналық арабтар

Бүгінде палестиналық арабтардың саны 13 миллиондай адам. Оның 4 миллионнан астамы ғана  бүгінде «Палестина ұлттық әкімшілігі» деп аталатын аумақта тұрады. Басқалары шекаралас араб мемлекеттері мен басқа да бірқатар елдерді мекендейді. Біріккен Ұлттар ұйымы 1988 жылы Палестина мемлекетін құру жөнінде шешкен. Дегенмен оны мойындайтын да, мойындамайтын да елдер бар. Мойындамайтындардың ең бастысы – Израиль. Осы Израиль де Палестина жерінде 1948 жылы құрылған. Еврейлердің ежелгі Иудея патшалығы түрлі шапқыншылықтардан құлаған соң олар 20 ғасырдай уақыт отансыз жүрген еді. Осыда 72 жыл бұрын олар өз тәуелсіз мемлекетін құрды, содан бері Палестина жерінде арабтар мен еврейлердің арасында қақтығыстар жиі болып келеді.

Сикхтар

Қазіргі Үндістанның Пенджаб штатында, елдің солтүстік-батыс аумақтарында сикх деп аталатын ұлт мекендейді. Олардың жапы саны 30 миллионға дейін жетеді. Кезінде олардың да өз тәуелсіз мемлекеті болған, оны ХVIII ғасырда ағылшын отарлаушылары құлатқан. Осы сикхтар да «Халистан» атты мемлекет құрмақ болып, Үндістаннан тәуелсіздік талап етіп жүр, олар түрлі лаңкестік әрекеттер де жасаған.

Тамильдер

Өз алдына мемлекет құрғысы келетін тағы бір ұлт бар. Олар – тамильдер. Жалпы саны 77 миллион адамды құрайды. Олар Үндістанда, Шри-Ланкада, тағы басқа аумақтас елдерде тұрады. Бүгінде шриланкалық тамильдер өз мемлекетін құру жолында күрес жүргізіп жатыр. Олардың «Тамил-илама» атты ұйымдары бар, көп елдер оны лаңкестік ұйым деп таниды.

Каталондықтар

Қазіргі Испанияның Каталония өңірінің тұрғындары да (8 миллиондай адам) өздерін испан санамайды, тілі, мәдениеті бөлек ұлттармыз деп, өздерін олардан бөлек ұстайды. Соңғы бірер жылдың ішінде ғана олар бірнеше мәрте сепаратистік әрекеттер жасады. 2017 жылы  жалпыхалықтық референдум өткізіп, тұрғындарының басым бөлігі өз алдына тәуелсіз ел болуды жақтап дауыс берді. Испан билігі басшыларына қарсы репрессиялық шаралар жүргізу арқылы ғана оларды бөлініп кетуден әзер тоқтатып отыр.

Баскілер

Бұлар да Испания мен Францияның құрамынан шығып, өз алдына тәуелсіз ел болуды көксеп жүр. Испанияда 3 миллиондай, Францияда 1 миллионға жуық баскілер бар. Жалпы алғанда, олардың саны 15 миллион адамды шамалайтын көрінеді, көбі бүгінде Латын Америкасы елдерінде тұрады. Баскілердің «ЭТА» деп аталатын ұйымы бар, ол да халықаралық деңгейде лаңкестік ұйым деп танылған.

Тибеттіктер

Тибеттіктердің саны 4 миллиондай адам. Олардың да кезінде өз мемлекеті болған. Тибетті 1951 жылы Қытай басып алған. Тибеттің қуғындағы үкіметі бүгінде Үндістанда тұрып жатыр. Олар да Қытайдан тәуелсіздік алып, өз алдына дербес мемлекет болғысы келеді.

Ұйғырлар

Бауырлас ұйғыр халқы да өздерінің тарихи жерінде отырғанымен Қытайға тәуелді. Ұйғырлардың жалпы саны қазір 13 миллиондай адам. Кезінде олардың да өз алдына мемлекеті болған, ұйғырлар өз тарихында бірнеше мәрте мемлекет құрған. Бірақ түрлі жаугершілік соғыстар кезінде ол мемлекеттер жойылып кеткен. Олар құрған ең соңғы мемлекет – Шығыс Түркістан республикасын қытайлар 1949 жылы құлатты. Ұйғырлар да Қытайдан тәуелсіздік алуды армандайды, осы мақсат жолында түрлі әрекеттер де жасалған.

Шотландықтар мен Солтүстік ирландтар

Бүгінде бұл екеуі Ұлыбританиядан тәуелсіздігін алмақ ниетте. Бұлардың екеуінің де әрқайсысының тиісінше 5 миллиондай халқы бар. Шотландияда 2014 жылы референдум өткізілген, халықтың басым бөлігі тәуелсіздік алуды қолдап шыққан. Мұндай референдум биыл тағы да өткізілмек. Яғни Шотландияның Ұлыбританиядан бөлініп кетуі әбден мүмкін сияқты. Солтүстік Ирландияда да сепаратистер әрекеті күшті, олар Ирландия республикасына қосылуды қалайды.

…Біз бұл жерде халқы бірнеше миллион адамды құрайтын ірі ұлттар жөнінде ғана айтып отырмыз. Осылардың ішінде қанына көшпелі өмір салты сіңгендіктен әлемге таралып кеткен сығандардан басқасы негізінен өз бабалары мекендеген жерлерде отыр. Бірақ тарихтың түрлі кезеңдерінде, түрлі жағдайларда олар өзге мемлекеттің табанына түсіп қалған. Ал ғасырлар бойы елге келген жаумен жағаласып, ұлан-байтақ жерін қорғаған, Жұбан ақын айтқандай «мың өліп, мың тірілген» қазақтың бағына тәуелсіз ел болуды бұйыртқан екен, сол тәуелсіздік мәңгілік болғай!

"Замана" газеті

Грейг қызғалдағы неге «Қызыл кітапқа» енді?
Бауыржан Момышұлы әйгілі Микоянды орнына қалай қойды?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу