Ақ самаурынның түбі неге тесілді?

Oinet.kz 21-10-2022 2719

Бала кезімде кіші інім Досболдың мінезі қызық еді. Әжеме қатты «табынатын». Былайша айтқанда, ол кісіден қатты қорқатын. Әрине, өзіміз де әжеміздің алдында батыр болдық деп айта алмаймын. 

Screenshot_14.jpg

Келін жұмсап, қолын жылы суға малып отыратын шағында шиеттей жас баланың ортасында жалғыз қалдырып, солардың түпсіз тірлігіне амалсыз көндіріп қойған тағдырына ренжи ме, әлде, сол кездегі жоқшылық заманға нали ма, әйтеуір бізге тым қатал еді. Түрі де сұстылау, бізді қабағымен-ақ зыр жүгіртіп жіберетін. Әлі күнге жақын ағайындар оны сыртынан «сот, прокурор әже» деп айтып отырады. 

Сол Досбол әжемді ашуландырмаудың бар амалын жасайтын. Мұны енді қулық десе де болады. Таңертең әжем: «Тұрасыңдар ма, жоқ па?» деп бір айқайлағанда-ақ орнымыздан атып-атып тұрамыз. Әрине, әжем әскердегідей сіріңке жағып, неше секөнтте киінетініңді есептеп тұрмайды. Бірақ әжем айқайламай тұрып, бөлме есігі сарт етіп ашылғанынан-ақ орнынан атып тұрып, асығыс киінген Досболдың қимылына бір сіріңке шиінің жанып бітуі тым ұзақ болатын. 

Шай үстінде әжем көңілсіз көрінсе, Досбол сол күні құмшекерге қол созбай-ақ қоя салады. Өйткені, «неғып көп саласың?» деп, әжемнің аяқ астынан ашуланып қалуы мүмкін. Ал ол кісі көңілденсе, одан өткен мейірімді жан жоқ. Әрине, Досболдың «еңбегі» де жеміссіз емес еді. Әжем көбінесе соны мақтайды. Соның істеген тірлігіне ғана көңілі толады. Біз қораны бір күнде екі мәрте сыпырсақ та, әйтеуір, кемшілік табатын. 

Жаздың күні тура түстің кезінде теледидардан жақсы кинолар басталады. Жаңа ғана бақшадан оралып, қолымыздағы кетпен-күректі ошақ тамның жанына лақтырып тастап, теледидардың алдына жайғасқанбыз. Сырттан әжемнің айқайы естілді. «Біреулерің самаурын қойыңдар, біреулерің бұзауды суғарып, жылжытып келіңдер» деген. Алғашында киноның қызығымен мән бере қоймаппыз. Орнынан лып етіп тұрып кеткен Досбол сол екі ортада самаурынды «ұштандырып» үлгеріпті. 

«Әже, мен самаурын қойып жатырмын», деп мұрнын бір тартып қояды. Мұнысы енді таза қулық. Самаурын қою оп-оңай. Отын бар. Самаурын есіктің алдында тұр. Шығасың да отын саласың, қайтып кіресің. Тірлігің де жүріп жатыр, әрі көріп отырған киноңды да үзбейсің. Ал бұзауға бару үшін сонау қырға салпақтайсың. Екі ортада өзен бар. Балағыңды түріп оны кешіп өтуің керек... Досболдың қулығына біз көнеміз бе? Жүгіріп далаға шықтым да, мен де самаурынға отын салдым. Тамның көлеңкесінде жүн түтіп отырған әжем көрсін деп әдейі отынды асықпай, баппен салдым. Артынша: «Бұзауға өздерің барыңдар, мен шаршап тұрмын», - деп інім Бақыт кетті самаурынға. 

Содан үшеуміз кезек-кезек далаға жүгіріп шығамыз да, самаурынның оттығына ағашты үйіп саламыз ғой. Тағы Досбол астын шұқылап, үрлеп қоятынын қайтерсіз... Неге екенін қайдам, сол күні ақ самаурын отынды күндегіден көп «жеді». Салып жатырмыз, салып жатырмыз, қақпағындағы тесіктен бу бұрқ етіп, еш қайнамайды. Бір жүгіріп шыққанымда «осының суы ысыды ма екен өзі?» деп шүмегін бұрап қалмаймын ба! «Күйіп қала ма?» деп ыстықтан ала қашып тұрған қолыма тамшы су тамбады. Жүрегім тас төбеме шықты. Жалт қарап едім, абырой болғанда әжем орнында жоқ екен. Дереу екеуін шақырдым. 

Ақ самаурынның қақпағын ашып қалғанда алдымен бетімізге ұрғаны ыстық леп болды. Қолымызды тез-тез желпіп, ішіне үңіліп ек, көзімізге су емес, сақырлап құлап жатқан аппақ қақ көрінді. Самаурынға су құюды тарс ұмытып кетіппіз. Дереу су құйдық. Тесіліп қалыпты, астынан жерге сыздықтап аққан су бірте-бірте жыланбастанып созылып, аяғымыздың астына келді. Үшеуміз де состиып-состиып тұрмыз. 

Осы кезде Досбол «Қой, мен бұзауға кеттім» деп қолын сілтеді де, тоғай жаққа жүгіре жөнелді. 

Аздан кейін үшеуміз үш жолмен бұзау жаққа қарай зытып бара жаттық...

Оралхан Дәуіт

"Ақ самаурын"

Жалғыз баласының жаназасында көпшілікке көңіл айтқан әке
Күйеу бала неге төрге шығып, бата бермейді?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу