Тұлпарды тезегінен таныған Қанай

Oinet.kz 21-10-2022 506

Күндердің бірінде қазақтың атақты атбегі әрі сыншысы Толыбай қайтыс болып, оның енді ғана он жасқа толған Қанай деген ұлы бір байға малай болып, жылқы бағып жүргенде, елдеріне жау шауып, қаршадай Қанайды жау қалың жылқымен бірге байлап алып кетеді. Сөйтіп сыншының баласы жау қолына түседі.

Screenshot_1.jpg

Қараған деген хан оған қозы бақтырып қояды. Қаршадай Қанайдың ел-жұртымен туған жеріне деген сағынышына ауыр азап пен ащы таяқ қосылып, оның көз жасын көл қылады. Қайғы-қасіретпен бір жыл өте шығады.

Бір күні таңертең Қанай қозысын өріске айдап бара жатып, жылқының бір қу басын тауып алады. Байқап қараса, ол тұлпардың басы екен. Қанай тұлпардың басын таныған заманда-ақ сыншы әкесі есіне түсіп, басты құшақтай алып:

– Зарлаттың жастай Тәңірім,

Осылай ма еді әмірің?

Қу басын көріп тұлпардың,

Езілді өкпе-бауырым.

Сені тұлпар басы деп,

Кім айтады, дүние-ай!

Мені сыншы ұлы деп,

Кім таниды, дүние-ай! – деп зарлай жөнеледі. Дәл сол кезде бір топ нөкерімен аңға кетіп бара жатқан хан атының басын тартып:

– Әй, бала, қу басты құшақтап неғып жылап отырсың? Айтшы, құшақтап отырғаның ненің басы? – дейді.

Бала көзінің жасын жеңімен сүртіп:

– Бұл тұлпардың басы. Осы ­басты көріп, әкем есіме түсіп, жылап отырмын – дейді. Хан таңданып: – Тұлпардың басы екенін қайдан білдің? – дейді. Қанай:

– Әкем жылқының сырын бес саусағындай қанық білетін сыншы, тұлпардың сүйегінен танитын жылқы маманы еді. Мен сол кісінің ұлы болсам, тұлпардың басын қалайша танымаймын? – дейді. Хан ентелеп:

– Олай болғанда, тірі жылқылардың қасиетін де білетін болдың ғой. Маған тұлпар таңдап бере аласың ба?

Қанай басын изеп:

– Жақсы білемін. Тұлпар болса, бір қарап танимын, – дейді. Хан біраз ойланып тұрып:

– Әкең кім еді? – дейді. Қанай:

– Әкем қазақтың атақты ат сыншысы Толыбай деген кісі еді, – деп жауап береді. Хан қуанып кетеді. Аңға бару райынан қайтып, нөкерлеріне:

– Мына баланы жақсылап киіндіріп, астына бір жақсы ат беріп осында алып келіңдер. Өзіме қарасты жылқыларды түгел аралатып, тұлпар таңдатамын, – деп бұйырады. Нөкерлері баланы ауылға апарып киіндіріп, астына ат беріп, ханның қасына алып келеді. Хан Қанайды ертіп алып бірнеше күн жылқы аралайды. Бір жерге барғанда неше мың жылқының ішінен бір қара атты ұстатып алады да, оның көзіне қарап, алқымын ұстап, ауыз, мойын, қолтық, тізе, бақай, тұяқ, табанына дейін мұхият көріп шығады. Кейбір мүшелерін өлшеп, екіншібір мүшесімен салыстырады. Тағы бір жерге барғанда, бір топ жылқының ішінде жалғыз өзі асыр салып жүрген бір сары тайды ұстатып алып жіліншігін қарыстап, мойнын өлшеп, олай-бұлай бұрып тексереді. Қасында жүрген нөкерлер қалай екен десе: «Жүйріктің мойны былқылдақ болады, сигенде керіліп тұрып сиеді, тышқанда үздік-создық тышпай, тезегін бір жолда бір-ақ ­тастайды, қазірше, мен көрген жылқылар ішінде осы екеуінен озатын жүйрік жылқы жоқ» дейді. Қуанышы қойнына симаған хан:

– Бұл екеуі неше жылдан бері бәйге бермей жүрген Мошанның күрең аты мен Қаленнің қара атынан оза ала ма? – деп сұрайды. Қанай оған:

– Ол аттарды мен көргенім жоқ қой. Егер ол аттарды көрсем, қайсыларының озатынын деп басып айтып берер едім, бүгін сонша көп жылқы көрсем де көзіме бір тұлпар түспеді, – дейді. Хан басын изеп:

– Тұлпарды бір көргенде-ақ танисың ба? – дейді. Қанай:

– Жал-құйрығын отап, арықтатып, қу тулақ қып тастаса да танимын, – дейді берік сеніммен. Қанайдың сөзі ханға ой салады. Ол қалайда, бір тұлпар табуға бекиді де өзіне қарасты елдерге:

– Жылқы атаулыларын түгел жиып әзірлік көріп тұрсын. Жиналмаған бірде-бір жылқы баласы қалмасын, жылқысы толық жиналмағандар ауыр жазаланады, – деп жарлық шығарады. Сөйтіп хан қасына Қанайды ертіп алып өзіне тәуелді елдің жылқысын түгел аралап шығады. Бірақ тұлпар табылмайды. Тұлпар табудан үміті үзілген хан еліне қайтады. Бір жерге келгенде сылдырап ағып жатқан бір шағын өзеннің бойына түсіп, аттарын байлап, өздері ағаш саяларында демалып отырады. Бір кезде Қанайдың алдынан иттің басындай үлкен аттың жас тезегі ағып өте беріпті. Оны көзі шалып қалған Қанай орнынан атып тұрып, суға етігімен қарғып түсіп, жас тезекті алып шығып:

– Сүйінші, хан алдияр, сүйінші! Тұлпар табылды, – дейді. Хан таңданып:

– Мұнда қайдағы тұлпар? – дейді. Қанай қолындағы жылқының жас тезегін көрсетіп:

– Міне, хан алдияр. Мынау осы қазір ғана тасталған тұлпардың тезегі. Осы судың жоғарғы жағында тұрған болу керек, – дейді. Хан оған сенбей:

– Әй, байғұс-ау, оның не ерекшелігі бар? Оның бәрі бір жылқының жас тезегі ғой. Қанай ханға таяй түсіп:

– Бұл нақ тұлпардың тезегі. Тұлпардың қаса сүйегі кең, ішегі жуан болатындықтан, мынадай жуан, мынадай үлкентезекті әдеттегі жылқылар тастай алмайды, – деп қос шеңгеліндегі тезекті жерге тастағанда, тезек бөлінбей, алып құмырсқаның илеуіндей болып төңкеріліп түсіпті.

– Міне, бұл нағыз тұлпардың тезегі, тұлпарлар тезегін әдеттегі жылқылар секілді бөліп-бөліп тастамай, дәл осылай бірақ тастайды, – дейді Қанай. Хан орнынан атып тұрып:

– Ал тез тұрып өзенді өрлеңдер, суда үйездеп тұрған тұлпар болса ұстап алайық, – деп нөкерлерін ертіп суды өрлейді. Оларға жылқы кездеспейді. Бір жерге барғанда су бойында демалып жатқан арбалы саудагерге кездеседі. Қанай:

– Табылды. Табылды! – деп ханның қасына жүгіріп барады – Әне, хан алдияр, анау арбада жегулі тұрған арық көкшұбар тұлпар дәл сол, – деп қуанып сала береді. Хан нөкерлеріне сыр бермеңдер деп қойып, өзі саудагерлермен сөйлеседі.

– Мына арық көкшұбар атты сатасыздар ма?

– Сатамыз, сатамыз. Бұл өзі арық болғанымен үш-төрт аттың жүгін жалғыз тартатын күшті ат еді. Бүгін аяғына шеге кіріп ақсап қалды. Орнына үлкен бір ат берсеңіз, берейік, – дейді саудагерлер.

– Онда мына біздің аттардың ішінен таңдаған біреуін алыңдар, – деп хан саудагерге бір ат беріп, көкшұбарды ақсаңдатып алып қайтады. Хан үйіне барған соң, көкшұбарды Қанайдың баптауына береді. Қанай жылқыдан, төрт арық ат алдырып, көкшұбармен бірге бағады. Әкесінен көргені бойынша бес атты күндіз-түні мәпелеп бағып, әбден семіртеді. Бір күні Қанай ханға барып:

– Хан алдияр, көкшұбармен бірге баққан төрт аттың бірін сойғызыңыз, жілік майын көрейін, – дейді. Хан нөкерлеріне бір атты алдырып сойғызады. Қанай оның жілігін шағып көрсе, жілік майы қара ала екен.Оны көрген Қанай:

– Хан алдияр, көкшұбарыңыздың жілік майы да дәл осындай қара ала екен. Бұл тұлпарыңыздың әлі толмағандығының белгісі, – дейді де көкшұбар тұлпарды баптап баға береді. Көкшұбар тұлпар күн сайын құлпырып, көркіне көз тоймайтын болады.

Арада алты ай өткенде екінші атты сойғызып, жілік майын көрсе, майы және де қара ала екен. Тоғыз ай болғанда, үшінші атты сойғызып көрсе, жілік майы және де толық ағармапты. Дәл он екі ай өткенде төртінші атты сойғызып, жілік майын көрсе, кемігіне дейін ағарған екен. Сонымен Қанай Көкшұбар тұлпарды ұстап жаратуға кіріседі. Алдымен үш күн арқандап қояды. Онан соң әр күні кеште олай-былай жетелеп бусандырып, түнімен таң асырып қояды да, таңертең күн қызғанша жайылтып, онан соң азырақ терлетіп таң асырады. Осылайша күндіз азырақ жайылтып, кеште терлетіп, түнде байлаумен он бес күнді өткізеді. Он бес күннен соң мініп терлетіп, суытып жүріп тағы он бес күнді өткізеді. Онан тағы да екі ай жылқышылармен бірге жылқы бағып өткізеді. Көкшұбар тұлпар әбден жарайды. Күндердің бірінде көрші елдің ханы ат шаптырып ұлы дүбір той өткізеді екен, бәйгеге 500 жылқы тігіпті деген хабар келеді. Қараған хан жүз жолдасын ертіп, Көкшұбар тұлпарын жетелеп сол тойға барыпты. Тойда 5000 ат қосылған ат шабыс болыпты. Атшабыс аралығы 200 шақырым болғандықтан ат айдаушылар аттарды бір күн бұрын айдап кетіпті. Қанай Көкшұбар тұлпарға өзі мініпті. Екі дағар, бір арқан, тағы бір бұрау алыпты. Кетерінде ханға:

– Хан алдияр, жігіттеріңіз сақ тұрсын. Көкшұбар сөзсіз алдымен келеді. Жігіттеріңіз ұстап тоқтатпаса, мұны тоқтатуға менің шамам келмейді. Ең абзалы екі мықты діңгек орнатып, жеті қабат керме керіп қойсын, – деп кетіпті. Ат айдаушылар шабандоздарды межелі жерге апарып қондырып, ертесі ерте тұрғызып, жарыстырып қоя беріпті. Сыншының баласы Қанай астына екі дағар құмды теңдеп, шапқанда қопаңдамауы үшін арқанмен тартып байлап, бұрау салып алады да, жел жаққа шығып алып, Көкшұбар тұлпарын қоя береді. Бір кезде тұлпары қызып, терлей бастайды. Қызған сайын адымы ашылып, қатарындағы аттардан бір-бірлеп оза бастайды. Қанай астындағы дағардың үстіңгі жағын тесіп қояды. Тұлпар шапқан сайын құм бұрқылдап төгіліп, тұлпардың қарқыны үдей түседі. Бір кезде тұяғы әбден қызып, құстай ұшады. Қанай арқанды қиып жібереді. Құм салған дағар түсіп қалады, Көкшұбар тұлпар жебедей ысқырып, ат біткеннің бәрін басып озып, бәйгеден жалғыз өзі келеді. Ханның нөкерлері Көкшұбар тұлпарды керген арқанға тартып жүріп әрең тоқтатады. Сөйтіп хан 500 жылқы бәйге алып, асып-тасып қайтады.Ауылға келген соң, сыншының баласы Көкшұбар тұлпарды қандырып суармай, жарытып жайылтпай байлап тастайды, тұлпарға жаны ашыған хан, сыншының баласынан:

– Әй, Қанай, мына тұлпарды неге суға қандырып, шөпке тойдырмай байлап тастадың? – деп сұрайды. Қанай күліп:

– Тұлпарыңызды суға қандырмаған себебім, қатты қиналған ат бір жолда суды қанып ішетін болса, денесі босап, ажары қайтады да, қайта оңалмай, жүнін тастайды. Тойғызбаған себебім, қиналған аттың ішегі босап-балбырап тұратындықтан ас қорыту қабілеті төмен болады. Егер осындай күйде тойындырып жіберсек, ат дертке шалдығып, екінші бәйгеге қосуға жарамай қалады, сондықтан мұны үш күннен соң суға қандырып, бидайды сүтке бөрттіріп аз-аздан тойындырамын, – дейді.

Бала ел-жұртын сағынады. Бір күні көк төбеге шығып, кеңес құрып отырған ханның қасына Көкшұбар тұлпарды мініп келіп:

– Бес жүз жылқың тұр әне,

Тұлпар мінген тұрар ма?

Енді мені сұрама,

Құдай төбеңнен ұрар ма.

Тұлпар тегін табады,

Ер жігіт елін табады, қош, сау тұр!

Елім мен жерімді сағындым, еліме кеттім, – деп тұлпардың басын бұрып елін бетке алып шаба жөнеледі. Хан нөкерлерін атқа қондырып қудырады. Бірақ барлығы жете алмай шаң қауып қала береді. Сол күні сыншының баласының әпкесі түс көріп, елін жиып былай дейді:

– Түсімдегі хабарға қарағанда інім тұлпарға мініп қашып келе жатқан сияқты. Жеті қабат керме арқан тартыңдар, болмаса інім де, тұлпар да мерт болады, – деп жеті қабат арқан кергізеді. Әпкесінің түсі айтқандай дәл келіп, түс мезгілінде Көкшұбар тұлпар даланы дүбірлетіп, артына будақ-будақ шаң тастап ауылға таяпты. Ауыл адамдары қаумалап, тұлпарды кермеге қарай бейімдепті. Тұлпар жеті қабат арқанның алты қабатын үзіп, жетінші арқанға барғанда әрең тоқтапты. Сөйтіп сыншының баласы сыншылық өнерімен ақыл-парасатының арқасында аман-есен ел-жұрт, туыс-туғандарымен қауышыпты.

Айып Нүсіпоқасұлы

Қатерлі обырдан екі ай өмірі қалған бастық осыны істеп аман қалды
Қашаған қараның аянышты өлімі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу