Фильмдер көрермен жасына сай көрсетеліп жүр ме?

Oinet.kz 25-07-2019 1400

Screenshot_10.jpg

«Қазақстан Республикасы  аумағына әкелінген және елімізде шығарылған барлық фильмдер көрермендердің жас шегіне қарай индекстеледі» деген заң шыққанда баршамыз қуанып қалған едік. Аталған заң фильмдерді топтастыру балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына, сезімі мен рухани дамуына зиян келтіретін дыбысты-бейнелі шығармалардан оларды қорғау үшін, сонымен қатар ересек аудиторияға фильмді көруде таңдау еркіндігін ұсыну үшін арналған. Бүгінгі таңда еліміздегі телеарналардан көрсетіліп жатқан фильмдердің барлығы төмендегі алты категория бойынша көрсетіліп жүр.  Олар: "К" - әртүрлі жастағы көрермендерге арналған фильмдер; "БА" - он екі жасқа толған балаларға көрсетуге рұқсат берілген фильмдер; "Б14" - он төрт жасқа дейінгі балаларға ата-аналарымен бірге көруге ұсынылатын фильмдер; "Е16"  -  он алты жасқа дейінгі көрермендерге ата аналарымен бірге көруге ұсынылатын фильмдер; "Е18" - он сегіз жастан асқан көрермендерге арналған фильмдер; "НА" - жиырма бір жасқа толған көрермендерге ғана арналған фильмдер.

Қазақ телевизиясы таңғы сағат алтыдан түнгі  он екіге дейін кәріс, түрік, үнді сериалдарын беруден ешбір мемлекетке  жол бермей оқ бойы озып келеді. Соңғы жылдары Филиппиннің сериалдары да қазақты жатсынып жатқан жоқ. Қалың көрерменге осы сериалдарды көрсетерден алдын фильм индексін хабарлайтыны таныс жағдай. Мәселен, «Қазақстан» ұлттық арнасындағы сағызша созылған «Келін» телехикаясы 12 жасқа толған балаларға көрсетуге рұқсат берілген фильмдердің қатарына жатады. Ал бұл категорияның сипатында былай делінген:  «БА» - он екі жасқа толған балаларға көрсетуге рұқсат берілген фильмдер сексуалдық көріністерімен, есірткі құралдары мен психотроптық заттарды қабылдау көріністерімен, өзіне өзі қол жұмсау, өлтіру, ауыр сырқаттар, ішімдікке және есірткіге тәуелділік, неке бұзу, нәсілшілдік, діни мәселелері, әлеуметтік жат мінез-құлық көріністерімен мазмұндалмаған; фильмдер қантөгісті көрсетпейтін зорлық-зомбылық көріністерімен, қайғылы оқиғаның немесе апаттың қысқаша бейнесімен, жекелеген жалаңаш көріністерімен мазмұндалмаған болуы шарт. Басынан проблемасы арылмайтын келін Анандидің өмірін осы аталған шарттарға сай деп айта алмаймыз. «Келін» -  неке, діни мәселелер баяндалатын көріністерге толы фильм. Сериалдың бас кейіпкері Жагдиш бір емес үш рет некелі болған жоқ па? Ал Ананди бір рет некесін бұзып, екінші рет отбасылы болды. Сондай-ақ сериалдың бірнеше бөлімінде Анандидің тәтесі келінінің көзін құрту үшін прасатқа (үнділердің ұлттық тағамы) есірткі қосып беретін көрінісі де ашық көрсетіледі. Бұл дегеніңіз алтыншы, жетінші сынып оқушыларының дін, неке жайында жақсы, жаман ақпаратты қабылдай бастауы деген сөз. 

«Астана» арнасындағы үндінің «Жетім жүрек» телехикаясының аудиториясын айтқанда тіптен шошисың. Жетім қыз Гүлидің отбасылық жағдайы, күйеуімен тіл табыса алмай жүргені әр түрлі жастағы көрермендердің  көруіне болады екен. Заң бойынша «К» - әртүрлі жастағы көрермендерге арналған фильмдер жалаңаш көріністерімен, зорлық-зомбылық пен қатыгездік, сексуалдык көріністерімен, есірткі құралдары мен психотропты заттарды қабылдау көріністерімен, қайғылы оқиғалар, апаттар, өзіне өзі қол жұмсау, өлтіру, ауыр сырқаттар, ішімдікке және есірткіге тәуелділік, неке бұзу, нәсілшілдік, діни мәселелері, әлеуметтік жат мінез-құлық көріністерімен мазмұндалмаған, және фильмдерде жаргондар, балағат сөздер және нормативтен тыс лексика пайдаланылмауы керек. Сонда үндінің шива, вишну құдайлары мен холи, дивали секілді мерекелерін насихаттайтын сериалды еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін тамашалауына болады екен ғой.     

Қазіргі таңда көрермендер санынан көш бастап тұрған түріктің «Ұрланған тағдыр» сериалы да он екі жасқа толған балалардың көруіне еш кедергі жоқ. Себебі Едебие, Нұран ханымдардың адам өлтіруі, бәдік қыз Ефсунның әпкесі Бахарды көре алмауы, айналасындағыларға жалған сөйлеуі, жігітін тартып алуы, бір сөзбен айтқанда қастандық, өшпенділік, кек алу балалардың тәрбиесіне «кері әсер етпейді» екен. Отандық телеарналардан көрсетіліп жүрген «Тағдырмен тартыс», «Махаббат мұңы», «Киелі неке» , «Жүрегім сізге аманат», «Кухня», «Әлия», «Универ», «Интерны», «Қарагүл» секілді шетелдік өнімдердің қай-қайсының болмасын аудиториясы 12 - 14 жастан асқандарға арналған. Шетелдік өнімдер мен қатар қазақ сериалдары да экран бетінен түспей келеді. «Қара шаңырақ», «Әулет», «Жібек», «Алтын ұя», «Шалғайдағы оқиға», «Аяулы арман», «Әпке», «Әке» тағы басқа  телехикаялардың да жас шектеулері белгіленгенімен көрермен жасына сай көрсетіліп жүр дей алмаспыз. Сонда да олар мүсінге табынушылық сипаттан ада  қазақтың ұлттық салтын, дәстүрін, тілін насихаттайтын туындылар. 

Көгілдір экраннан беріліп жатқан дүниелердің сүзгіден өткені әрине, құптарлық жағдай. Себебі экранға жол тартқан әрбір фильм, бағдарлама көк жәшіктің арғы жағындағы көрерменнің санасына, өміріне әсер етеді. Телеарнаны атылған оқ деуге келетіндей. Көрсетілген  туындыны кері қайтарып ала алмайсың. Өйткені оны мыңдаған көрермен тамашалап үлгереді.  Осы ретте «теледидар алдына жайғасқан көрерменнің жасын сұрап, бақылап отырған біреу бар мА?» деген сұрақ мазалайды. Мұнымен бірінші кезекте ата-ана айналысуы керек. Осылай деп айтқыш ауыздар айта береді-ау. Бірақ сериал басталарда ұл-қызына «сен он екі жасқа немесе он алты жасқа толмағансың, сол себепті көрмейсің» деген әке-шешені көрдіңіз бе? Керісінше сүйікті сериалының кешегі бөлімін көре алмай қалса мектеп жасындағы қызынан бір сәтін қалдырмай сұрап алады. Сонда деймін-ау, фильм индексі кім үшін, не үшін қажет?!

Айнұр Оңғарбай,

«Рейтинг» газеті №13, 7 сәуір 2016 жыл 

Сәуірді көкек деп атасақ
18-ге толмаған 200-ден аса қыз жүкті болып қалған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу