Төлебиде бес ірі туристік жоба жүзеге асырылуда

Oinet.kz 18-06-2026

image.png

Төлеби ауданында туризм саласын дамыту бағытындағы инвестициялық жобалар легі жалғасуда. Қазіргі таңда ауданда жалпы құны 3 млрд 610 млн теңгені құрайтын 5 ірі туристік жобаның құрылысы жүргізіліп жатыр. Аталған жобалар толық іске қосылғаннан кейін 61 жаңа жұмыс орны ашылып, өңірдің туристік инфрақұрылымы одан әрі кеңейе түспек.

Жобалардың ең ірісі – «Балдыберек» коттедждер қалашығы. Жеке кәсіпкер Ербол Жұмағұлов жүзеге асырып жатқан бұл жобаның инвестициялық құны 2,5 млрд теңгені құрайды. Кешенде 32 заманауи коттедж бой көтеруде. Нысанды 2026 жылдың қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жоба іске қосылғаннан кейін 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Сонымен қатар жеке кәсіпкер Рахымбердиев жүзеге асырып жатқан «Рахымбердиев» демалыс аймағының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Құны 500 млн теңге болатын жоба аясында 20 коттедж салынуда. Демалыс орны 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беріліп, 20 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.

Ауданда сауықтыру туризмін дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Осы бағытта жеке кәсіпкер Шаяхмет Қуатбеков 60 млн теңге инвестиция құйып, саумалмен емдеу-сауықтыру орталығын салып жатыр. Жоба 2026 жылдың соңына дейін аяқталып, 4 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.

Бұдан бөлек, жеке кәсіпкер Дилмурат Сулейманкуловтың 250 млн теңгелік демалыс орнының құрылысы жүргізілуде. Жоба пайдалануға берілгеннен кейін 6 жаңа жұмыс орны ашылады.

Сондай-ақ жеке кәсіпкер Арман Жанабаев 300 млн теңге инвестиция салып, жаңа демалыс орнын салуда. Нысан 2026 жылдың соңына дейін іске қосылып, 6 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделген.

Аталған жобалардың жүзеге асуы Төлеби ауданындағы туристік қызмет көрсету сапасын арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестиция көлемін ұлғайтуға және өңірдің туристік әлеуетін одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.

Төлебидің туристік әлеуетін арттырған қос жоба
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу