Перзентін көшеде қалдырғандар ана деген атқа лайық па?

1440695325_1.jpg

8-наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі аналарымызды ардақтаудан басталады. Бар жақсылық аналарға! Осылай болуы тиіс те. Өйткені Құдайдың қалауымен бізді дүниеге алып келген – Ана. Әлемде ананың алақанынан артық аялы, жылы құшағынан жұмсақ еш нәрсе жоқ. Бізді еркелетіп, жыласақ түн ұйқысын төрт бөліп, бесік тербетіп әлдилеген ол – ана. Әлемдегі ең кешірімді, ең мейірімді жан – ана. 

Сосын барып жеңгелерімізді, келіндерімізді құттықтаймыз. Болашақ аналарымыз – қыздарымызға жылы сөздерімізді арнаймыз. Алайда

Ұрпақ тәрбиесінде басты рөл атқаратын болашақ аналарымыз бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетуге дайын ба? Ана деген атқа лайық па? Әрине, бес саусақ бірдей емес. Бірақ, көңілге қаяу түсіретін оқиғалар қоғамымызда жиі қайталануда. Соның салдары ма, ыңғайсыздау болса да «безбүйрек ана» деген сөзді жиі еститін болып барамыз. Дегенмен, тастандылар тағдыры ешкімді бей-жай қалдырмасы анық...

Қыстың соңғы күндерінде, дәлірегі 25 ақпанда Ұлысымның ұйытқысы Оңтүстіктің орталығында жаңа туған шақалақ жалаңаш күйінде көшеден табылды. Арада бір жеті өткенде Сайрам ауданының Ақбұлақ ауылында тағы бір нәресте көшеде шырылдап жатты… Екеуі де қыз, ауруханада жатыр.

Шымкенттегі №2 периниталдық орталықта  жатқан сәбиге дәрігерлер Жұлдыз Сақтаған деп есім беріпті. Расында да Құдай сақтаған. Жаңбырлы күні таңғы уақытта тас-цементте бір сағаттай жатып қалған нәрестенің көрер жарығы бар екен.  

– Қыз, салмағы – 2,7 килограмм. Жағдайы өте ауыр, тыныс алуы мен жүрек соғысы баяу, температурасы 30 градустан төмен болды. Тыныс беру аппаратына қостық, – дейді орталықтың бас дәрігері Лейлә Үкібаева.

 Медициналық мекеме басшысының айтуынша, қазір Жұлдыздың беті бері қараған. 9 күн жан сақтау бөлімінде жатып, палатаға шығарылған. Аппараттан ажыратылған, өздігінен тыныс алуда. 

«Ақсукент» аудандық орталық ауруханасына жедел жәрдеммен жеткізілген сәбиді сөмкеге салып көшеде қалдырып кетіпті. Оған пана болған сол қытайдың ала дорбасы. Бір құлағындағы ай секілді артығына қарап, дәрігерлер шақалаққа ырымдап Артығай деп есім беріпті. Жаурап қалғаны болмаса, қазір Артығайдың жағдайы жақсы. Түскен кезде салмағы 3 келі, бойы 52 сантиметр болған. Бас дәрігер Қайрат Кәрібаев оның 6 күннен кейін облыстық балалар ауруханасына ауыстырылатынын айтады. Сол жақтан Артығай Шымкенттегі «Бөбектер үйіне» жөнелтіледі. 

«Бөбектер үйі» – мемлекеттік мамандандырылған мекеме. Мұнда қазір 82 бала бар. Олардың 5-еуінен ата-аналары мүлдем бас тартыпты. Ал, 6-ауы тұл жетім. Оларды да Жұлдыз бен Артығай секілді аналары көшеге тастап кеткен. Бірақ, 11-і де мүгедек. 

– Аналары табылмаған жағдайда балалар осында жолданады. Мұнда төрт жасқа дейін тәрбиеленеді. Бұл облыс бойынша ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелейтін, оларға медициналық көмек көрсететін жалғыз мекеме, – дейді «Бөбектер үйінің» бас дәргері Раушан Оразбаева. – Бізге ата-анасы бас тартқан балалар көбіне перзентханадан жолдамамен түседі. Ал тастанды балалар полиция актісімен келеді. Іздеу жарияланады, әке-шешесі табылмаса, ата-ана құқығынан айыруға сотқа шағым түсіреміз. 

Ата-анасы табылмаған балалар төрт жастан кейін Шымкенттегі №3 балалар үйіне жіберіледі екен...

Бас дәрігердің айтуынша, қалған 71 баланың ата-аналары бар, аты-жөндері перзентханадағы құжаттарында жазылған. Олардың арасында өз шешімдерімен балаларын осында қалдырғандары да бар екен. Мұнда соларға арналған «Үміт», «Жеке ана» деп аталатын екі топ жұмыс істейді.

– «Үміт» тобы некесіз бірінші рет босанған жас қыздар балаларын түпкілікті тастап кетпеу үшін ашылған. Бұл топтағы 20-дан астам баланы аналары немесе туыстары келіп, көріп тұрады. 2015 жылы – 15, былтыр 23 бала түсті, – дейді Раушан Исраилқызы. 

 Бас дәрігердің айтуынша, былтыр жас қыз некесіз туған баласынан бас тартыпты. Бірақ оны «Бөбектер үйінің» мамандары райынан қайтарған. Қыздың жүкті болып қалғанын білген жігіті «баланы қайда апарарын білмей» тастап кеткен екен. Қызметкерлер ебін тауып жігітпен сөйлесіп, екі жасқа балаларын көрсетіп, олардың қайта араласуына себепкер болыпты. Көп ұзамай табысқан жастар үйленіп, балаларын алып кеткен. 

– Біз баланы ата-анасымен табыстыруға барынша жұмыс істейміз. Осында түскен әр баланы ата-анасымен кездестіруге ұмтыламыз. Мұндағы кез келген бала мейірімге мұқтаж. Қызметкерлер қанша жылы қараса да, бала ата-ана мейірімін күтеді, – дейді мекеме басшысы. 

Мұнда былтыр перзентханада бас тартқан мүгедек баласын іздеп келген отбасы да бар екен. Олар баланы қайтарып алу үшін сотқа өтініш түсірген. Қазір құжаттарын дайындап жүр.

«Жеке ана» тобына әлеуметтік жағдайы төмен, баспанасы, жұмысы жоқ, күнкөрісі нашар аналар балаларын уақытша тапсырады екен. Алайда мұнда соңғы уақытта жағдайы жоқ отбасылардың балалары көбейген. Г.Оразбаеваның айтуынша, былтыр 47 бала түссе, биыл екі айда 6 бала паналаған.

Жақында жүктілігін жасырған тағы бір ана Ордабасы ауданында дәретханаға шақалағын қалдырып кетті деген суыт хабар тарады. Бірақ, бәйкүнә нәресте жарық дүние жылуына сезінбей жатып өмірімен қоштасып үлгеріпті...

Облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова екі қыздың да аналары іздестіріліп жатқанын жеткізді. Олардың үстінен қылмыстық кодекстің «Қауiптi жағдайда қалдыру» бабы бойынша іс қозғалған. Бұл бап бойынша айыппұл салынады, қылмыс салдарына қарай 45 тәуліктен екі жылға дейінгі мерзімге сотталады. Ал кісі өлімі болған жағдайда қылмыскер үш немесе бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

А.ӨМІРЗАҚОВ, 

«Рейтинг» газеті №9, 9 наурыз 2017 жыл

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • ​Кіндік ашып, қылады кімді ғашық?
  • Бізден сізге не керек? Бизнес-тренерлер нені көздейді?
  • Тарихи дерек шындығы
  • Мамандықсыз жүрген мамандар
  • Дистимия деген не?
  • Ақпарат

    • Oinet.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16379-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер

  • Яндекс.Метрика