Латын графикасында ұ, ү, у дыбыстарын таңбалаудың мәні

Oinet.kz 29-01-2020

Screenshot_1.jpg

Латын графикасына көшу үрдісі басталғалы бері қоғамның қазақ жазуына бей-жай қарамайтыны айқын байқалып отыр. Латын графикасына негізделген жаңа əліпбидегі кейбір дыбыстардың таңбалануы жазу мен оқу барысында қолайсыздықтар тудыруына байланысты қоғам тарапынан сын-пікірлер көп айтылды.  Сол себепті де қазіргі кезеңде әліпбиді жетілдіру, толықтыру жұмыстары қолға алынғаны мәлім. Бекітілген әліпбиді жетілдіруде әсіресе ү, ұ, у дыбыстарының таңбаларының өзара ұқсас болуына назар аудару керек. 

У дыбысының халықаралық таңбасы ретінде u әрпі қолданылатыны белгілі. Әліпби ұсынушылардың жобаларында ұ-ны  u, ū арқылы, ү-ні u, ü, û, ue, uh арқылы белгілеу басым кездеседі.  Бұл ү, ұ дыбыстарын таңбалауда u әрпінің қолайлы екендігін байқатады.  Сондықтан у-дың орнына u таңбасын алып, ұ мен ү-ні соның негізінен шығарған дұрыс. Бекітілген әліпбиді жетілдіруге байланысты жұмыстар жүріп жатқан кезде у, ұ, ү дыбыстарының таңбаларына баса назар аударған жөн.

Жаңа әліпбиді, емле ережелерін үйрету және үйрену барысында қолданыстағы әліпбидегі ұ-ның u, ал у-дың ý сипатында болуы оқырманға да, жазарманға қиындық туғызып жатқаны мәлім. U-ды у ретінде меңгеріп қалған көпшілік аталған әріптері бар сөздерді оқуда да, жазуда да мүдіріп жатады.

У дыбысының таңбасы ретінде u әрпінің қолданылуына және ү мен ұ-ның жуан-жіңішке сыңары ретінде бірдей сипаттағы u әрпіне қосымша диакритикалық таңба қою арқылы белгілеу дұрыс болмақ. Үш дыбысты бірдей таңбамен бергенде міндетті түрде екеуіне диакритикалық таңба алынады, сондықтан у-ды  u түрінде, ү мен ұ-ны  таңбалауда қосымша белгіге сүйенеміз. Үшеуі кирилл жазуында ұқсас таңбалар қатарында болғандықтан, жаңа әліпбиде де бірдей таңбамен белгілесек, қабылдауда оңай болады, сол себептен у, ұ, ү әріптерін таңбалауда екі диакритикалық таңбаның біреуін макронмен Ūū (Ұұ), біреуін акутпен Úú (Үү) немесе умлаутпен Üü (Үү) ерекшелеуге болады. Сонда у, ұ, ү дыбыстары u, ū, ú немесе ü таңбаларымен беріліп, оқырман мен жазарманның қабылдауына оңай болады.

Мысал ретінде «ұят, ұлттық, ұмытшақтық, уылдырық, бұлбұл, самұрық, университет, үйрету, дауысты, уық, уақыт» сөздерінің «uıat, ulttyq, umytshaqtyq, ýyldyryq, bulbul, samuryq, ýnıversıtet, úıretý, daýysty, ýyq, ýaqyt» түріндегі латын қарпімен жазылған нұсқасына қарағанда «ūiat, ūlttyq, ūmytu, uyldyryq, būlbūl, samūryq, universitet, úiretu, dauysty, uyq, uaqyt» ретінде жазылғаны әлдеқайда қабылдауымызға жеңіл.

Әліпбиді мектеп табалдырығын аттайтын баладан бастап, бірнеше жыл зейнеткер атанып қалған қария да, күнделікті қаламы қолынан түспейтін мамандық иелері де, жазу мен оқуды сирек пайдаланатындар да (бүгінгі күні ондай адам жоқ та шығар?) оңай меңгеруі маңызды болмақ.

Әліпби ауыстыру бір әріптің орнына екінші әріпті қою емес екендігі белгілі. Үйренуге де, үйретуге де жеңіл әрі сол әріптің табиғатын аша білетін әріптерді әліпбиде қолдану арқылы ұтарымыз көп болмақ.

Тұрсынова Мархаба Ахметқалиқызы, 

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті Қазақ тіл білімі кафедрасының доценті, Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық топтың мүшесі, ф.ғ.к.

Батырдың дулығасындағы үкі нені білдіреді?
Сиыр туралы тақпақтар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу