Асылып қалған сіңлісі түсіне кіріп, өзін кім өлтіргенін айтып берді

Oinet.kz 28-08-2022 6506

Бұл оқиға біздің ауылда аңыз болып тарады. Арадан қаншама жылдар өтсе де әлі күнге дейін сол үйге баруға қорқамын. Бірақ өзімнің ағайын ағамның үйі болғандықтан той-жиындарда жеңгеме көмектесуге барып тұрамын. Әр барған сайын сол қораға ұзақ қараймын. Сол жерден Айжан жүгіріп шығатындай сезіледі де тұрады. Өкініштісі, ол жоқ!

Screenshot_6.jpg

Енді ғана бойжетіп келе жатқан 7 сынып оқушысы едік. Сол күні мектептен екі сынып оқушылары жолды бермей, шуылдап, топтасып қайттық. Бір-бірімізді қуалап, ойнап, әзілдеп. Біздің үйге жақындағанда Айжан менен:

- Балнұр, сен Азаматты жақсы көресің бе? Ол да сені жақсы көре ме? – деп сұрады. Мен сасып қалдым, не дерімді білмей. Бірақ Азаматпен сөйлесіп жүргеніміз, сабақты бірге оқитынымыз рас еді. Тіпті, сынып арасында екеумізді «Төлеген мен Қыз Жібек» деп те атайтын. 

Ертеніңе түскі уақытта апам, ағам үшеуміз шәй ішіп отырған едік. Ағамды көшеде біреу шақырды. Көп өтпей ағам үйге асығып келіп, апама «болыңыз, кеттік, тез барайық» деп жатыр. Апам екеуміз сұраулы түрмен «не болды» деп қарап отырмыз. 

- Ержан көкенің қызы Айжан асылып өліпті, – деп айтқанда үстімнен біреу мұздай су құйып жібергендей болды. Апам қасыма келіп таңдайымды саусағымен басып жатты, мені қорқып қалмасын деп. 

Апамдарды көшеге шығарып салғанда көршілеріміздің бәрі «неге асылыпты, қалай өліпті» деп сұрап жатты. 

Үйде жалғыз қалдым. Қорыққанымнан қора жаққа да бара алмай, ақыры көршімнің үйіне барып отырдым. Көз алдымда Айжанның «Азамат та сені жақсы көре ме?» деген бейнесі тұрды. Іштей өзімді кінәлідей сезіндім! 

Апамдар үйге кешке қарай келіп, қорада сиыр байлайтын арқанды мойнына байлап, асылып өлгенін айтты.  Барша ағайын сол үйде, ертесіне Айжанның мәйіті салынған Камаз біздің үйдің қасынан өтті. Іштей өзімді кінәлідей сезініп мен қалдым!

Араға көп уақыт өтпей сыныптастар Айжанның мамасына көңіл айтуға үйіне бардық. Есіктен біздің келгенімізді көрген мамасы жүгіріп алдымыздан шығып, «Сендердей құлпырған қызым еді» деп құшақтап өкіріп жылады. Біз де жыладық. 

Мектеп директоры, сынып жетекшіміз, психолог екі сынып оқушыларын жинап, жиналыс жасады. «Айжанды ренжітіп алған жоқ па едіңдер? Ешқандай ұрыс болған жоқ па?» деп сұрағанда тағы да өзімді кінәлі сезіндім. Бірақ бұл туралы ешкімге айта алмадым. 

Кейіннен оның қалай өлгені туралы тағы да әңгіме ауылға тарады. Айжан әпшесінің түсіне кіріп, өзін кім өлтіргенін айтып берген екен. 

- Мен қора жақта жүргенімде бір бала мені шақырды. Мен бардым. Бала өте сүйкімді еді. Маған күліп сөйлеп қолыма арқанды берді. Арқанды төбедегі ағашқа байладым. Әлгі бала қасымда қарап тұрды. Мен қуанып басымды арқанға кіргіздім. Сол сәтте жаңағы бала жоқ болып кетті. Ауа жетпей қолыммен бетімді, мойнымды тырмалай бердім. Айқайласам даусым шықпайды. Қатты қорықтым, - депті әпшесінің түсіне кірген Айжан.

Үлкендер бұл түсті естіп, жаңағы әдемі баланың шайтан екенін айтты. Сол үшін де әрқашан таза және күн батқанда жаман жерлерге бармау керектігімізді түсіндірді. Мен осы оқиғадан соң қатты қорқып қалдым. Көршіміз молда болғасын үш күн оқытылдым. 

Кейін сіңлілері үй жинап жүріп Айжанның күнделік дәптерін тауып алыпты. Күнделікте «Е, Құдай, біздің үйге кішкентай ер бала берші. Інім болғанын қатты қалаймын. Сонда әкем ішіп алып «ұл тумадың» деп анамды ұрмайтын еді. Бәріміз бақытты болатын едік. Кішкентай ер бала беру саған қиын емес қой» деп жазған екен. Мамасы оқып, Айжанның қаншалықты қиналғанын сезініп, қатты жылады. Бір қызығы, арадан біршама жыл өткен соң Айжанның мамасы шекесі торсықтай ер бала босанды. Бұл қуанышты хабарды естіп, бүкіл ауыл қатты қуандық. 

Өмірде қандай жағдай болмасын бәрі бір Алланың қалауымен болатынын түсіндім. Осы оқиға мәңгі жүрегімде қалды. 

Көрдегі қызға ғашық болған
Өлген соң қайтадан тіріліп өмірге келді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу