«Періштелері қақты, періштелері қақты» деп жатқан жұрттың сөзі ғана есімде

Oinet.kz 01-01-2023 3944

Періште туралы түсінік, ұғым орыста да, қазақта да, барлық дінде бар ғой. Оны жұрт көзге көрінбейтін, қолмен ұстай алмайтын материя ретінде біледі. Дінімізде періште адамның оң иығында отыратыны туралы, ақырет күнінде таразыға салатын жақсы істерді жазып жүретіні туралы айтылады. Өзге діндерде періште адам туылғанда өзімен бірге дүниеге келіп, тіл, көзден сақтайды деп біледі. Адам жақсы іс жасаса, періштелері қуанып, шаттанып, жаман әрекет жасаса жылайды екен.

Screenshot_5.jpg

«Иә Аллам іліміңмен игілік бергейсің, құдіретіңмен қуатты еткейсің, кең пейіліңмен қуанышты еткейсің...» деп әрбір таңын күбірлеп, дұға оқудан бастайтын жап-жас келіншектің дінге қатты берілгендігін демалыс орнына келген күннен-ақ аңғарғам. Кешкі асқа барған кездегі аз-кем әңгіме арасында бес уақыт намазға жығылатынын да білдім.

Он күн зулап өте шығып, үйіме қайтуға, ертеңгі жолға жиналып жатқан кешқұрым шақта әдеттегідей бөлмеме келген одан мен отыздан енді ғана асқан өзінің дін жолына қалай түскені туралы сұрадым. Бір намазын қаза қылмай, құран сүрелерін жатқа оқитын кішіпейіл келіншек шынымен де мені қайран қалдырды, біраз уақыт ішінде оған бауыр басып та қалдым.

Ол маған намазға жығылуының, Аллаға құлшылық етуінің, бәрінің де өз еркінен тыс болғанын, аяқ астынан екі сәбиінің суға құлап кетуінен кейін басталғанын айтты.

- Ажал келсе, адам аяқтағы суға да тұншығып өледі деген. Менің апыл-тапыл басқан екі егіз қызым су ортасында тұрып, абайсызда аударылып кеткен қайықтан көлге құлап кетіп, аман-есен қалды. Қайықта бірге отырған күйеуім де, өзім де жанұшыра арттарынан бірге сүңгідік. Көл тереңіне тартып кеткен оларды тауып алып, жағаға шығарғанға дейін не болғанын мен де, күйеуім де әлі күнге дейін білмейміз. Сол оқиғадан соң бұл өмірге екеуіміз де қайта келгендейміз. Әйтеуір сұлық жатқан екі баланың аяқтарын жоғары қаратып сілкілеп жатқанымыз ғана есімде. Көк тұңғиықты сабалай, оңды-солды сермеген қолдарымның екпінін, әлімнің кетіп бара жатқанын ғана білемін. Балалар суды көп жұтпапты. Әлде қорқыныш пен үрейден біраз уақытқа дейін демала алмай қалды ма екен?! Жағаға жиналып қалған адамдар қаншама тереңдікке батып кеткен балалардың қалай аман қалғандарына таңғалды. «Періштелері қақты, періштелері қақты», - деп жатқан жұрттың сөзі ғана есімде. Екі баланың өмірін бір ғана құдіретті күш құтқарып қалғанын мен сонда білдім. Содан бері дін жолындамын.

Ол осы оқиғаны айтып, көзіне жас алды.

Құс балапандарын айуандықпен өлтірген жігіттің түрмедегі тағдыры
Жылқышы қыздың киесі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу