Жастар поэзияны прозаизмге айналдырып жіберді ме?

Oinet.kz 02-07-2017 1137

Screenshot_5.jpg

Кейбір аға буын өкілдерінің жас ақындарды, қазақ поэзиясын сынап жазған дүниелерін елемеу мүмкін емес. Поэзия – сөз тұнығы. Дегенмен, осы тұнық лайланып жатқан секілді. Осылай деп кей сөз зергерлері, аға буын ақындар өкілі соңынан ерген інілеріне кездесуде болсын, БАҚ бетінде болсын, оқтын-оқтын реніштерін білдіріп жатыр. «Жастар жазған өлеңдерді бірден түсіне алмаймыз. Кідіріп-мүдіріп оқуға мәжбүрміз», «Қазіргі жас ақындар жылауық болып кетті», «Жастар поэзияны прозаизмге айналдырып жіберді», «Қолтаңба білінбейді. Жастар жазған өлеңдер инкубатордан шыққан балапандардай бір-бірінен аумайды. Ажырату мүмкін емес», «бұрынғы қиыннан қиыстырылған ұйқастар жоғалып, орнын жеңіл, техникалық тіркестер басты». 

Иә, дәл осылай санамалай берсек, тауыса алмаспыз. Неге бұлай? Неге ағалар інілерінің белін буудың орнына, жігерлерін жасытып жатыр? Осылай жалғаса берсе ақындар арасында ұрпақтар сабақтастығына сызат түсе ме деген қауіп ойға оралады. Ал, осы жағдайда інілер ағаларына не дейді? Айтар базыналары бар ма? Сынға қалай жауап береді? Біз осы сұрақтар төңірегінде  бір топ жас ақынмен әңгімелескен едік. 

Айжан ТӘБАРАКҚЫЗЫ, Халықаралық Өнер фестивалінің лауреаты:

- Бұл мәселе жөнінде естігенім бар. Дегенмен аға буынның жастарға көңілі толмау мәселесі бізге дейін де болған, бізден кейін де болатын шығар. Ал «түсініксіз» деп жалпылама айтпай талдап берсе тіптен жақсы болар еді. Мәселен, мынау ақынның өлеңі оқырмандарға түсініксіз деп ашығын айтқан жөн. Сол уақытта ғана қателікпен жұмыс жасалады. Жастар экспериментке бару керек. Экспериментсіз әдебитте даму болмайды ғой. Бізде жақсы жазатын ақындар көп деп ойлаймын. Жас ақындардың көптігі ештеңе етпейді, уақыттың өзі іріктейді.

Шерхан ТАЛАП, жас ақын:

-. Қазақ халқы шабытты поэзиямен, орынды шешендікпен, жалынды күйлер және шын жүректен шыққан әндермен өмір сүрген. Ол біздің қанымызда бар дүние. Сол жоғарғы буын ағаларымызға еліктеу бұрыннан келе жатқан нәрсе. Не себепті олай айтатынын түсінбеймін? Еліктегеннің несі жаман? Жас ақындар еліктеп келіп өзін табатынын ұмытпаған жөн сияқты. Қазір жас ақындардың шығармашылығы  кітап болып жарыққа шықпаған. Сол кітап болып шыксын, кейін айтар дүниелері болса оны айтсын. Жас ақындарға  тура жол сілтесін. Ал инкубатордан шыккан сиякты деп айтудың қажеті жоқ. Себебі кез-келген ақынның өлеңін алып қарасақ бір-біріне ұқсамайды. Жаман немесе жақсы ақын ба оны уақыттың өзі дәлелдеп береді, соны білемін....

Жанғазы АХМЕТОВ, ақын:

-Тәжірибесі мол ақындардың пікірлері біз үшін пайдалы  деп ойлаймын. Расында да шығармашылықпен айналысып келе жатқан ақындарымыздың өлеңдерін оқып қарасаңыз сөздері тым ауыр, оқырманға түсініксіз болып келеді. Жас ақындарымыз әдебиетті көп оқыған ағаларымыздан үлгі алып, өлеңдерін сол секілді жазғысы келеді. Сол арқылы өлеңдерін құртып алатын сияқты. Оқырманға түсінікті етіп жазу керек. Қазір Саян Есжан, Ерлан Жүніс, Батырхан Сәрсенхан секілді басқа да жақсы жазатын ақындарымыз жеткілікті. Бүгінде қазақ лирикасы жан-жақты жетілген, әлемдік деңгейдегі талаптарға толық жауап беретін жанр болып табылады. 

Мерген ТОҚСАНБАЙ, ақын:

- Мен өзім аға буын өкілдерін еш ренжімеймін. Керісінше сынап, біздің қателіктерді айтатын жанашырлардың барына тәуба деймін. Кез-келген шығармашылық сыналып, сараптамадан өтсе, болашақта жақсы өлеңдердің дүниеге келуіне себепші болады. Поэзия – ұлттық рухани мәдениеттің асыл-арнасы, ажырамас бөлігі болғандықтан, дәуір талабына, заманына рухына сай жаңарып, жаңғырып отырады. Сондықтан болар кейбір ағаларымыздан жастар поэзиясына қатысты түрлі пікірлер естиміз. Бірақ оқылуға ауыр, инкубатордан шыққан сияқты деп айтылып жатқан нақты кімнің өлеңдері екені маған қызықты. Қазіргі жас ақындарымыз қоғамдағы өзекті тақырыптарда өлең жазып жүр. Оған қоса үздіксіз даму үстінде деп айтуға болады. 

Дана СҮЛЕЙМЕНОВА

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Шайтан
Бүгін азаттықты аңсаған Алаш арысының туған күні (видео)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу