Әкім Тарази. Бердібек Соқпақбаев туралы естелігі

Oinet.kz 11-12-2019 1194

Тоғызыншы класты бітірген жылы радиодан "16 жасар чемпион" деген хабарды тыңдадым. Соңынан диктор: "Бұл тыңдағандарыңыз Бердібек Соқпақбаевтың повесінен радиоинсценировка", — деп хабарлады. Бердібек Соқпақбаев деген жазушыны сол сәтте мойындадым. Шіркін-ай, бір көрсем деп армандадым. 

image.png

Алматыға келгенде Бердібек Соқпақбаевты іздей бастадым. Алыстан көрсем де жетеді. Сөйтіп жүргенде бір студент айтты. Бізге Қайнекей Жармағамбетов деген кісі сабақ береді екен деп. Ол кісіні де көрдім. Бірінші сұрағым:

— Аға, Бердібек Соқпақбаевты білесіз бе?

— Білгенде қандай, — деді Қайнекей ұстазымыз. — Оны қайтейін деп едің?

— Кездесуге шақырсақ.

Кездесуге шақырдық. Үш сағаттай отырды. Ол кісі шабыттанып, көтеріңкі көңілде шалқыңқырап сөйледі. Кездесу соңында, басқалардан гөрі көбірек сұрақ қойған болуым керек, қасына шақырды.

— Әй, бала, тағы бірдеңе сұрайын деп тұрсың ба?

— Жоқ, — дедім. — Рұқсат болса сізді үйіңізге шығарып салсам.

Студенттер пір тұтып, шалқып сөйлеп тұрған ағамыз, келбеті өзгеріп, абыржып, ештеңе дей алмай қалды. Кумир жазушым жұқа плащын асықпай киді де, Қайнекеймен қол алысып қоштасып, есікке беттеді. Есікті аша беріп жалт бұрылды, іздеп мені тауып алды:

— Әй, бала, сен мені шығарып сал, — деді.

Сол күні қазақ жастарының арасында менен бақытты ешкім болған жоқ шығар. Трамвайға отырдық. Отырдық деген жәй сөз, вагон лық толы, түрегеп тұрдық. Сөйлесе алмадық. Қазіргі Төле би көшесінің бойымен жүретін трамваймен "18-ші линия" деген жерге шоқырақтатып жеттік. Сол арадан түсіп, бір сасық өзеннің бойымен төмен жүрдік. Бір-біріне мінгескен сығырық көз, жатаған тамдар (кейін білдім, ол жақта шешендер тұрады екен). Сол тамдардың бірінің қасына тоқтадық. Сығырық көз терезесі менің кіндігімнен келеді. Ұлы жазушым сәл кібіжіктеп тұрды да:

— Ал, бала, үйге жеттік. Үйге кіріп шай ішесің бе, әлде…

Сездім. Ұқтым. Алдын алып үлгердім.

— Жоқ-жоқ, мен үйге жетіп алайын, кеш боп қалды!

Ұлы тұлғаның неге кібіртіктегенін, үйіне кірмей, "жоқ-жоқ" деп бұрыла берген маған, неге асығыс қол бергенін кейін, жылдар өткен соң, өзім сол Тастақта, шешен ауылында, әлдекімнің тауық қорасын жалдап өмір кешкен кезде бір-ақ түсіндім...

Әсет Ақмолданың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

Дихан Әбілев. Жүсіпбек Аймауытов туралы естелік
Есенқұл Жақыпбеков «Біздің елдің жігіттері» өлеңі туралы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу