Мирас Асан. Қымыз

Oinet.kz 14-08-2020 594

Ал, балақай, кел мұнда,

Әдейі алдым шақырып.

Жантаяйық шалғынға,

Бүгін – қымыз тақырып.

Құлағыңды түр балам,

Мән бер, ішер асыңа.

Маңыздылау бұл қадам,

Қазақ болу – осыда!

Халқың батыр туса ірі,

Ас-суында – ұлы мән.

Жегені – ет,

Сусыны –

Қымыз,

Айран,

Қымыран.

Айранды өзің білесің,

Сиыр сүті – мол аппақ.

Қарның тойып жүресің,

Қанып ішсең шалаптап.

Ал, қымыран, түйенің

Сүті – ашыған, мол нәрі.

Қымыз болса, биенің,

Сүті саумал – ем, дәрі.

Сол қымызға кеңінен,

Тоқталайық, айтайық.

Желіге жүр менімен,

Бие сауып қайтайық!

Жаңа сауған сүтті бал,

Саумал дейді, біл бала.

Қымыз ішпей мықтылар,

Айналмаған тұлғаға!

Жауды жеңген жапырып,

Қымыз ішкен батыр да!

Шалқар шабыт шақырып,

Қымыз ішкен ақын да!

Қымыз сенің – жан-тәнің,

Қымыз сенің – тамағың.

Қымыз – сәні ортаның,

Қымыз – дәрі, қарағым.

Тарихы бұл қымыздың,

Сақ салтымен сарындас.

Байлығы ұлтымыздың,

Ғұн ғұрпымен тамырлас.

Заңы – Ұлы даланың,

Кіріп келсе үйге адам.

Төрге оздырып қонағын,

Қымыз құйып сыйлаған!

Құлдыратып құрығын,

Сылдыратып жүгенін,

Қазақ-қымыз – бір ұғым,

Қымыз – жүйке, жүрегің!

Қазақ атам күшті, өрен,

Жаңғыртып салт-ғұрыпты.

«Қымызды кім ішпеген»,

Деп серілік құрыпты!

Қымыз – үлкен тақырып,

Оны ішпес жан – аз екен.

Сары қымыз сапырып,

Кеңес құрған қазекем!

Біріктіру қоғамды –

Биені алғаш байлауда!

Жиып көрші-қолаңды,

Қымыз ішкен жайлауда!

Берекелі ол салтыңның,

Аты – қымызмұрындық.

Солай қазақ халқыңның,

Алла алқаған ділін құт!

Көктем шықса – сән өлкең,

Кең жайлауға қос тігіп.

Бие байлап таңертең,

Ағытасың кешкілік.

Көнек дейді – біліп ал,

Бие сауар ыдысты.

Қымыз піскен – шынығар,

Қиынсынба жұмысты!

Күбі деген – қымызды,

Құйып, сақтар кең ыдыс.

Піспегі бар сыбызғы,

Күбі пісу – ең ірі іс.

Тұрса қымыз таң асып,

Тобылғының исі аңқып!

Қожайынның қолы ашық,

Тостағандап құйса артық!

Қымыз кешкі демнен соң,

Түнемелге айналар.

Ептеп сіміргеннен соң,

Аптық көңіл жайланар!

Қымызтану сыныбын,

Толық ұғып ал, бүгін.

Түбіндегі күбінің,

Қор дейді екен қалдығын.

Күбіні де көп бағып,

Күтіп, баптап ұстаған.

Қаймақ жағып, от жағып,

Тобылғымен ыстаған.

Ескі салтты біл, дұрыс,

Таны ескіні – жаңа деп.

Қымыз құяр бір ыдыс,

Аталады саба деп.

Қымыз ішсең қаңтарда,

Бұл не екен деп аңтарма,

Суалмаған, нарқы мол,

Қысырақтың сарқыты ол!

Көшпелі салт-ғұрпына,

Қымыз орны тым бөлек.

Қымыз – қазақ ұлтына,

Ауа сынды шын керек!

Қымыз ішсең, жанданып,

Қиял – тұлпар,

Ой – қыран!

Тыпыршисың,

Қомданып,

Бүтінделіп бай-мұраң!

Қымызды үйге түс келіп,

Құтқонақсың – несі айып?

Бесті қымыз күш беріп,

Бал қымызға масайып!

Мақтанышпен іш қымыз,

Ұлтыңның бал бұл асы!

Тек, дамыса күштіміз,

Қазақтың төл мұрасы!

Дастаханнан қашанда,

Тапсын қымыз жарасым!

Қымыз көп іш, о, сонда,

Мықты жігіт боласың!

Ел береді – ер сынын,

Деп айтқаным, мол білсін!

Қанжығада торсығың,

Қайда жүрсең – тоқ жүрсін!

Міне, осылай, балам-ой,

Қымыз жайлы көп білдің!

Жүгір, енді, бара ғой,

Күтіп қалды топ құрбың!

Шерхан Мұртаза. Қыз бен бота
Мирас Асан. Домбыра (поэма-панорама)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу