Мирас Асан. Арулар өмір гүлі

Oinet.kz 14-08-2020 608

***

Арулар - өмір гүлі, жан қалауы,

Ақ тамақ атқан шұға таң рауаны.

Теңіздің көшірмесі тұнық көздер,

Жүректің өшпес шырақ, мәңгі алауы!

image.png

Ақ білек, кербез иық, керімсал бел,

Құбақан қамзол зерін бегім сәндер!

Тозбайды сізге тілек ей сұрша қыз,

Қоздайды қапияда қоңырша әндер...

Сөйлейді шолпы сыңғыр, сырға билеп,

Сұлудың жанарында күллі әдебиет!

Арудың боянғаны бір ғажайып,

Көктемнің оянғаны бір ғанибет.

Аналар тіршіліктің бұлақ көзі,

Қасымнан болған емес жырақ кезі.

Баласаң бар жақсыңның құны жетпес,

Қарасаң жұмбақ та өзі, жұмақ та өзі!

Сыйлайтын жүректерде жылу тіпті,

Сұлумен қандай ғажап құру жұпты.

Өлеңмен құттықтарға тіл жете ме,

Әлемді құтқаратын сұлулықты!

Мирас Асан,

07.ІІІ.2018

Мирас Асан. Бітпеген бүгінгі дау - кешегі егес
Мирас Асан. Көрмей сүю
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу