Мирас Асан. Құдай жазған тағдырды

Oinet.kz 15-08-2020 603

***

Тиді шоқпар,

Қата тимей бата дөп,

Ойнат таяқ әңгірді!

ЖҰБАЙ келіп талқылайды жата кеп,

ҚҰДАЙ жазған тағдырды...

image.png

Диуанадай

ақиқаттан айрылған,

Сорабында көне іздің,

Білегімді арқан қиды қайрылған,

Жүрегімді ол ездің!..

Күнә арқалау қандай қиын күнәсіз,

Не көрмедің о маңдай?

ДАРҒА асылған Вийондай,

НАРҒА асылған Қодардай...

Дәрменім жоқ қармануға, дымсызбын,

Көзбен атты таң боздақ...

Қылтамақтан өлген байдай үнсізбін,

Қылбұраудан жан боздап...

Тартқан азап, шеккен бейнет мол сұмдық!

Домалаған доп-баста...

Өмір мені неге жеуге сонша ынтық,

Темір де өзі

өзін жейді тот басса?..

Мирас, 2018

Астана

Мирас Асан. Алғыс
Мирас Асан. Қолына қалам алды тағдыр-ұлық
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу