Мағжан Бекенұлы Жұмабев туралы 20 дерек

Oinet.kz 21-05-2020 2384

image.png

1. Атасы – Жұмабай қажы. Әкесі Бекен саудамен айналысқан дәулетті адам болған. Анасының есімі – Гүлсім. Атасы Жұмабай Мағжанды бала кезден-ақ «Мағжанның бетінен қақпаңдар. Түбінде жігіт болып шығады. Елге қадірін білдіреді. Оқытыңдар. Біздің әулетіміздің атын шығаратын осы бала», - деп үміт күткен.

2. 1905-1910 жылдары Қызылжардағы (Петропавл) мешіт жанында белгілі татар зиялысы М. Бегишев ашқан медреседе оқыды. Бегишевтен Фирдоуси, Хафиз, Сағди, Омар Хайям, Низами, Науаи секілді шығыс ақындарының дастандарын оқып үйренді.

3. 1913 жылдары Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінде білім алды. Онда белгілі қайраткер С. Жантөринмен тығыз қарым-қатынас орнатады, көрнекті жазушы Б. Майлинмен танысады.

4. М. Дулатов, С. Сейфуллин, Ә. Бөкейханов, Ғ. Мүсірепов, С. Мұқанов, А. Байтұрсынов сынды қазақ әдебиетінің жарқын өкілдерімен таныс болады, байланыс орнатып, қатынасады.

5. Ақын небәрі 19 жасында алғашқы өлеңдер жинағын шығарды.

6. М. Лермонтов, А. Блок, М. Горький шығармаларын, И. Гете мен Г. Гейне поэмаларын  қазақ тіліне аударған.

7. 1913-1916 жылдары Омбы мұғалімдер семинариясында оқыды. Ал 1923-1937 жылдары Мәскеуде Жоғары әдебиет-көркемөнер институтын тәмамдайды.

8. Жұмабайұлы 1927-1929 жылы Бурабайда, одан соң Қызылжарда оқытушылық қызметтер атқарады.

9. Халық ағарту комиссары Анатолий Луначарскийдің шақыртуымен Мәскеудегі университетте шығыс тілдері бойынша сабақ береді.

10. Петропавл қаласындағы мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалім болып жұмыс істейді.

11. Мектеп оқушыларына, мұғалімдерге арнап «Педагогика» (1922-1923 жж.), «Бастауыш мектепте ана тілін оқыту жөні» (1925 ж.) еңбектерін жариялады.

12. Мағжанның алғашқы некесі ұзаққа созылған жоқ әрі қайғылы аяқталады. Бірінші әйелі Зейнеп әйгілі Шоқан Уәлихановтың немере қарындасы болып келеді. Ол тұңғыш перзентін туғаннан кейін қайтыс болады. Ал сәби жасқа толмай шетінеп кетеді.

13. Екінші рет некесін кішкентайынан ғашық болған Зылиқамен қидырады. Алайда, бұл некеден де бала болмайды. Мағжанның еңбектері мен қолжазбаларының көп бөлігін сақтап қалған да осы Зылиқа апай.

14. Ақын арманы – шығармашылық Одақ құру еді. КСРО Жазушылар Одағы сияқты ұйым құруды көздейді. Оған «Алқа» деп ат та қойып үлгерген еді. Бірақ осы арман-мұраты ақынның түбіне жетті. Сол үшін Мәскеудегі түрмеге қамалып, 10 жыл айдауға кесіледі.

15. Зылиқа Мағжанды құтқару қамына кіріседі. Мағжанның М. Горький шығармаларын аударған еңбектерін жазушының әйелі Е. Пешковаға хат жазып, көрсетеді. Осы іске М. Горький араласып, Мағжан мерзімінен бұрын бостандыққа шығады.

16. Түрмеден босап шыққан соң, туған жері Қызылжарда қазақ мұғалімдеріне арналған арнайы курс ашады.

17. Түрмеден кейін небары бір жылдан кейін «Халық жауы» деп қайта сотталып, 1938 жылы наурыз айында Жұмабаев ату жазасына кесіледі.

18. Шығармалары дүкендер мен кітапханалардан алынып, жойылады. Ақынның жазған еңбектерінің түгін қалдырмай, өртеп жібереді. Жарты ғасырға жуық уақыт бойы шығармаларын оқуға тыйым салынады.

19. Жұмабайұлы есімін ақтау ісі 1958 жылы қолға алынғанмен, ақын шығармалары 1989 жылы ғана қайтадан жариялана бастады. 1995 жылдан М. Базарбаев, С. Қирабаев, Х. Абдуллин, Ш. Елеукенов, Б. Дәрімбет, Ш. Сариев бастаған ғалымдар тобы Жұмабайұлының 3 томдық шығармаларын шығаруды қолға алды.

20. Ақынның 100 жылдық мерейтойы қарсаңында 1993 жылы Мағжан Жұмабайұлының мемориалдық мұражайы ашылды.

Жүсіпбектің Мағжанға жазған хаты
Мағжан Жұмабаев. Мен жастарға сенемін
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу