Қаламгерлік пен қайраткерлікті қатар ұстаған азамат

Oinet.kz 21-09-2023 238

«Қымбатты Назым! Кейде адам аспандағы Айды аңсайды. Оған қолының жетпейтіндігін, оның орындалмайтын арман екенін де білесің. Бірақ, біле тұра, соны сезе тұра оған қол созасың. Мүмкін бұған сен дау айтарсың. Біліп отырмын, қазіргі техниканың дамыған, космос корабльдерінің ай түгілі Шолпанға да қонып жатқан кезінде мына тиіп тұрған Ай да сөз болып па деп.

Screenshot_31.jpg

Бұл сұрағыңа да жауап беруге болады. Кей кездерде, көпшілік жағдайда арманның ұшын ұстап, соған қарай талпыну жолында көп қиыншылыққа кездессең де соны қуалай бергің, алға қарай ұмтыла бергің келеді. Бір ұшы қолыңда тұрған сол арманды түпкілікті орындауға тырысасың. Соның жолында кеудеңнен жаның шыққанша өмір сүргің келеді. Егер арманыңның орындалмайтынын сезсең, бұл дүниеде адам болып, жер басып жүргеніңе де, осы жарық әлемге келгеніңе де қапа боласың. Бүк түсіп жатып қаласың. Серпілгің, барлығын ұмытқың, сөйтіп мына гүлжазира әлемде көкірегіңді кере ашып қуанғың келеді. Құлшынып еңбек етуге, күнделікті тынымсыз жұмыспен өзіңді жегідей жеген алаулаған сезімді тұншықтыруға талпынасың. Өкінішке орай ол көп жағдайда сәтті шыға бермейді. Бәрібір сол жүрегіңнің терең түкпірінде жатқан нәзік сезім қайтадан жарқ етіп шыға келгенде, құйтақандай жүрегің тауды қопарып, тасты жарғандай солқ еткізгенде, не істеріңді білмей қиналасың. Иә сен менің орындалмайтын арманымсың, қол жетпейтін шынарым болдың. Өзіңнің мөлдір махаббатыңа дәл сондай жауап болмаса, сүйіспеншілікке сүйіспеншілікпен жауап бермесе бұл жағдайда одан өткісіз бақытсыздық болмаса керек. Мен сені кінәлап отырған жоқпын. Мүмкін сен де біреуді, жаны жайсаң, маңдайының екі елі ырысы бар жігітті сүйерсің. Ол өз еркің. Әлде тағдырдың тәлкегіне айналған мен бейбаққа деген жүрегінде сәл де болса бір ұшқын болар. Бірақ, мен саған сүйетіндігім жайлы, мен үшін сенен артық адам жоқ екендігін де айтқан емеспін. Айта да алмаймын. Мүмкін өмір бақи айтпаспын да.

Мен саған осы хаттты жаза отырып, бұл хаттың ешуақытта сенің қолыңа тимейтінін, сенің бұл хатты оқи да алмайтындығыңды білемін. Өйткені мұны мен саған ойша жазып отырмын. Бұл менің тап таза кіршіксіз ойым ғана.

Иә, осының бәрі неден басталып еді өзі. Айтпақшы, сенің осы мен қызмет істеп жүрген ауруханаға жұмысқа келуіңнен басталды емес пе? Мүмкін сені көрмес пе едім. Мұндай азапқа түспес пе едім. Кім біледі. Мұның өзі сандырақ та болар. Жүрек қашанда болса, өзі ұнатқан, өзі сүйген адамды табуға міндетті. Ал таба алмаса, өмір бойы өкініште өтері сөзсіз. Біріншіден, мен сені тапқаныма қуансам, екіншіден, ешуақытта сенімен бірге бола алмайтыныма, сенің қасыңда жүре алмайтыныма қапа боламын. Сенімен қиялымда ғана бірге жүретінімді өзіме медеу етемін. Сол ғана мен үшін жұбаныш.

Осымен хатты аяқтаймын. Қош сау бол. Сенің бақытты болуыңа тілектеспін. Ой құшағына шомып барамын.

Нұрлан».

Бұл Оңтүстік өлкесіндегі журналистердің төбе биі болған журналиссимус, қарымды қаламгер Байдулла Қонысбектің «Сезім шырғалаңы» әңгімесі. Қысқа ғана қайырған туындысының өзінде ешқашан айта алмайтын жігіттің сезімдегі шырғалаңын шебер жеткізген. Оның кез-келген шығармасынан әсер алмау, тебіренбей оқу мүмкін емес. Әр кейіпкерінің мінез-құлқын, бітім-болмысын анық, дәл жеткізеді. Ал, журналистикадағы жолы туралы жақын досы, жазушы Мархабат Байғұт бүй деген:

Сатирамыздың сардары Садықбек Адамбеков бір жылдары бүй депті: «Ана өз баласының қадам басқанына, сықылық атып күлгеніне, былдырлап сөйлегеніне қандай ақжарылқап қуанса, сен де маған сондай қамқоршы болдың. Осының үшін саған қарыздармын, «Оңтүстік Қазақстан»! Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеті, өңірдің қара шаңырағы қалтқысыз қамқоршы болған қаламгерлер тіпті де аз емес. Тәкен Әлімқұлов, Сәуірбек Бақбергенов, Еркінбек Тұрысов, Мұхтар Шаханов, Исраил Сапарбай сынды, тағы басқа да айтулы ақын-жазушыларыңызды айтпағанда, «арқалағаны алтын, жегені жантақ» (Шерағаңның сөзі ғой) журналистікті жауапкершілікпен, азаматтықпен атқарып, бақ-берекелерін БАҚ-тан тапқан танымал тұлғалар қаншама. Солардың бірі – Байдулла Қонысбек. Біздің Байекеңді Қарағанды мен Қостанайда да, Тараз бен Қызылордада да, Атырау мен Ақтауда да, Семей мен Өскеменде де, Алматы мен Астанада да сұрайтындар табылады. «Ақкөңіл ағамыз қалай?» дейді. «Кеңпейіл көкеміз аман ба?» дейді. «Күлкісі қалай, күлкісі?» деседі. Байдулла Қонысбек журналист болуды бала кезінен-ақ армандаған. Қазақ университетіне құжат тапсырып, барлық емтиханнан «бес» алып, орыс тілінен оңбай құлаған. Туған ауылы Жүзімдіктің жетпіс үйіне қарап, жайдары күліп келе жатқан жас жігітті көрген көршілері: «Мөлке бидің немересі ҚазГУ-ге түскен екен ғой» депті. Кейін ғана естіп, құлап қайтса-дағы, күлкісінен танбағанына таңданыпты. Жүзімдіктегі кеңшар шеберханасында слесарь, токарь, тіркеуші болады. Аудандық газетке мақалалары шығып тұрады. Келесі жылы ШымПИ-ден тағы құлап қайтады. Орысшадан. Ауылына курсқа кірдім деп, күліп келеді. Шымкент кооператив техникумы жанындағы бір жылдық курсты тәмәмдап, орысшасын оңдап, Алматыға аттанады. Түседі. Оқуға. Журналист мамандығына. Алпыс алтыншы жылдың шіліңгір шілдесінде, қырық төрт градус ыстықта, шымқай қара кәстөм киіп, омырауына «ромбик» қадап, қарақоңырлау, бұйралау шашын шалқасынан қайырып, облыстық партия комитетіне кіреді. Жас кадр. Ол «Оңтүстік Қазақстан» газетіне осылай келген. Очерктері бұрқырап шығып жатты. Аудармашы. Жауапты хатшының орынбасары. Бөлім меңгерушісі. Сонсоң – он жыл бойы жауапты хатшы. «Облыстық газеттің жаухатшысы» дейтін жұмыстың жағдайын тек бастан кешкендер ғана білер. Мәскеудегі КПСС Орталық Комитетінің қап-қап қаулы-қарарларын, ЦК хатшыларының көл-көсір баяндамаларын, ТАСС-тың тарсылдаған телетайпын тап-тұйнақтай игеріп, толайым-тұтас меңгеріп, обком мен облатком жақтан жіберілетін, тек орыс тілінде ғана келетін таусылмас материалдарды жедел аударып, тегіс түгендеп, түн қатып жүрсе де, түсі қашпай, жайдары күлкісінен танбай жұмыс істейтін. Күн сайын дерлік үйіне түнгі сағат екі-үште ғана қайтатын. Қайта құру қаулаған, «қайта құрмақты әркім өзінен бастау керектігі» талап етілген сексен бесінші жылғы сәуірде Байдуллаңыз облыстық партия комитетіне қызметке шақырылды. Қырық төрт жасқа кеп қалған журналистке «қайта құрылу» да, обкомға сіңісу де оңайға соқпады. Марқұм Мырзашев мұны жан-жақты түсінді. Көп ұзамай бөлім меңгерушісінің орынбасарлығына жоғарылатты. Төлебековке талай кадр ұнамаса-дағы, біздің Байекеңнің жайдары күлкісін жоққа шығара алмады. Облыстық радиокомитетке бастық етіп жіберді. Облыстық газеттің майын езіп ішкен, жиырма жылға жуық уақытын жұмсаған, обкомда екі жылдай қайта құрылған, облрадиокомитеттің тозған жағын оздырған Байдулла Қонысбек оншақты жыл бұрын жабылып қалған облыстық телеарнаны қайта ашуға белін бекем буып кіріскен. Оның қайраткерлігі мен қайсарлығы осы тұста байқалған. Байқоңырдайын ғарыш айлағына Байменов Болаттайын бас инженерін ертіп апарып, өзі арнайы жабдықтар әкелген. Жасамыстар мен жас журналистер қатарынан икемділерін тауып, жаңа тірлікке тартқан. Тәрбиелеген. Баулыған. Кемшіліктеріне көнген. Олқылықтарына төзген. Шыдаған. Шыңдаған. Сонау Владивостокқа дейін мамандарын жіберіп, құрал-жабдықтар құраған. Күлген. Кейде жыларман болған. Бірақ, баяғы жайдарман күлкісін қайта тауып отырған. Бұл Байекеңнің кейде ортақ іс үшін, халыққа керек хабар не мақала үшін бастықтарын да тыңдамай кететіні бар. Соның біреуіне өзіміз де куә болғанбыз. Ана бір жылы бастығы келді. Алматыдан. Байекең жалғыз жүрмесін деп, шашбауын көтере түсейік деп біз де ілесе бардық. Ауданға. Жаңағы кісінің атасы бар екен. Ауылда. Жасы тоқсанның жетеуінде. Өскен, өнген әулет басы. Кіндігінен тараған үрім-бұтағының ұзын саны сол кезде сексенге жуықтапты. Әңгімені ағытқанда ауызымыз ашылып қалыпты. Құдды бір мәшініске қызға «диктовка» жасап отырғандай, жіптіктей етіп айтады, жосылтып сөйлейді, арғы-бергіні қозғайды, жадының мықтылығы қайран қалдырады. Ойпырмай, мына кісі нағыз шежіре ғой, қазына ғой, мұндай адамды біз жазып алып қалуымыз керек, жұртқа көрсетуіміз керек, деп жатыр Байекең. Кішіктігі ме, сақтығы ма, «Қойыңыз, қайтесіз, сөз болады», деп жатыр бастығы. Әңгіме сонымен біткен сияқты еді. Жоқ, бітпепті. Бір күні теледидарды қарасақ, «Казино» деген хабар көрсетіліп жатыр. Әнеу күнгі ақсақал сөйлеп отыр. Кененмен, Бауыржанмен аралас-құралас болған кездерін өте қызықты етіп айтып отыр. Қуанып қалдық. Байекеңнің сергектігіне. Керек дүниені қалт жібермеген журналистік шыдамдылығына. Бастығы ренжіпті. «Мұныңыз не, қызметіңізді пайдаланып, атам туралы хабар жасатқандай болдым ғой», депті. Араға бір жылдай салып, тоқсанның сегізінен асып, қазына ақсақал да өмірден өтіпті. Сонда бастығы қайтадан телефон соғыпты. «Байеке, сіздікі ақыл болған екен, атамнан жақсы белгі қалдырдыңыз, рахмет», депті. Солай. Облыстық телеарнаны аяғынан тік тұрғызған. Тоқсаныншы жылдардың басынан бастап «Бетпе-бет» атты авторлық бағдарламасын тұрақты жүргізген. Он бес жылын осы салаға сарп еткен облыстық телеарна басшысы қызметінен күтпеген жерден босатылғанда һәм кәдуілгі күлкісінен онша жаңыла қоймаған. Сыр білдірмей, ешкімге көрінбей, шағын ғана саяжайындағы кішкентай күркеде бір апта жатып алғаны рас. Оң қолын алға салып, сол қолын сәл ғана артына қайыра ұстап, бес қабатты бетон үйдегі қарапайым пәтерінде ерсілі-қарсылы жүріп, қатты ойланғаны рас. Көп ұзамай-ақ қара шаңырақ – «Оңтүстік Қазақстан» газетіне қайта оралған. Сол жерден зейнеткерлікке шыққан. Бас редактордың орынбасарлығынан. Қалам иелерінің зейнеткерлігі дегеніңіз – шартты нәрсе. Байдулла Қонысбек қайта зейнеткер атанғаннан кейін бейнетті бірнеше еселеп арттырды. Өңіріміздегі қоғамдық жұмыстардың қайнаған ортасында. Қаламы қанат қағады-ай! Біраз кітаптар шығарып үлгерді. Қай-қай басылым мен телеарналарда да шәкірттері аз емес. Екі жыл бұрын шырайлы Шымкентіңіздің Ордабасы алаңында Тәуелсіздік монументі ашылған. Елбасы келген. Сонда ғой, Нұрсұлтан Назарбаевпен қатар тұрып, қалың жұртқа сөз арнаған сабазыңыз да – осы Байдулла Қонысбек. Мөлке бидің ұрпағы. Өткен күзде Президент Түркістанда зиялы қауым өкілдерімен жүздескенде ше, он төрт адамның ортасында Байекең де болған. Елбасы жыға таниды екен, жылы жүзбен жақындап келіп, Байдулла Қонысбектің жағдайын сұрап, қолын қысқан. Бүгінде байырғы Байекең, қашанғы Қонысбек – Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Оңтүстік аймақтық филиалының төрағасы. Бұған қоса қаншама қоғамдық кеңестер мен комиссиялардың белсенді мүшесі. Облыс журналистерінің төбе биі ретінде әлдеқашан мойындалған. Кемшіліктерді кесіп айтады, олқылықтарды осып айтады. Оңтүстікте жүздеген газеттер шығып жатады. Ара-арасында алапестері де жоқ емес. Төбе биіңіз «жолбике журналистердің» «кәсібилік» деңгей-дәрежесіне, қаламгерлікке тән қасиетті құндылықтардың қолдан арзандатылып бара жатқанына жан ауыртады, жүрек сыздатады. БАҚ дейтін дүниеге мәдениеттен мақұрым, нысай-ниеттері қараулардың дендеп еніп кететініне, билік буындарындағы бәзбіреулердің ұялмай-қызармай сондай-сондайлардың шылауларына шырмалып жүретініне аң-таң қалады. Айтады. Басқосуларда. Жазады. Жариялайтын басылымдарға. Айту – парыз. Айта білетіндерден, жаза білетіндерден ұлт рухының уызына у себетіндер, тектіліктің тінін жегі құртша кеміретіндер, діннің «ағым-сағымдарына» елітіп еліретіндер аз да болса аяқ тартар. Орыс журналистикасының тарихында бұрын мұқым тыйымдалып, бертініректе ғана шын бағаланып, «журналиссимус» атанып, жан-жақты насихатталып жүрген Алексей Суворин (1834-1912) деген тұлға бар. Сол Сувориніңіз: «Мен газетті өз отбасымнан да ... тіпті әйелімнен де артық сүйемін», деген екен. Әрине, біздің бұ Байекең Суворин емес. Келіншегі Құттығызды газетпен немесе теледидармен теңдес көрер. Бәрінен бұрын Байекең, Шерағаң айтатындай, алтын арқалаған азамат».

Оңтүстік журналистикасының атасы атанған Байдулла Қонысбек туралы осылайша айтатындар, жазатындар аз емес. Себебі, ол қаламгерлік пен қайраткерлікті қатар ұстаған азамат бола білді. Баспасөз бен телерадиода қызмет атқара жүріп, туған ел, өскен ортаға перзенттік қызмет етуді бір сәт те естен шығармады. Қалың істің ортасында жүріп, қарбаласы таусылмайтын баспа шаруасының қалыңынан саңлау тауып, туған ауылы – Жүзімдікке ат басын әлсін-әлсін бұрып, ағайын ортасында болып, олардың мәдени, рухани жаңғырып, өркен жаюына ыстық ықыласымен қызмет жасап тұрды. «Жүзімдік жұлдыздары» атты шығармалар жинағы, осы атты деректі телефильм өзге емес, осы Байдулланың тікелей басшылық, қамқорлығымен жасалды. «Оңтүстіктің» бетінде ұзақ жылдар тұрақты орын тапқан «Бетпе-бет» айдарымен елге кең тараған салауатты сұхбат-әңгімелер, осы атпен жарыққа шыққан толымды–қонымды әңгімелер кітабы Байдулланың қаламгер-азамат ретіндегі бейнесін биіктете түскен аса салауатты еңбегі болды. 

Тек журналистикамен ғана шектеліп қалмай қазақ әдебиетіне де қомақты үлес қосқан жазушы-журналистің "Алуан-алуан жүрек бар", "Биік мұрат", "Бетпе-бет", "Ұрпаққа ұлағат" атты кітаптары жарық көріп, оқырман тарапынан жоғары бағасын алғаны баршамызға мәлім. Артында асыл мұра қалдырған, елінің есінде ақкөңіл азамат ретінде қалған Байдулла Қонысбектің еңбектері насихаттала бермек. Ол кеткенмен, оның жылы жымиысы, жанашыр жүрегі, ақкөңіл болмысы жадымызда жаңғырып тұра берері сөзсіз.

Оңтүстіктің Омарбайы туралы толғаныс
Туындыларымен танылған Тіленшина
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу