Әдебиет әлемі

Oinet.kz 24-10-2023 378

Кітап оқудың пайдасы көп екенін біле тұра, уақыт бөле алмайтындар көп. Алайда кітап оқығанның таным көкжиегі кеңиді, өмірлік жауабын іздеген сұрақтардың шешімін табады. Әр оқыған кітаптан жаңа ілім үйреніп, білмеген нәрсенің көзін ашуға болады. Түркістан облысындағы аудандық кітапхана қорларындағы әдеби кітаптарға көз жүгіртіп, кітапханашылармен сұхбаттасып, кітап мазмұндарына шолу жасап көрдік.   

Screenshot_14.jpg

Әдебиетіміздің тарихында өшпес із қалдырған жазушы Оралхан Бөкейдің кітаптары, еңбектері еліміздің кез-келген кітапханасынан табылары сөзсіз. Түркістан облысында,ы кітапханаларда да оның туындылары оқырман сұранасысына орай жетерлік. Жалпы, Оралхан Бөкей 1943 жылы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы, Қатоңқарағай ауданы, Шыңғыстай ауылында дүниеге келген. Әкесі Бөкей сөзге шешен, астарлап сөйлеп өз ойын дәл жеткізетін, рухы мықты, жаны таза адам болған. Анасы Күлия көреген, ділмар, үнемі топ бастап жүретін, қажет жерінде қиыннан қиыстырып өлең де шығаратын, әсем даусы бар әнші де болған. Отбасында бір ұл - Оралхан, бес қыз – Шолпан, Әймен, Ләззат, Мәншүк, Ғалия. Оралхан дүниеге келгенде сұрапыл соғыс жылдары әкесі Оралға еңбек майданына аттанған. Анасы Күлия әкесі майданнан аман-есен оралсын деп ырымдап, сәбидің атын Оралхан деп қойған екен.

Қазығұрт аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Айгүл Тасполтаева: «Кітапты оқып отырып жазушымен танысқан адам  шығарманы тереңірек тануға көмектеседі екен. Өзім осындай пікірге келдім. Жазушы Оралхан Бөкейдің шығармашылығымен бұрыннан таныспын, алайда бір аязды қыста жазушының осы «Қар қызы» повестін оқуға кірістім», - дейді. 

Оралхан Бөкей – есімі дүние жүзіне танымал жазушы. Оралхан Бөкейдің шығармалары дүние жүзінің көптеген тілдеріне орыс, ағылшын, француз, неміс, жапон, араб, қытай және басқа да ұлы халықтар тілдеріне аударылған. Оралхан Бөкейдің адам – жұмбақ, ғалам – жұмбақтың тереңіне үңілген ізденісін танытатын шығармасының бірі – «Қар қызы» повесі. «Қар қызы» повесінің алғашқы нұсқасы 1977 жылы жазылып, кейін қайта өңделіп, 1984 жылы «Біздің жақта қыс ұзақ» жинағына енді. Орыс тіліне аударылу барысында мүлдем қайта жазылып, соны оқиғалар мен жаңа кейіпкерлер қосылған да, айтылар ой түп қазығын тауып, авторлық концепция анықтала түскен. Жазушы повесте табиғатты негізгі фон ретінде ала отырып, оның құпия-сырларымен бірге адам жан сырының қалтарыстарын ашуға ұмтылады. Мен  бүгін жазушының "Қар қызы" повесіндегі тіл көркемдігіне қатысты ой-пікірлер туралы әңгімелегім келіп тұр. Алдымен повестің қысқаша мазмұнына тоқталатын болсам.

Кітапхана меңгерушісі Айгүл Тасполтаеваның айтуынша, жазушы өз естелігінде: "Менің "Қар қызы" деген повесім бар. Оның қысқаша мазмұны мынадай: ауылда мал азығы таусылып қалады да, үш жігітті тым шалғайдан трактормен шөп әкелуге аттандырады. Әкелері соғыста өлген, өздері соғыстан соң туған үш жігіт ДТ-54 деп аталатын трактормен 40 градус суықта, діттеген жеріне жете алмай қар шағылдардың арасында адасады, қар тұтқынында қалады. Сөйтіп, өмір мен өлімнің екі арасындағы мәңгі аяқталмас майдан басталады. Суыққа үсіп, ұйқы меңдеп енді-енді өлейін деп жатқанында повестегі бас кейіпкер Нұржанды Қар қызы келіп оятады. Олардың тірі қалуына себепкер болған - сол аңызға айналған Қар қызы. Ондағы Нұржан - өзім. Бұл болған оқиға, мектеп бітірген соң көп жыл тракторист болып істегенмін. Әрине, Қар қызын түсімде ғана көрдім, сыңсып салған әнін естігендей болғанмын. Бір ойдан оқушы бұл оқиғаға сенбеуі де мүмкін, ал мен сенемін", - дейді. Қарап отырсам повест шынайы оқиғадан туындағандай әсерде болдым.

Жазушының «Қар қызы» повесінің көркемдік әдісі жөнінде әдебиет сыншылары арасында әртүрлі пікірлер бар. Бірі повесті философиялық-романтикалық шығарма қатарына жатқызады, ал бірі повестің реалистік сипатының басым екендігін анықтауда жазушы өз сөзіне жүгінгендігін дәлел етеді. Яғни, ол жазушының шығарма кейіпкері тәрізді тракторшы болып қызмет еткенін тілге тиек етеді. Повесте жазушының негізгі айтқысы келген ойы тракторшы жігіттердің еңбек жолы емес. Шығарманың идеялық-философиялық ойы тылсым күшке деген сенімі. Сол бір жұмбақ бейнені талмай іздеуі маңызды орын алады. Повестегі жас жігіттердің совхозға шөп жеткізу мақсатымен шаруашылық сапарға шығуы, жол қиындығы реалистік тұрғыдан суреттелген. Бірақ Нұржанның сол сапарға шыққандығы негізгі мақсаты – шөп жеткізу емес, Қар қызын көру еді. Романтикалық сипат шығарманың Нұржанның Қар қызымен кездесетін тұстарында анық көрінеді.  Оралхан Бөкейдің "Қар қызы" повесі ел арасында ерекше бағаланып, төл әдебиетіміздің дамуына, байуына мол үлес қосты деп ойлаймын.

Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» повесінің шыншыл шығарма болып түзілуі – автордың көрген-түйгені, өз басынан кешкен оқиғалары әсер еткенінен. Олай дейтініміз – повестегі Нұржан болмысынан авторды айнытпай тануға болады. Егер танығанымыз шын деп сендірсек – осы оқиғаның өз басынан өткендігіне, бір кезде өзінің тракторшы болғанына тірелеміз. Міне, өмірде түйгендерін қорыту, жинақтау деген осы.

Оралхан Бөкейдің қаламгерлік шеберлігін партизан-жазушы Қасым Қайсенов: «Оралхан Алтайдың асқақ, оқ жетпес шыңдарындай биік, өркеш-өркеш тастарындай ірі еді. Шығыстан жарқырып шыққан жұлдыз еді», – деп бағалаған. Мұзтаудың мұзбалағы, өр Алтайдың кербұғысы Оралхан  Бөкей 1993 жылы елу жасында кенеттен  қайтыс болған.

Оралхан – бір оқылатын жазушы емес. Оралхан – қайталап оқуды қажет ететін  жазушы, түсінгеніңше оқи беретін күрделі суреткер»,– деп жазушы Дулат Исабеков  айтқандай , «Апамның астауы», «Тортай мінер ақбоз ат», «Бура», «Терісаққан», «Кербұғы», «Қасқыр ұлыған түнде» әңгімелері идеясының сонылығымен ерекшеленеді

Жазушының  əуелгі «Қамшыгер», «Үркер», «Қайдасың, қасқа құлыным», «Мұзтау», «Əн салады шағылдар» кітаптарынан сыншылар мен зерттеушілердің аңғарғаны шығарма бойындағы терең философиялық түйін мен лирикалық желінің шебер үйлесе білуі жəне психологиялық талдау мен публицистикалық сарынның берік жымдасып келіп, авторлық «Меннің» баса көрсетілуі. Бүкіл шығармалары Өмір – Адам – Табиғат желісіне құрылып, айрықша ерекше  мағына иеленеді. 

Ал, «Қар қызы» повесінде заман ағысынан қалтарыста күн кешкен Қоңқай мен сиыршы шал Оралхан суреттеген кеңістіктің тартылыс күшін реттеп тұрған екі полюс секілді. Тіпті жапан даладағы Қоңқайдың жалғыз үйі — бір адамнан тұратын «мемлекет». «Қоңқай мемлекетінің» өзіндік заңдары мен философиясы бар. Ал сиыршы шал болса, осы Қоңқай үшін ен түзді мекен етеді. Яғни, Қоңқай болмаса тыныштық пен жақсылықтың күзетшісі — сиыршының да болуы мүмкін емес. Бұл — қаламгердің жаратылыс диалектикасы туралы концепциясы.

«Жазушының туындылары тұтас ұрпақты сұлулыққа, адамдыққа, жақсылыққа тәрбиелейді.Оның ізгілікке құштар айырылыспас жансерігіне айналып, бағыт-бағдаршысы болып кетті. Оның  шығармасын оқыған сайын шабыттанып, ерекше күйге ендім. Жас оқырманға осы шығарманы оқуға кеңес беремін. Кітап оқып, рухани бай болыңыз!» дейді қазығұрттық кітапханашы. 

Осы кітапхананың тағы бір қызметкері  Жұлдыз Байтұрсынова кітапхана қорындағы танымал тұлға, белгілі жазушы Бердібек Соқпақбаевтың  «Өлгендер қайтып келмейді» туындысы туралы түйген ойын былай жеткізді:

«Қазақ әдебиетінің балалар жазушысы  ерекше өрнек пен ғажайып сыр-сипат алып келген белігілі жазушы Бердібек Соқпақбаев атамыз көпке таныс болар. «Менің атым Қожа» повестін жазып, балаларға қуаныш сыйлаған жазушының қазақ әдебиетінде алар орыны бір төбе. Балалар әдебиетінен бөлек сонау соғыс уақытындағы оқиғаларға да қалам тербемей өтпеген Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» атты туындысын бірі білсе, енді бірі білмес. 

Жазушы Бердібек Соқпақбаев «Өлгендер қайтып келмейді» деген шығармасында соғыс кездеріндегі қалың көпшіліктің тұрмыс-тіршілігін, бастан кешкен қаралы күндерін баяндайды. Автор шығарманы бірінші, екінші, үшінші дәптер деп үшке бөлген. Мұндағы басты кейіпкер – Еркін есімді 15-16 жас аралығындағы жігіт болатын. Шығарма түгелдей Еркіннің бастан өткерген оқиғалары жайында баяндалып, оның көзқарасымен суреттеліп айтылады. Оның шығармадағы мінезі шыншыл, намысшыл және ақкөңіл, қарапайым ғана қазақ жігіті етіп көрсетіледі. Сонымен бірге Еркіннің туған ағасы Сәрсенбек, жеңгесі Қаныша және анасы, Нұрәлі, Зағипа, Ғалия есімді басты кейіпкерлер де бар.

Осы  туындының бірінші дәптерінде ашық аспан астындағы қазақ өмірін қара бұлт басуынан бастап баяндалады. Яғни сұрапыл соғыстың басталу сәтінен бастайды. Сол кезде Еркіннің ағасы Сәрсенбек аяқ асты соғысқа аттанып, шаңырақ басындағы барлық ауыртпашылық бозбалаға түседі. Анасы мен жеңгесі амалсыздан тұрмыстың қиын қыспағында қалады. Осылайша Нұрәлі атақ пен байлығына сеніп, жас баланың өмірін құртумен жүреді.

Екінші дәптерде Еркін ұнатқан қызы Ғалиямен қоштасып, Сарыбел ауылына мұғалімдікке аттанады. Сол ауылда жүріп Еркін мен Алтынның махаббат дастандары басталады. Алайда бұл дастан ұзаққа созылмай, тағдыр жазуымен аяқталады. Тіпті Еркіннің соғыс жылдарындағы студенттік өмірі де қиындыққа толы болады. Осындай ауыр жылдардан соң соғыс бітіп, халық жағдайы қайта жандана бастайды. Осы сәтте Еркін Зағипа есімді бойжеткенмен танысып, екеуі шаңырақ құрады.

Шығарманың үшінші дәптерінде жас отбасы шет ауылға мұғалімдік қызметке кетеді. Ол жақта да жас жұбайлар түрлі қиындықтарға тап болады. Мәселен ондағы жұрт орынымызды оқыған, білікті жастар тартып алады деген жаман оймен түрлі заңсыз әрекеттерге барып, күн көрсетпей тастайды.      Міне жастар отбасылық өмірінде де қиын-қыстау кезеңдерді де бастан өткереді. Олар тұңғыш сәбилерін қырқынан шығармай жатып айырылып қалады. Осы сәтте Еркіннің анасы да өмірден озады. Ауыр қайғыдан соң Зағипа Жамал есімді қыз босанып, Еркін де түрлі шығармаларға қалам тербеп бірнеше баспасөз беттеріне шығарып жүреді. Осы кезден бастап олар қомақты қаражатқа кенеліп, тұрмыстары түзеле бастайды. Кейін Еркін киностудияға редактор болып жұмысқа орналасып, шағын жинақ кітаптары жарық көре бастайды. Қуаныш үстіне қуаныш қосылып, жұбайы тағы да қыз босанады. Шаңыраққа береке орнап, шат шадыман күлкіге орала бастаған сәтте Жамал қызылшамен ауырып, дүниеден озады.

Осы аралықта біршама уақыт өткеннен кейін Еркін Қалимен кездесіп, екеуі бірге Ғалияға барады. Ғалияның отбасылық өмірі ойран болып, жолдасымен айырылысып кетеді. Міне осылайша шығарма желісі де тәмәм болады. Жалпы, туынды өмірден алынғандай әсер етеді оқырманға. Маған шығарма шынайылығымен ұнады.

Жоғарыдағы атаулы туындыны оқыған әрбір адам қандай қиындық болсын мойымай, жақсы ойлары арқылы сол қиындыққа қары жүріп, жеңіп шығатынына көзі жетеді. Бозбала шағынан түрлі қиындықты бастан өткерген Еркіннің болашағы жарқын болып, елге танымал тұлға атанғаны кімді болмасын қуантпай қоймасы анық. Сонымен бірге шығарма оқырманға басқа түскен қиындыққа қарамай оқу оқып, ізденіс үстінде жүріп, адал еңбекпен жетістікке қол жеткізуді де үлгі етеді. Олай болса осы жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді»  кітабын  оқуға жастарды шақырамын.

Киелі Қазығұрттың балаларына білім беріп жүрген тағы бір кітапханашы, Жанар Өмірбаева Мұхтар Мағауиннің «Құралай жолы» туындысы туралы түйген ойын төмендегідей жеткізді:

Табиғаттың  таң  ғажайып  сәтінің бірі-түн мезгілі болатын.Сол сәттің де құдіреті шексіз болар Мұхтар өз қиялын оңаша ойлап,аяғын аңдап басып келген болаатын Қазақ халқының қалаулысы бола білген жанды; Ел көруге сөзін естуге ынтық болғанды.Ұлы жазушы Ұшкөкше құмкент өңіріне бара қалса аса қадірлеп Мыңжылқы тауына жақын миуа бағына ақ боз  үйін тіктіріп күтіп отырған. Балықшы ауылы да текемет-кілім жаюлы ақ атаудың төріне отырғызатын болған. Оның себебі, жазушының ерен еңбегі, ұлы да қасиет тұнған сөздері бал татитындай дәмдігі  болса керек деп ой түйдім ұлылықтың дәнін егіп, нәрін сепкен Абай данадан үлгі, өнеге алған Мұқан өз дәуірінің даналарының бірі екендігі елге мәлім. Домбырадан күй, көмекейден ән шалқып ақ боз үй шаттығы түн ұзағына созылып Мұхтар аға отырған жерде қымбат уақытын ұйқыға қимай сезімтал сергектікпен күн киетін дарқан жазушы.

Тілші дейтіндер ғаламды көп біліп көрген жұрт. Сенің Тарбағатай, Алтайға немесе шығыс жағына барғаның барма деген сөзге,

Жоқ ал жақта  болудың реті келмеді деген.

Ол жерде Қаратау сияқты, орман ағашты болып келеді. Ақбикеш жайлы аңыздың шетін бастап, жөндеп айтшы, тыңдайын деп еді Мұқан маңдайы жарқырап орнынан тұрды. Менің көрген мұнарам Ақбииктің өзі емес, құла түзде жападан-жалғыз  тұрған мұңара еді,- деді.

Отыздан озбай тұрып, ата-заманнан арғы бикешті  қалай көретін едің соны айтшы десе. Жайлау елін аралап келе жатып, енеу бір жылы Ақкүмбезге дейтін тау бұлағына тоқтап өткенім бар деп айта отырып түсінік бере кетті. Ақсүмбе – тау қойнынан құлап ағатын сұлу өзен. Бұл өзенді аңғарымпаздықпен қарап Дулат дейтін жол серіктен биіктен қарағанда бейне бір болат найзадай жарқырап, қиырсыз Қияс даласына оқтай байлап кетеді екен мына өзен деп езуін жиа бергенде. Қашық жерде қалдан құйғандай мұнара биік шоқы үстінде найзадай шаншылған  мұнара айқын көрінгенін бұл не? Деген тұста ол Ақбикеш қай кәдімгі деп жауап қатқан.

Тоғайға біткен сәмбі тал,

Кімдерге табыт болмаған.

Жапонда қалған бұршақ қақ,

Басына жібек ораған.

Арулар кімнен қалмаған!-

Деген емес пе еді, халық мұны мен әділет күнін жоқтап өткен ер қарулы бабамыз. Адам адам болғалы неше соғыс болмады дейсің, кірә .Сөйтсе – дағы жамандықтан- жақсылық қастықтан-достық, зұлымдықтан –ізгілік мерейіүстем болып,өткеннен белгі қала бергені қапалы күндердің сан қырлы белгісі болып табылады.

Атамыз марқұм айтар еді, қол бастаған батыр жігіт мерт болып, ел қапалы шақтуды деп. Сонда Қияс тесін жайлаған алшын әулетінің қызы-батырдың ғашық жары- Ақбикеш ару ел кегін қайырғалы аттан салып атқа мініпті.

Қазақта Тұлпар мініп ту ұстаған қазақ қызы тұрса, намысты ерлер қалай шыдап отырсын. Қыздың соңынан елдің бір азаматы көтерілсе жау жеңіліп,ел үстіне мамыршылық орнапты. Сол сәтте өмірден өткен Ақбикештей аруына арнаған мұнара көз жасы маңдай терімен илеп, ұрпаққа үлгі етіп қалдырған. Аяулы аруын ел еш уақытта ұмытпайды. Нышаналы белгіні жұрт Ақбикеш деп атауының себебі сонда.

Бүркіт тауы арқылы өтуші еді. Мұқан ат тізгінін Көсегенің жонына қарай түзеп, осы қашанғы  қара жолмен келе жатқанды.Ту тігіп, тұлпар түлеткен атақты ел жайлауыне көрмеген. Қай замандар арылмаған қыз дауы, қыран дауы. жер дауы, жесір дауы. Қаңға сіңген қақтығыспен өткен ғой. Мұқан саятшылықты өкінішті халді бастан кешіргенін бірде өзі айтып берді.  Жиырмасыншы жылдары қаладағы оқудан аз күнге каникулмен елге келіп, шығыстың бөктерін Қарашолақ атанған алғыр бүркітті алып саятшылыққа барып,Түлкі бүркітті (өлтіріп)жазатайын жазым етті. Миір маусымында түлкі алдырмайды деседі. Мылтықты шошайтып киікті атпақ болғанда ол ақ киікке дарымайды. Аналық мейір аталық айбар дейтіннің керікелді. Құралайды көзбен атқан мерген болмасада жете қабат Құралайдыда есін жиғызбай шұнағын әрен жеткізді.

Бүркітті тауын бөкерлеп ежелгі керуен көшкен жол, сонау – бір  ұмтылмас есте қалған естелік деп білетін жазушы өмір өткелдерінен сыр шерткен болатын. Қыран тауы қиясында Мұхан көрген ерке сұлу Құралай жолы өткен күннен сырымен жырын әлі де сайран етіп салып жүр.   

Ал, Мақтаарал аудандық балалар кітапханасының кітапханашысы А.Ботабекова өздерінің қорында сақталған балалар жазушысы Әділхан Қалдыбаевтың «Тыртық сыры» туындысы туралы былай деді:

«Жетімдер... Ия, соңғы уақытта осы тақырыпты жиі ойлап жүрмін. Аллағы шүкір, ата-анам аман. Бауырларым бәрі жанымда, бірақ жетімдер жайы мені тыныш қояр емес. 1-маусым Дүниежүзілік балаларды қорғау күні қарсаңында "Шаттық бөленсін балалар" атты айлықтың тұсауын кескен болатынмын. Тағдыр тәлкегіне ұшырап, өмірлері бір арнаға тоғысқан бүлдіршіндермен жүздесулер қатты әсер еткен болуы керек, осы жазбаны жазуды ұйғардым. Жетім сөзінің түпкі мағынасын мен "жалғыздық" деп ұғындым. Халқымызда ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің деген сөз бар ғой. Дұрыс-ақ. Дегенмен, ата-ананың қадірін әлдеқайда ерте түсінген жандар болса, олар әрине "жетімдер". Осы орайда Әділхан Қалдыбаевтың«Тыртықтық сыры» әнгімесінен жетім бала туралы оқиға жанымды тербетті. Шалдың немересі Сейтжан атасының шашын өзі алып жатып басындағы айқыш – ұқыш бірнеше тыртықты көріп сұрайды. Атасының   көңілі түсіп кетті. Оның бәрінің себебі бар. Әрқайсысы – бір – бір әңгіме деп күрсінді. Әке шешесінен ерте айырлғанын жетімдіктін азбын тартақанын айту өте қиін екенін айты. Жастайынан жұмысқа жеккенін. Қабырғасы қайысып, бұғанасы бекімей жатып, ауыр еңбекке жолы басталғаны туралы айтып, көзіне жас келді. Баяғыда бір бала болыпты.Әке-шешесі жоқ тұл жетім екен. Көрінгеннің есігінді қаңғып жүреді. Бір үзім нан үшін жұрттың шошқасы мен сиырының соңында солпаңдып,айтқан шаруасын екі етпей орындайды. Ер жеткен соң бір ауқатты шаруаның сиырын бағуға жалданыпты. Күздің қара суығы екен.Төңіректі тұман шарлап,ызғырық жел өміңнен өтеді.Жұрт жылы үйден шыққылары келмейді. Ал жетім бала жалаң аяқ сыз басып,сиыр жаяды.Суықтан тісі -тісіне тимей жаурайды. Жапан далада тоңғаннан не істерін білмей,өксіп-өксіп жылайды. Қай кездеде қатігез адамдар болады Тихонов кулак оны таяққа жіғіп, аямай сабаушы еді. Маңдайдағы айғыз – айғыз тыртықтардың көбін содан қалған. Жаман мен жақсы қатар жұреді ғой жақсы адам да бар. Ахмет деген кісі жақсылығы Алладан  қайтсын. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) ұлағатты сүннет қазынасында жетімдердің жайын ойлауға жігерлендіретін хадистер өте көп. Солардың кейбіреуінен мысал келтірейін. Бір жетім дастарханда елмен бірге отырса, дастарханына пәле жоламайды. Құл мен жетімдерге көмек еткен кісі, Алла жолында соғысқан немесе күндіздерде ораза ұстап, түндерде ғибадат еткен кісі сияқты. Кім Алла ризалығы үшін бір жетімнің басынан сипаса, оның қолы тиген әр тал шашы сайын жақсылық болады. Сол жетім ер жетіп комсомол болып байлардың жерлерін тартып алып, кедейлерге үлестіріп беретін болған. Байлар тұзақ құрып соқыға жығып соңғы тыртықты түскен. Көп ұзамай алғашқы ауылшаруашылық артелін құрды. Ол «Өркен» деп аталатын. Атай әңгімесінің соңында сендер «Өркеннің» баласысындар. Сендердің торсықтай шекелеріңе ешкім тыртық салмасын, деп жетім бала осы үшін күрескенін айтып берді. Сөзімнің соңында Әділхан Қалдыбаевтың «Тыртықтық сыры» атты туындысынан жетімдіктің күні өте аянышты екенін жеткізгім келді. Алла  баланы ата анасынан айырмасын дегім келеді».

Сансыз баптар мекендеген Сайрам аудандық балалар кітапханасының қорымен де таныстық. Кітапхана қызметкері Н.Андакулова дара драматург, заңғар жазушы Төлен Әбдіковтің «Оң қол» әңгімесі туралы айтып берді:

Қазақ халқының әйгілі жазушысы, драматургі, қоғам қайраткері – Төлен Әбдіков.                  Төлен Әбдіковтың жүректі елжіретіп, адамға дұрыс жол көрсетіп, адамның адамгершілігін арттырып, ойлануға түрткі жасайтын шығармаларды оқымау мүмкін емес. Жазушының «Оң қол» әңгімесін оқи отырып, әр адамға қандай жағдай болмасын, қиын сәтте де, қуанышта да қолдау, мейірім көрсету, көңіл бөліп тыңдап, әр адамның ойын қәдірлеуді түсіне аламыз. Төлен Әбдіков бұл әңгімесінде адамзаттың ішкі толғанысына ерекше назар аударған. Жазушының жазып жатқан қаламы адамның ішкі эмоциялық сезімдерін айқын бейнелеген. 

Әңгімедегі басты кейіпкер – Алма. Шығармада ол тұйық, кітап оқуды жақсы көретін және басқалардан ерекше рөлді сомдайды. Яғни,оның оң қолы өзіне бағынбайды. Бұл көрініс психиатрлық ауруханада жүзеге асады.

Сағат түнгі үш пен төрт шамасында Алма жатқан палатадан қатты шыңғырған дауысы естіледі. Ештеңеге қарамай жүгіріп келген дәрігер, Алманың оң қолы кеңірдегін тас қылып алғанын көреді. Оған көмектесіп қолын қайырғанда, Алма көзін ашты, көпке дейін өз-өзіне келе алмады. Осы күннен бастап дәрігер Алманың науқасына байланысты жеке күнделік жүргізді. Оң қол Алмаға тек ұйықтап жатқан кезде ғана шабуыл жасайды. Бұл іс-әрекет күнде қайталанып бастайды.                    Бір күні Алма жалғыздықтан жалығып, серуендеуге шыққысы келетінін  дәрігерге айтады. Дәрігер мен Алма күні бойы серуендеп, көңіл көтереді. Сол күні оң қол Алманы мазаламайды. Себебі, Алма осы бір күн ғана жалғыздықты сезінбейді.                       Әрине, дүниедегі ең қиын жағдай бұл – жалғыздық. Ішіндегі қуанышың мен қайғыңды бір жақыныңмен бөлісе алмауың өте қиын жағдай. Алманың басынан кешірген бұл құбылыстар, Алманың өзін-өзі өлтіруі негізінен оның ойында болған деп санайды дәрігер» деп терең түсінігін жеткізген кітапханашы сөзінің соңында: «қорытындылап айтқанда, бұл бес күндік дүниеде адамдар бір-біріне жылы көзбен қарап, мейірімділік танытып, бірін-бірі қадірлеу керек. Адамның ойлау ойы дұрыс болуы керек.  Сонда  жақсы өмір сүруге болады», - деді.

Кентау қалалық орталық балалар кітапханасының меңгерушісі Сайдуалиева Раушан ұлтымыздың ұлы тұлғасы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» еңбегі туралы былай баяндады: 

Қазақ  жазушыларының ішінде ұлт даңқын көтеріп, әлемге қазақ деген халықты танытқан - Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың орны ерекше. Ол халықтың рухани  аманатын  ұрпағына  бүкпесіз қалдырған  Ұлы Абайдың азаматтық бейнесін әлемге паш етті. М.Әуезов – Абайдың өмірінен тұтас бір тарих жасап шыққан ұлы ойшыл,  бір шығармаға қазақ халқының ғасырлық  тарихын  сыйдыра білген жазушы.  

«Абай жолы – ғасырлық туынды».  Оған дәлеле ретінде қырғыздың жазушысы  Ш.Айтматовтың мына сөздерін айтуға болады: «Өз басым өзге елге сапарға шығып, өзге  жұрттың  табалдырығын аттай қалсам,  әрқашан  қасиет  тұтып, өзіммен бірге қастерлеп  ала жүретін екі түрлі  асылым бар: бірі – «Манас», бірі – «Абай жолы» , деуі осыны айғақтайды.  Төрт томнан тұратын  эпопеялық  көлемді роман қазақ халқының сол кезеңдегі әлеуметтік, тұрмыстық, отбасылық  ғұмырын  мейілінше дәл, айқын бейнелейді. Жазушы  романда Ұлы Абайдың он үш  жасынан бастап,  өмірінің  соңына  дейінгі кезеңді  өте  керемет  шеберлікпен суреттейді.  Шығармадағы оқиғалар  күн  демей  түн  демей  толассыз  өтіп  жатады,  бірін-бірі  қуалай  аққан  дария  толқындарындай  сабақтас  қалпында  көрініс  табады.  Шығарманы оқып отырған оқырман  ондағы  мәңгілік  толастамайтын  жақсылық пен  жамандықтың,  ізгілік  пен  зұлымдықтың  шайқасына куә  болады. Абайдың өмірінен  үлгі алады. Жазушы  Абайдың  жеке  басына  түскен  қиындықтан, жеке  бас  трагедиясынан  халық  трагедиясын көтере біледі. Данышпан  Абайдың  бала,  жас  Абайдан  хәкім,  дана   Абайға  дейінгі  өмір  кезеңін  қамтитын  бұл  шығарманың  қазақ  әдебиетінен  ойып  тұрып  орын  алатыны  белгілі.  «Абай  жолында»  қазақ  қоғамының  алуан  түрлі  топтары  кең  қамтылып,  сан  қырлы  көрініс  тапқан.  Сонымен  қатар  романда  қазақ  халқының  тұрмысы,  діні,  жалпы  дәстүрлері:  жаз  жайлауға  көшу,  аза   тұту,  ас  беру,  жұт,  болыс  сайлауы,  дауға  билік  айту,  аң  аулау  мен  табиғи көріністер көркем  түрде  бейнелеп  айшықталған.  «Абай жолы» - жай  ғана  роман емес,  көркем  ойдың  жиынтығы, бүкпесіз  бейнеленген  өмір  шындығы,  халықтың  тағдыры,  өткені  мен  келешегі  туралы  терең  толғаныс. 

Абай – тұтас  бір  тарихтың  дүниеге  келуіне  себепкер  болған  ұлы  тұлға. Романда   жастайынан  көңілді  баурап  алатын  көне  жыр,  ескі  әңгіме,  аталы сөзді  жадына  тоқып  өскен  бала   Абай  өте   зерек  алғырлығымен  ерекшеленеді. Абайдың  зерек  те  ақылды  болып  өсуіне  әжесі  Зере  мен  анасы   Ұлжанның  да  әсері  мол  болады. Аналары  Абайды  тек  адамгершілікке,  ізгілікке, имандылыққа  тәрбиелейді. Оқудан  оралған  жас  Абай  аналарына  бет алғанда  Ұлжан  баласына: «Әуелі әкеңе  сәлем бер»  деп  бұрып  жібереді. Бұл  тәрбиелі  қазақ әйеліне  тән ер азаматты қадірлеу. Екіншіден, «Әке – асқар  тау»  деген  халқымыздың  әкенің  отбасындағы  орнын жоғары  қоюдың  бір  белгісін  өнеге етеді. Әкесі  Құанабай  да   балаларының  ішіндегі  Абайдың  зеректігін,  ерекшелігін  байқайды. Болашақ  ақынның  адам  ретінде ,  азамат  ретінде   қалыптасуына  әкесі  Құнанбайдың  да  ықпалы  зор  екенін  байқауға  болады.  Жас  Абайды әкесі  ел  ішінің  өз  мүддесіне  қарай  шешімін  табатын  әр  түрлі  істерге  араласуына  баули  бастап,  Құлыншақ,  Сүйіндік, Байдалы сияқты елдің  игі  жақсыларына  жұмсауы  Абайға  әділет пен адамгершілік  деген  қасиетті  саралап,  өз  бойына  жинақтауына  әсер етті. 

Эпопеядағы  Абай  бейнесі күрделі  тұлға. Адамгершілікті,  имандалықты,  қайырымдылықты,  әділдікті,  парасаттылықты  Абай  ісінен көреміз. Абай  әділдікті  сүйгендіктен жалаға,  зорлыққа,  шындықты  сүйгендіктен жалғандыққа,  достықты  сүйгендіктен опасыздыққа  қарсы  келіп  отырады. 

Сөз соңында кентаулық кітапханашы: «Абай жолы»  романын оқи отырып, Ұлы  Абайды  әр қырынан тани түсіп,  Абайдың  бүкіл  өмір жолымен жүріп өткендей әсерде  боламыз.  Яғни, М.Әуезов – ғасырда  бір  туатын  жазушы  болса,  «Абай  жолы» - ғасырлық туынды  екені  даусыз.  «Абай  жолы» романын  оқымаған  қазақ -  қазақ емес деген сөздің бекер айтылмағанына романды  оқи отырып көз  жеткіздім», - дейді. 

Облыстық балалар кітапханасының жоғары дәрежелі кітапханашысы Гүлсана Мырзабаева да ұлы жазушының «Көксерек» туындысы туралы айтты:

Көксерек әңгімесі -  табиғат пен адам арасындағы байланыс туралы жазылған. Бұл әңгімеде адамдар табиғаттың заңдылығын бұзып, қасқырлар мекенін ойрандап, оның күшігін енесінен айырып, ауыл тұтқыны етеді. Бірақ, қасқыр есейген сайын бостандықты сағынады, өздері жапа шегеді.

Құрмаштың нағашысы қасқырлардың ініне барып оның көзін ашқан екі күшігін өлтіріп, ең кішісін ауылға алып келеді. Бала Құрмаш қасқырдың бөлтірігін бағып, Көксерек деп есім қойып, асырап алады.

Құрмаш пен әжесі Көксерекке күніне екі рет тамақ берседе қомағайлығын қоймайды. Құрмаш қанша тәрбиелеседе адал ас пен ұрлықты айыра алмайды. Таба-аяқ, қазанға ұрлыққа түсіп жегенін қоймайды. Ауылдағы төбет иттерде Көксеректің тамағын тартып ішіп, оны дос көрмей, талап кететін.

Ауыл іші, әсіресе әкесі Көксеректі өлтіріп, терісін алу керек, түбінде ел болмайды деседе Құрмаш көнбейді.  

Арықарай көксерек көкжал болады. Ол далаға кетеді. Ауылға қайтып оралмайды.

Ол бір ұрғашы қасқыр кездестіріп, содан кейін екеуі бірге азық тауып өмір сүреді. Қатты боранда ол 7 аш қасқыр кездестіреді. Көксерек солармен бірге ауылдың бір күнде бір үйір жылқысын жеп кетеді. Қарындары ашқанда жылқыға, қойға шабуылдайды. Ауыл адамдары қатты ашуланады. Бір күні Құрмаш атасы ауырып қалғанда боранда қой бағуға шығады. Сол кезде көксерек және 8 қасқыр сол қойларға шабуыл жасайды. Көксерек атпен оларға қарсы шабады. Сол кезде Құрмаш аттан құлайды. Құрмашқа көксерек шабады.

Көксерек жақындағанда ол көксеректі оның бір құлағының астындағы еннен таниды. Көксерек дейді. Сол кезде көксерек оның басын бырақ асайды. Ауылда бір аңшы бір төбет итті асырайды. Ол ит қасқыр алатын ит екенін ауыл адамдары мойындайды .Ол бір қасқыр ұстайды. Өзі көкжалдай болады. Ол көксеректі іздеуге бірнеше адам болып шығады. Олар көксеректі бір сайдың жотасынан кездестіреді. Сол мезетте көкжалға арыстандай атылып, жолбарыстай бақырып үлкен төбет көксерекке тұра ұмтылады. Екеуі біраз арпалысады. Екеуінің күші тепе-тең болады. Екеуі бір бірімен тістесіп екеуінің ауыздары қарысып қалады. Сол кезде ит иесі мен ауыл тұрғыны келіп көксеректі бауыздап жібереді. Олар ауылға көксеректі Құрмаштың апасына алып келеді.

Сол кезде апасы «Менің баламнын жазығы не деп жылайды». Апасы қайғыдан құса болады.

Басында қойшы көксеректі енесінен айырмай немесе сол кезде барлық күшіткерімен бірге атып тастап, ауылға алып келмегенде мұндай жағдай орын алмаспеді. Құрмашта тірі болармеді, ауыл іші, қаншама малдар жапа шекпес еді. 

Меніңше барлық тірлішілік иесі табиғат заңдылығымен өмір сүру керек секілді. Оны бұздыңба қаншама нәрсеге зиян келуі мүмкін. Көксерек әңгімесі соның бір дәлелі.     

Ордабасы аудандық балалар кітапханасының кітапханашысы Эльмира Нұрпейісова қазақтың  біртуар  ақын, жазушыларының  бірегейі  Міржақып  Дулатұлының «Бақытсыз  Жамал»  атты романын төмендегідей түсіндірді:

«Бақытсыз Жамал»  романының  негізгі  мәселесі  әйел теңсіздігі еді.  Бұл  әдет-ғұрыптың  құрбаны болған,  сүйгеніне  қосыла алмай  өмірі  өксумен  өткен   Жамалдың  трагедиялық жолы еді.  Оқиға басы былай басталған еді: «  Қалампырдан бала  сүйе алмаған Сәрсенбай он төртке  жетіп тұрған  Шолпанды  айттырып  қояды.  Шолпан он  жетіге келгенде,  романның басты кейіпкері  Жамалды  босанған еді.  Бұл Сәрсенбайдың  қырық беске келгенде  көрген  алғашқы баласы еді.   Жастайынан  Жұманға  атастырылып қойған  Жамал,  кәмелетке толғанда  күйеуінің  нашар  екенін біліп,  қатты қайғырады.  Бірақ  оны сыртқа көрсетпейді.  Бір  күні Жамал барған  қыз-бозбала  жиналған ойын-тойға  Ғани де келеді.  Бұл күні  Ғали өлең айтып,  екеуі танысып-білісіп, әбден  сөйлескен еді.»  Міне осылай екеуінің  бір-біріне  деген көңілі  байқалғандай болды.  Екеуі біраз хат алмасады.  Жамалдың  Жұманға ұзатылар  кезі келгенде,  қос ғашық қашып  кетеді.  Қос ғашықты  іздестіру басталған еді.  Күндердің бір күнінде  Ғани  қатты ауырып көз жұмады.  Қатты қайғырған Жамал Жұманға ұзатылды.   Жұманның ұрып-соғуы мен қорлығына   шыдай  алмаған  Жамал,  ақыр  соңында  үйден қашып,  суық күні  адасып,  үсіп өледі.  

Міржақып  Дулатұлы  бұл шығарма  арқылы  қазақ  қоғамындағы  жас  қыздардың  өмірі  қор болып, әділетсіздікке  ұшырағанын   айтқысы келді. Автор  осы шығарма арқылы адамдардың ойын өзгерткісі келді.  Әйел тағдыры, бостандығы үшін ескі  әдет-ғұрыпқа қарсы шығуды көздеді.   « Бақытсыз  Жамал»  кітабы  сұранысқа ие болды. Бұл шығарманы адамды ойландырып, сол кездің ащы  шындығын  бейнелейді.

А.Рысбекқызы

Кітап оқу кітапханашыдан басталады
Өскелең өрендер жазған ертегілер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу