Кітап оқу кітапханашыдан басталады

Oinet.kz 24-10-2023 511

Түркістан облыстық Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының ұйымдастыруымен жыл басынан бері кітапханашылар арасында «1000 кітап – 100 өлең» кітап оқу марафоны жүріп жатыр. Бұл жобаның негізгі мақсаты туралы кітапхана директоры Ақмарал Құдайбергенова: «Балаға кітап оқыту үшін алдымен, кітапханашының өзі кітап оқуы керек. Кітап оқымаған, әдебиетпен сусындамаған кітапханашының оқырман көңілін тауып, кітапқа деген ынтасын арттыруы да екіталай. Сондықтан осы марафонды қолға алдық. Бұл жобамыз бойынша әр ай сайын бір кітапханашы бір кітап оқып, бір өлең жаттайды. Оқыған шығармасы бойынша эссе жазып, қағаз бетіне түсіреді» дейді.

Screenshot_13.jpg

Аталған кітап оқу марафоны бойынша ұлттың ұлы ұстазы Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының Инновациялық және әдістемелік жұмыс бөлімінің меңгерушісі Асия Сабденкулова қарымды қаламгер, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романын оқыған. Ол өз эссесінде былай дейді:

Үйде оқимын деп алып кеткен кітапты қат-қабат шаруаларыммен алысып жүріп, демалыс күндерінің бірінде қолыма алып оқыдым. Негізі кітап оқығанды жақсы көремін алайда, кітап оқып отырып көбіне ойым сан-саққа бөлініп кететін. Бұл жолы тілге жеңіл жазылған, тұтас бір өмірді көз алдыңа алып келетін «Ай мен Айша» романын оқып отырып, ішіне еніп кеттім. Сонау 1937 жылғы жазықсыз жала жабу, жер аударту, одан қала берді сұрапыл соғыс жылдарындағы ауыр тұрмыс-тіршілік, ашаршылық, қорлау жайында ешқандай жасандылықсыз жазылған романды сүйсініп оқыдым. Оның басты кейіпкері Барсхан анасы Айшамен, іні-қарындасымен 30-40-жылдардың ауыртпалығын бірге көреді. Оңай тимейді. Бала болса да, олардың көрген азабы мен қиындығы, оны жеңіп шыққан қажыр-қайсарлығына қарап, сол замандарда мен өмір сүрсем қайтер екенмін, тағдырдың ауыртпалығына сынып кетер ме екенмін деген ойға қалдым. Сонау 37 жылдары бес жасар бала болса да еміс-еміс есінде қалған сәттерін есіне түсіріп, 60 жасында ата-бабасының, Айшаның аруағына сиына отырып жазушының анасына арнап сөзбен сомдаған сәулетті естелік романы бүгінгі жастарға тәрбие беретін ұлы шығарма дер едім.

Жазушының Шерхан Мұртаза болып қалыптасуында анасы Айшаның орны ерекше. Романда жазушы түсіне тек қана балалық шағы және анасы Айша, күн сайын туған ауылы Мыңбұлақ кіретіні жайында айта келе  балалыққа саяхат жасап, кіндік қаны тамған, балалық шағы өткен сол туған еліне сапар шегеді.

Бал балалықтың дәмін татып үлгермеген бұл шығарманың авторы үшін анасының аяулы алақаны жанға дауа, тәнге шипа болғаны шығармаларынан-ақ көрініп тұр. Адам өміріндегі ең тәтті кез осы балалық шақ болса, оны еске ала шығарма жазбаған жазушы кемде-кем шығар.

Айша – құдай қосқан қосағынан ерте айырылып, өмірдің бар қиындығын тартқан тауқыметі көп, балалары үшін жанын отқа да, суға да салған итжанды ана. Өмірінде талай қиыншылық пен азапты көрсе де болашақтан тек жақсылықтан үміт күтеді. Бала Шерханды балалары үшін отқа түскен анасы алдындағы қарыздан қалай құтылам деген ой ертеден-ақ мазалаған еді: 

«Ал мен болсам жатып аламын да ойланамын: анасы үшін о дүниедегі балалар отқа түсе жаздағанда, бұл дүниедегі біз сияқты пәндалар не бітіріп жүрміз? Не жақсылық жасадық анамызға?! 

– Ана сүтін ақ ішкен адал ұлға, Дүниенің төрт бұрышы болар тұлға!- дер еді Айша... 

Ана қарызынан қалай құтыламыз?!» 

Айша балаларына әрі ана, әрі әке, әрі әже болған нар адам болған. 

«Сонда үш жетімін ұйықтату үшін, Айша неше алуан ертегі, қиссаларды айтады. Біз үшін бұл бір қадір түндері – Алланың ақ нұры жауған түндер. Анда –санда Айша осылай өзгереді. Ұзақ түнде бізге әр түрлі әңгіме айту арқылы өзі де азаптан арылып, уайымы жеңілдеп қалатын сияқты». 

Романға нәр берген бір жетістік – қазақ халқына ғана тән ұлттық ерекшеліктерге мән беру. Қазақ әйелдерінің ата-ене, өзінен жасы үлкен қайынаға, абысынымен бірге қайын сіңлі, қайын інілердің атын атамай, оларға ат қоюы, не болмаса бас әріпін өзгертіп айтуы –ұлттық әдет-ғұрыпымыздың бір нышаны. Айшаның ата-бабадан қалған керегені отқа жақпай сақтауы, елден кетерде бүкіл аруақтан кешірім сұрап, шаңырақпен қимай қоштасуы, «Мына иесіз қалып бара жатқан шаңыраққа бас-көз болып жүрерсің» деп, иесіз үйді көршісі Баянға тапсыруы – кие тұтқан шаңырақты қандай жұт келсе де, көздің қарашығындай сақтау біздің ұлтымызға тән қасиет екендігін көрсетеді. Үйдің оты сөнуін шаңырақтың шайқалуына балайтын қазақтың от анасын қадірлеуі – бес жасар Барысханның ойнап келіп, жетілік шамға түкіріп, отты өшіре жаздағаны үшін оңбай жазалануы арқылы бейнеленген.

Шығарманың шешімі – Айшаның елден безуі. Оны елден, туған жерден, ата-баба қонысынан бездірген Тасбет пен Жуанқұл.

Бар қиындықты жеңіп, ұрпағын бүгінгі күнге жеткізген, әулетін жалғастырған Ана бақыты осында болар, бәлкім. Ана атын әуелетіп, мәңгілікке рухани ескерткіш қойған жазушы Шерхан Мұртазаның қаламгерлік бақытының бір сыры осында шығар, мүмкін.

Осылайша ой түйген кітапханашы ақын Ақберен Елгезектің проза жанрындағы «Болмаған балалық шақ»  повесіне оқығаннан кейінгі эссесінде бүй депті:

Ақын Ақберен Елгезектің проза жанрында жазған алғашқы туындысы «Болмаған балалық шақ» повесінің аты мені қатты қызықтырды. Бұл шығармада не туралы баяндалғанын білгім келді. Сонымен шығарманы қолым алып, бірде күліп, бірде жылап, бір деммен оқып шықтым. Жалпы шығармада автордың балалық шағы баяндалған екен. Ол өзінің балалық шағын ойынан шығармай басынан өткен ауыр өмірін жасөспірім көрерменге жеңіл тілімен жеткізе отырып, шақшадай бастары мен  ауыр тағдырлары аянышты етсе де, әркім өмір сүре жүріп және оны  жақсартуға талпынса, алда әлі талай жақын күндер барын ұғындырады. 

Кітаптың кіріспесінде «Шығарма шырайы шындығында демекші, осы хикаятта баяндалған оқиғалар – ойдан шығарылған дүние емес, менің басымнан өткен тағдыр. Хикаятта аты аталған кейіпкерлер де кездейсоқ, қиялымда туған жандар емес, бірі бақиға аттанған, бірі фәниде сау-саламат ғұмыр кешіп жатқан адамдар. Мен осы шығарманы жазу барысында бір кейіпкерлерімді жақсы жағынан көрсетіп, екіншісін әжуалап, жамандауды мақсат еткем жоқ. Керісінше басымнан кешкен оқиғаларды, бүлдіршін кезімнен жадымда сақталған үзік-үзік естеліктерді әдебиетсүйер қауымға жеткізгім келді» деп баяндайды. 

Әкесінен ерте айырылған Ақберен әке үйінен бауырларымен шешісінің төркіні Үржарға аттанады. Ол кезде кішкентай Ақберен 4 жаста екен. Бес адам тұратын үш бөлмелі тар үйге бұлар барып қосылады. Кішкентай Ақберен қиялға берілгіш қиялы бала болады. Оны барлығы біртүрлі қиял бала деп айтады. Ол өз ойынан көптеген оқиғаларды ойлап тауып, ауыл адамдарын күлдіріп, қызыққа батырады. Ауыл адамдары оған тәтті-пәттілер беріп, жаңа қызықты оқиға айтып беруін сұрайды. Сонда автордың өзі мен әрбір жеген тәттіні әртүрлі оқиғаларды ойлап тауып, өз еңбегіммен тауып жегенмін дейді. 

Ақбереннің ағасы Данышпан сырқат еді. Күндердің күнінде ағасы Данышпан қайтыс болады, әпкесі ..... Талдықорғанға оқуға кетеді. Анасы тұрмысқа шығып кетеді. Кішкентай Ақберен нағашы әжесінің қолында қалады. Күндердің күнінде бұзақылығы үшін нағашы жеңгесінен шапалық жейді. Нағашы әжесінің оған жүрегі ауырып, анасын шақырып: – балаңды өзің алып, тәрбиеле, менің енді шамам жоқ, оның үстінде мына жақта жүріп, жеңгелеріне жексұрын болғанша, жейтін таяқты өзіңнен жесін деп, – шешесіне қосақтап шығарып салды. Анасы үнсіз баласын алып кетеді. Ол өміріндегі ең бақытты, ең тәтті күндері осы нағашыларының үйінде өткенін кейін біледі. Өгей әкесінің үйінде де оны ешкім жақтырмады. Өгей әкесі Қалаң ұрып-соғып күн көрсетпей, өңменінен өтетін сөздерді айтады. Анасына айтатын болса, өлтіремін деп қорқытады. Ал көрші балдары Ақберенге тиіссе Қалаңның ұрған әдістерін қолданады. Сөйтіп екінші атаман атанады. Жалпы бес жасар баланың күндері таяқ жеумен өтіп, тағдыры тозаққа айналады.  

Автор егер бұл өмірде жалғыз қалған, жетімдіктің дәмін татқан екі бала болса – ол менмін, ал жалғыз болса, ол тағы да – менмін дейді.

Күндердің күнінде оның әкесінің ағасы Орынбек атасы келіп, Ақберенді  ауылына алып кетеді. Негізі барғысы келмейді, бірақ ағасы ...... айтуымен барады. Алайда ол жақта да Ақберен жетімдіктің, жалғыздықтың дәмін татады. Күн ұзаққа атасының қойларын бағады. Атасының ауылында жүріп анасын қатты сағынады. Бір күні қой бағып үйге келсе, есіктің алдында әдемі топылай тұрады. Ол анам келді деп қуанып, үйге жүргіріп кіріп, оған теріс қарап отырған әйелді құшақтап алады. Сөйтсе ол оның анасы емес екен. Ақберен далаға жүрігіп шығып, көзжасын жасыра алмай, еңіреп жылайды. Сонда анасы қалай ғана ұлын сағынбайды деп ойладым мен. Әпкесі қайда?... «Әкесін қойшы, шешесі тірі ғой... Неге сағынбайды?» деп... Ол «Сіз мені анасын сағынбайтын «жетім қозы - тасбауыр» деп ойлап отырсыз. Дәл осы жерде оңбай қателестіңіз. Баласын сағынбайтын ана болғанмен, анасын сағынбайтын бала болмайды. Өйткені, пендесінің кеудесіне Тәңір өмірдің ұлы демін анасының жатырында үрлеп, тірілтеді. Тіршіліктің ләззаты мен қиыншылығын сіз алғаш рет асыл анаңыздың алтын құрсағында сезе бастайсыз. Сіз дүниеге келесіз. Алғашқы азығыңызды да анаңыздың бойынан тататыз. Құрсақта басталған ана мен баланың байланысы мәңгі үзілмейді. Ол көрінбейтін тылсым жіп секілді, екеулеріңізді бір адам қылып байлап тастаған. Өкінішке орай тағдыр тәлкегімен, сіз анаңызды ұмытуыңыз мүмкін, бірақ сіздің жаныңыз, қайталап айтам сіз емес – жаныңыз, анаңыздың жанымен үнемі бірге болады» деп тіл қатады.

Қорыта келе, «Болмаған балалық шақ» кітабына еліміздің белгілі қаламгерлері «қазіргі қазақ әдебиетінің бестеллері» дегенмен бір туған ағасынан тым ерте айырылып, нағашыларының қолында тәрбиеленуге мәжбүр болған жетім баланың ауыр тағдыры баяндалады.

Ал анасы екінші мәрте өзге адамның етегінен ұстап, перзентінен тым шалғай мекенде өмір сүруге мәжбүр болады.

Бұл отбасылық шиеленістер ер жетіп келе жатқан баланың жан дүниесін үлкен күйзеліске душар қылып, үлкен өмірге тым ерте қадам басуға мәжбүр етеді.

Алайда шалғайдағы Үржарда ғұмыр кешіп жатқан жас өскін бала теріс жолға түсіп кетпей, тағдыр сынағын қасқая қабыл алады. Өгей әкенің қаталдығы, ауыр балалық шақ, туғандарының жанында болмағанына қарамастан шығарманың бас кейіпкері бойына айналасындағылардың тек жақсы қасиеттерін сіңіріп, армандарына адалдық танытып, келешегіне мығым жоспар құрып, рухты азамат болып ер жетеді.

Қос шығарма туралы осылай ой қозғаған кітапханашы Асия Сабденқұлова:  «алдағы уақытта оқырмандарға бұл туындылар туралы тарқатып айтып бере аламын. Бұл марафонның пайдасы көп тиіп жатыр» дейді.

Ал, құжаттарды жинақтау, өңдеу және каталогтар ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі ира Алмұратова қайратты қаламгер Тынымбай Нұрмағанбетовтің

 «Періштелердің өлімі» еңбегі туралы:  «Тынымбай Нұрмағамбетовті дәуірдің рухани ахуалын, классикалық жанрларын, бағыттарын, формаларын меңгерген, әдеби дәстүрлердің қалай дамитынын түсінген, мәңгілік сұрақтарды жаңа формада көру үшін өз сыни ойлауы мен эстетикалық талғамын дамытқан жазушы деп танимыз. Автор «Періштелердің өлімі» шығармасында ауылдың тыныс-тіршілігін ондағы ауыл адамдарының ақкөңіл аңғал сенгіш жүректері таза періштедей екенін суреттейді, сонымен қоса адамдарды ең қатігез жауызда құбыжыққа айнала алатынын көсеткен. Ордалы жынанның уын өзіне кәсіп еткен қатыгез қожайын туралы, оның ағалы-інілі Байшұбар мен Шертайға жұмыс, үйінен орын беріп басында жақсы мейрімді адам ретінде өзін көрсетіп, сосын өзінің у жасап сатып сондай үлкен байлыққа ие болған кәсібі құдықтағы ордалы жыланның уын алу үшін інісі Шертайды аяусыз өлімге итермелегені суреттеледі. Байшұбардың өз інісі үшін ештеңе істей алмай өзін атып өлтіргені періштелерге теңеген. Екінші хикаяда Ұзынарық ауылында Алдияр шалдың қызы Бибітайды мейріммен өсіріп бойжеткен шағында орыс тілді жігітке тұрмысқа шығып ұлы мен қызы орыс тілді болып өскені жанына батқаны, олар өсе келе мейрімнен мақрұм болғандығы жайында әңгіме өрбиді. Алдиярдың күнделікті тіршілігі жайында әңгімелейді. Қызы Бибітайдың ұлы Женя-Жеткерген өз нағашы атасы Алдиярдың сиырын сауып сүтін ішіп отырған, қара сиыры мен былтырғы бұзауымен ұрлап оны үш адам бірге сойып Түркістан базарына сатуға алып кеткенде, Алдияр шал өзінің қолын шапқан мен бірдей болдым деп өзін өлімге қиғаны суреттеледі. Бұл шығармада жазушы ауыл тіршілігін жақсы білгендігін оның ауыл адамдарының мінезін сомдағаны көрініп тұр. Жазушы бұл шығармасында бүгінгі заманның ащы шындағын шұрайлы тілмен суреттей отырып, сан алуан тағдырлы адамдардың көркем бейнесін сомдайды. Жазушының бұл толымды еңбегі қазақ әдебиетінің шоқтығын биіктететін бітімі бөлек туынды», -  дейді.

Кітапхана процестерін автоматтандыру бөлімінің жоғары дәрежелі кітапханашысы Гүлсана Мырзабаева заңғар жазушы Мұхтар Мағауиннің «Көкбалақ» романы туралы жазған эссесінде: «Көкбалақ романы ХХ ғасырдағы қазақ басынан өткен тарихи оқиғалар атақты күйші Тоқсабаның қилы тағдыры арқылы суреттеледі.

Романның бірінші бөлімінде Тоқсаба атақты Қызайдан бата алғандығы жазылады. Көп ұзамай күй атасы Қызай дүние салғанын естиді. Бірақ баралмайды. Себебі үйленуге әзірлік үстінде еді. Алда соншама қуаныш тұрғанда қазаға қалай қайырылар. Бірақ жас келіншегімен оралған беті ауылдағы апат үстінен шыққанда шынымен аза тұтқан. Мезгілсіз кеткен, азап үстінде көз жұмған әкесін ғана емес, қартайып, өз ажалынан өлген Қызайды да жоқтаған. Білгені бойына сыймай, үнемі саусағы қызып тұратын Тоқсаба өнер серуенін бастайды. Ауылдан ауыл асып, Қалың Найман ауылында Айтанменде алғаш танысқаны туралы жазылады. Тоқсаба қалыңдығына үйленуге Зәурештің ауылына барады. Сол жақта Дәулескер домбырашы Бекжанмен сайысқа түсіп Байжігіттің «Көкбалағымен» жеңеді. Зәурешті ұзатып әкеле жатқанда өртке кездесуімен басталады. Өрттен аман қалған Тоқсабалар тобы ауылына келгенде бүкіл ауылын өртеп кеткен ақтар екенін біледі. Осылай Тоқсаба отбасынан айырылады. Отбасынан айырылған Тоқсаба өмірде көп қиындықтар көреді. Мал бағады. Қиын-қыстау күндерді бастан кешіреді. Алдымен Бекжан өлімі, кейін обадан кеткен келіншегі Зәурештің өлімі ауыр тиеді. Он жасар баласы Айдаболмен қалады. Өкіметтің көзі түзу ғой деп, балалар үйіне тапсырады. Көп ұзамай өзінен он бес кішкентай, артынан еріп келген кішкентай қызы бар келіншекке үйленеді. Төрт жылға созылған соғыста өтеді. Ұлы Айдаболда ауылға оралады. Қыздан туған екі ұлды бауырына басып, бағады. Роман соңында Алматыға келген Тоқсаба бойындағы бар өнерін дискіге жаздыра алмай дал болып ауылына қайтады. Тоқсаба өзіне шәкіртті ұзақ іздейді. Көңіліне қонбайды. Кейін жиені Нәріктің бойында өнері барын байқап, тәрбиелеп, өзінен кейінгі мұрагері етіп тәрбиелейді, бар білгенін үйретеді.

Соңында жасы жетіп өмірден озады. Жалпы, "Көкбалақ" романы күй өнерінің атадан балаға мұра болып келе жатқандығын суреттейтін құнды шығарма» дейді. 

Қазақстанның халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің «Жау тылындағы бала» еңбегі туралы Мақтаарал ауданық балалар кітапханасының  кітапханашысы Ф.Лепесова төмендегідей эссе жазыпты:

«Қасым Қайсенов 1918 жылы Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Асу бұлақ ауылында дүниеге келген. Әкесі Қайса мен анасы Бижамал 13 баланы дүниеге әкеліп, оның сегізін аман-есен жеткізген қарапайым еңбек адамдары. Әкесі Қайса 102 жасында өмірден озған.

Қасым Қайсенов 1934 жылы туған ауылындағы орта мектепті бітірген соң он жеті жасында Өскемен қаласындағы саяси-ағарту техникумына оқуға түседі. Ол өзінің өмірлік жары Асыл Қабышқызымен 1937 жылы 19 жасында шаңырақ көтереді, ол кезде жары 17 жаста болған. Қасыммен Асыл Ләззат, Мұрат, Болат, Толқын атты екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді.

Асыл Қабышқызы Қайсеновтің қарындасымен бір мектепте оқыған. Екі жасты таныстырған да батырдың қарындасы. Қасым Қайсенов 1938 жылы еңбек жолын Шығыс Қазақстан облыстық саяси-ағарту қызметкерлері курсының меңгерушісі болып бастайды. Бір жыл өткен соң Павлодар облыстық білім басқармасының саяси-ағарту жұмысы жөніндегі инспекторы болып тағайындалды.

Қасым Қайсенов 1940 жылы әскерге шақырылып, кейін Мәскеу маңындағы әскери барлаушы мектебіне жіберіледі. Мұнда барлаушыларды екі бағыт бойынша дайындаған: бір тобын Шығыс Түркістан өлкесін Совет құрамына қосуға және Қытай мен Жапонияға қарсы соғысқа жұмылдырмақ болса, екінші тобын батыстағы майдан үшін пайдаланбақ болды. Қасым Қайсеновтың тағдыры герман-совет соғысына байланысты өрбіді.

Араға бір жыл салып, 1941 жылы Киевте алғашқы ұрысқа қатысты. Әскери барлаушы мектебін аяқтағаннан кейін, оңтүстік-батыс майданының штабына жөнелтілді. Ол жерде арнайы тапсырма алып, басқыншылардың қолында қалған Украина аумағында партизандық қимылдарды ұйымдастыру үшін жаудың тылына жіберілді. Бір жылдың ішінде барлау ісінің қыр-сырын меңгерген сарбазды Украинаның Богуслав деген қаласының маңындағы орман қарамағындағы он жауынгермен бірге парашютпен түсіреді.

Алайда қалың дұшпанның ортасында жанындағы серіктері қаза табады. Он шақты күн бойы орман ішінде аштықты көреді. Сол жерде жау тылында астыртын   жұмыстар атқарып жүрген Иван Кузьмич Примакпен кездесіп, партизандық жолын жалғастырған.

"Мен соғыстың кезінде ажалдың алдына неше барып, неше қайтқан адаммын. Періштем қақтыма, әлде суішкілігім болдыма, соның бәрінде аман қалдым. Ал алғаш шабуылға шыққан күні-ақ бірінші оққа ұшқан бейшаралар аз ба?! Солардан менің қай жаным артық еді. Ендеше, мына көріп жүрген күндерімді "олжа" демей, не деймін", - дейді Қайсенов естелігінде.

1941-43 жылдары екі адамнан жеті мың адамға дейін жеткен ірі партизан құрамына еніп, №6 отрядтың командирі болады.

1943 жылдың 21-22 қыркүйегінде Қасым Қайсенов басқаруындағы 120 адамнан тұратын партизан отряды түнде тұтқиылдан ұрыс сала жүріп Григорьевка, Луковицы, Зарубинцы хуторларын басып алады. Сол жерде қол астындағы жүзге жуық сарбаз ерлік көрсетіп қаза табады.

1941-44 жылдары Қайсенов жау тылына төрт реет десантпен түсірілген. Әуелі 1941 жылы Украинаға, 1943 жылы Молдавия жеріне, 1944 жылдың басында Румынияға, соңғы рет 1944 жылы маусымда Карпат тауына парашютпен тасталған.

Карпат тауындағы ерлігі үшін Қасым Қайсенов төртінші Украин майданының партизан штабы тарапынан III дәрежелі "Богдан Хмельницкий" орденіне ұсынылды.

Сұрапыл соғыстан кейін офицер Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің президиум аппаратында, "Жазушы" және "Қайнар" баспаларында қызмет етті. Соғыстан кейінгі ауыл шаруашылығын қалпына келтіру жұмыстарына қатысты.

Қасым Қайсенов – Ұлы Отан соғысындағы қиын-қыстау кезеңдер мен қарапайым жауынгерлердің ерлігін шынайы баяндайтын көптеген шығарманың авторы. 1955 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстың қиын-қыстау кезеңін, жауынгерлердің жан қиярлық ерлігін шынайы суреттеген "Илько Витряк" кітабы жарық көрді. 1959 жылы "Ажал аузынан", 1960 жылы "Жау тылындағы бала" атты партизан жазбалары шықты. Жетпісінш іжылдары "Днепрде", "Жау тылында" мол тиражбен екі реет басылып шықты.

1964 жылы Тарас Шевченконың 150 жылдық тойына қатысу үшін Украинаға барды. Осы сапарынан соң "Партизан соқпақтары" кітабы жарық көрді.

1978 жылы 60 жасқа толған мерейтойына орай "Народные мстители" повестер мен әңгімелер жинағы жарыққа шықты.

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев батырды ерекше құрметтеп, өзінің 1995 жылдың 9 мамырдағы арнайы жарлығымен Қасым Қайсеновке азат Қазақстанның ең жоғарғы наградасы "Халық қаһарманы" атағын беріп, оның бар қазақты сыйдырған кең кеудесін еөз қолымен "Алтын жұлдызды" қадады.

Көзінің тірісін де аңызға айналған батыр, партизан, жазушы, "Халық қаһарманы", "Отан" орденінің және А. Фадеев атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері Қасым Қайсенов 2006 жылы 30 желтоқсанда 89 жасқа қараған шағында ұзаққа созылған ауыр дерттен Алматыдағы өз үйінде қайтыс болды.

Ол тек жауынгер ғана емес, көрнекті қаламгер ретінде елдің есінде қалды. Батырдың жары Асыл Қабышқызы 2020 жылдың 25 қаңтарында 99 жасында өмірден озды».

Мақтарал ауданындағы балаларға қызмет көрсететін кітапхананың меңгерушісі Қалия Қалжанова марафон аясында жазушы, драматург Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» трилогиясын оқыған екен. Трилогиядағы «Зобалаң» бөлімі кітапханашыға айрықша әсер бергенін айтып өтті. Ол эссесінде былай деген: 

Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» трилогиясы – ашаршылық, сталиндік қуғын-сүргін, тоқырау заманын қамтыған ең ірі көркем туындылардың бірі. Жазушы бұл еңбегінде ерекше суреткерлігімен, трилогиясының көркем құрылымымен көзге түседі. Трилогияның «Зобалаң» бөлімінде Кеңес кезінде ашаршылыққа ұшыраған халықтың хал-ахуалын, «асыра сілтеудің» елге әкелген зардабын шебер суреттеп, ел басқарып отырғандардың жағымсыз қылықтарын, пасықтығы мен әділетсіздіктерін әшкерелей жазады. Жазушы оты¬зыншы жылдардағы «ақтаңдақтар», «қарадақтар» мил¬лион¬даған жазықсыз жандардың аштан қырылып, қуғын-сүргінге ұшыраған кезеңінің, Ұлы Отан соғы¬сы¬ның зардаптары, одан бергі тұралау, тоқырау заманы тари¬ хының кең ауқымды панорамасын жасай білген. Романды оқып отырғанда халықтың «Елім-айлап» зар жылағанын, күңіренген үнін естігендей боласыз. Аштан бұралып қырылып жатқан бала-шаға, шал-кемпір, жазықсыз қиянат көрген ер азаматтың тартқан жан азабы тап кинодағыдай көз алдыңызға келіп, төбе құйқаңыз шымырлайды. Зілбатпан салмақ түскен жүрегіңіз төс сүйегіңізді тесіп шығардай тепкіленіп, бұлқынады. Қазақ прозасында ХХ ғасырдың 20-жылдарының аяғы, 30-жылдардың бас кезіндегі халық басынан кешкен ауыр ахуал, жаппай аштыққа ұшыраған кезең біршама қамтылды. С.Елубаевтың бұл романының желісіне арқау болған осы тарихи кезеңнің шындығы. “Кәмпескелеу”, колхозға ұйымдастыру, қанадан тыс алым-салық, асыра сілтеу, белсенділік, ақырында халық басында келген нәубат – ашаршылық. Малды, ауқатты Пахраддиндердің көргені жоғарыдағыдай болса, басқалардың күні не болмақ? 30-жылдардың басындағы ұйқы-тұйқы, қуғын-сүргін хал романда шынайы суретін тапқан. Әлеуметтік жағдайы жағынан да, мінез-құлқы, ой-өрісі жағынан да кең талдауын тауып, үлкен-кіші, әйел-ер деген сияқты ұйытқыдай ұйып, тіршілік етіп отырған бір тайпа елдің тағдыры әр қырынан, әр сырынан баян етіледі. Жазда қыр асып, қыста ық жағалай көшумен, қоныс аударумен, мал бағып күн  көріп отырған жұрттың ескі қазақ ауылына тән жай-күйі аса бір құнтпен зерттеліп, зерделі қаламмен жазылған. Түйелі, малды сол өңір елінің өмір-тұрмысы, салт-санасы, мінез, сөз, сөйлеу мәнері әдемі таңбаланған. Кейіпкерлер түрі, сыпайы, ішкі-сыртқы пішіні жазушы ден қойған, дәл тапқан бейнелер. Шығармада әрі қарай енді орнай бастаған жаңа әлеуметтік тұрмыстың дұрысы мен бұрысы аралас жайы, жалпы қауымның құлағы үйренбеген тосын бұйрық-жарлықтар, жақсы-жаман адамдардың іс-қылығы, әсіресе, асыра сілтеу, белсенділік, шаш ал десе, бас алатын топастық, мылқаулық, онан барып үдере көшу, босу, мал азайып, адамның да, жердің де тозуы жанға батып, жүректі ауыртар  хикаяға айналады.

Ауыл жастары Хансұлу, Шеге, Ждақай, Қозбағар, Бұқарбай, Сұр Жекей, бұлардан ересек Бұлыш, Балқия; Мажан балалары Мотан, Шотан, Қапан – бұлардың қасында Әзберген (Пахраддиннің баукеспе болып кеткен інісі); Шәріп, Қауқаш; Мажан бай мен Пахраддин бай (бұл орташа болып есептеледі); Асан, Апанас, (Афанасий Васильевич), Калашников – большевиктер, партия қызметкерлері; ескілікті көп білетін, көпті көрген Дәу-апа (Бұлыштың шешесі), ауыл-үй арасының сөзшең кемпірі Торқа (Қозбағардың шешесі) – бәрі де бүгін мен келер күнді бірге атқарысып жатқан, бірақ ойы да, ісі де әрқилы, қарама-қарсы мінез-пиғылдың адамдары. Осы кейіпкерлер шыққан тегіне, өскен ортасына қарамай, өмірді түсінуі, ұғуы жағынан ойда жоқта топтасып, жұптасып, ойда жоқ тұстан дара кетіп, адасқанның алды жөн, арты соқпақ жайларды бастарынан кешіреді.

Автордың бізге әкелген олжасы – осы аласапыран жайларды аса бір жан тебірентер хикаялық тілмен жеткізіп отыруы. Большевиктік тәртіпке құдайдай сеніп, шәк келтірмейтін етікші кедей Шәріптің өзі, тағы да бес пұттан астық тапсырмасаңдар дегенде: “Бес пұты несі? Әй, бұл қыратын шығар елді? Бес пұт дей ме? Уа, атаңның...” деп,  қылғынып қалады. Жергілікті өкіл Калашников: “Бұл аймақта мен бірде-бір пролетариат көре алмадым... Бұл дала толған кулак. Кулакқа  малды ортақтандыру - өлім. Сондықтан жеке шаруаның ең алдымен малын құрту керек”, дейді. Қазақ жерін бұрыннан жақсы білетін Апанастың тілін ол алмайды. Міне осындай науқан, бұйрық, қорқыту, үркіту заманында ауыл-ауыл бет-бетіне көшіп, малын сатып, не сойып жеп ада еткен қауым ашаршылыққа ұшырамай қайтпек? 

Жастардың бір тобы Шеге, Ждақай, Рысбектер тәуір болып шықты: тап ұғымымен қатар адамгершіліктен ныспы емес. Лабақ ахун, Пахраддин; тіпті шыжақай Шәріп те, Дәу-апа мен Торқа кемпір халық дәстүрлерін бойларына жинаған сол ауыл жандарының естияр жағын аңғартады..

Хансұлу мен Шеге  туралы айтсақ, дәстүрлі романдардағыдай екі ғашықтың махаббатын айтқан болмаймыз. Автор ондай мақсат қоймаған да сияқты. Өйтпесе болмашыдан от шығып, жәбір көрген Қозбағарға апарып Хансұлуды қоса салмау керек еді. Әйтеуір оңы түсіп, Хансұлу қасына жолай алмаған Қозбағар жайына қалды да, кейін Шеге алып қашты. Бұлардың үй-жай болуы, тұрмыс құруы нанымды-ақ суреттелген. Бірақ роман басында қаракерінен түспей, үкі тағып, тәуір камзол киіп, бой түзеп жүрген қыз үлкен махаббатқа, не бір драмаға душар болатындай көрінген. Әлгі бір топ бозбалалар ішінен оған лайық ешкім жоқ сияқты еді. Дызылдауық Шәріптің баласы Шеге де әлжуаз. Сырттай қызыққаны болмаса, әлі жетілмеген сары тұмсық, үрпек бас бала. Өздігінен іс бастап, бұлқынып тұрған жоқ. Кейін партияға еніп, артынан істі болуы оны біраз пысытты. Қайткен күнде де осы жас отау, тағы басқа жеткіншектер сол құрала бастаған қоғамның болашағы екені байқалады. Роман көркемдігінің басты кілті тілінде. Тіл тапқырлығы, тіл ұстарту романның құнды жақтары."Зобалаң" бөлімінде көптеген тақырыптар қозғалып өткен: адалдық, сенім, махаббат, өтірік айту. Бұл әңгімені басқаларға триологияны ұсынар едім. Өйткені шындыққа негізделген әңгіме болғандықтан, жастарға ғибрат аларлықтай мәселелер қозғалған, өте жеңіл түрде баяндалған.

Романның соңғы бетін жапқанда: баяғы ақ боз үйі көзіне елестеп сағым қуған Пахраддин мен оның бәйбішесі Сырғаны көреміз. Аштықтан, ұзақ жолдан титықтап, сүлде бітіп, “құм басында қалған екеу осылай өтті дүниеден”. Шығарманың шүу басында қаракерін сылаңдатып, ауыл айналып жүрген жас Хансұлудың әкесі мен анасы еді бұлар. Бір кездегі “ауыл ортасында айдыны шығып тұрған үлкен ақ боз үй Хансұлудың үйі, сыртта қазықта қаңтарулы Қаракер құнан Хансұлудың құнаны” еді, енді міне ақ боз үй адамдарының тағдыры бұлай шешілген.        Хансұлу кешкен өмір, оның төңірегі, үлкенді-кішілі әрқилы жандар, олардың ісі, әрекеті туынды шертетін шежіренің мазмұны.

Түркістан облыстық балалар кітапхасының «1000 кітап – 1000 өлең» марафонына облыс көлеміндегі барлық балалар кітапханасы қатысуда. Кітапхана директорының айтуынша, алдағы уақытта жобаны эстафета арқылы республикалық деңгейде насихатталады. 

Аида ӨТЕП

Құлағыңызға сыбырлайыншы
Әдебиет әлемі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу