Тұғыры биік тұлға

Oinet.kz 01-12-2023

Жер бетіне мәңгі көлеңкесін қалдырған ұлы адамдар тек өз ғүмыр еншісінде қалмаған. Өлмес мұрасы бар әр заман тұлғаларынан тамған тағылымның тамыры тереңде. Алғашында ауыздан-ауызға насихатталса, жазба мәдениеті дамығалы тарихи оқиғалар мен мұрағаттар ұрпақтан-ұрпаққа құнды қазына кітап арқылы жетіп отыр. 

Screenshot_28.jpg

Ата-баба жанын қиып, аман алып қалған тәуелсіз ел буыны ретінде өткенімізді әрқашан бүгінмен байланыстырып отырсақ, болашағымыз бұлыңғыр болмайтыны хақ. Үйдегі ата-анадан бастап, мектептегі мұғалім баланы кітап оқуға баулу керек. Осы мақсатты көздеген Түркістан облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасы тұрақты түрде өскелең буынға іс-шаралар өткізіп,  қазақ даласына асыл дәнін егіп кеткен танымал ақын-жазушылар мен зиялы тұлғалар өмірін дәріптейді.  

Ұлы ақын Абай өлеңдеріне, Әуезов шығармашылығына көзқарасын айтып, баға бергендердің бірегейі, проза әлемінде де, поэзияда да айшықты орны бар Тәкен Әлімқұлов еді. Оның қилы ғүмыр мен қазақ балаларының санасын оятуда еткен еңбегі орасан. Сондықтан, көрнекті жазушы туралы жас ұрпақ білу тиіс.

Осы орайда Түркістан облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасында Д.Менделеев атындағы №15 мектеп-лицейінің оқушыларының қатысуымен «Сөз сүйегіне сіңген жазушы» атты әдеби кеш өтті. Әр оқушы Тәкен шығарамшылығынан өлеңдер оқып, прозалық жазбаларына талдау жасады.  Тәкен қаламынан шыққан құнды туындылар мен оның өмірбаянына шолу жасалды.

Тәкен өзі тебіреніп жан дүниесіндегі жыр мен шығарманы жазып қана қоймай, өзге де танымал тұлғалардың туындыларына да жоғары деңгейде талдау жасай білген. Қос ішектен шығып, қазақтың қанымен бірге толғанатын Күй өнерін де жіті зерттеп, көркем суреттегендердің бірі. Ата дәстүр мен салтқа бас иіп, өз жанынан алыстатпаған Тәкеннің шығармашылығы да, өзі де сирек кездесетін, бір ғасырда біртуар жан десек артық айтпаймыз.

Тарих пен әдебиетін санасына сіңірген азаматтың көкейі сөзсіз «елім» деп жалындайды. Ал, білімнің бастау бұлағы кітап сол ізденімпаз жастарға мәңгі шамшырақ.  Асыл қазынамызға деген сұраныс көп жерде, білімнің де деңгейі тұңғиыққа түспесі анық!

Серікбаева К.М

Оқырман өрендер Республика күнін апталап атап өтті
Отырардың өр қызы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу