Әлемдегі әскері ең күшті 20 ел

Oinet.kz 19-05-2017 1589

АҚШ.jpg

Щвейцариялық Credit Suisse компаниясы зерттеу жүргізіп, әлемдегі ең күшті әскері бар жиырма елдің рейтингін жасады. Әскердің қауқарын мынадайалты көрсеткіш бойынша анықтапты: бюджеті, жауынгер саны, танктері, авиациялық техникалары және ұшақ тасығыш (авианосец) пен сүңгуір кеме саны. 

Сонымен, әлемдегі ең қауқарлы жиырма әскер кімдікі? Орталық Азияда кім күшті?

20. Канада

Бюджеті –15,7 миллиард доллар

Әскер саны –92 мың

Танктері – 181

Авиациялық техникасы – 420

Сүңгуір қайықтары – 4

Экономикасы қауқарлыәрі АҚШ-тың тату көршісі Канада не себепті жиырмасыншы орында тұр деген саңды сұрақ туындауы мүмкін. Өйткені Канада әскерінің саны тым аз. Ұшақ тасығыштары мен шабуылдаушы тікұшақтары жоқ. Танктері мен сүңгуір кемелері де көп емес. Сөйте тұра Канада АҚШ-пен әмпей-жәмпей. АҚШ-тың әскери операцияларына қатысады және НАТО-ның толыққанды мүшесі. Ендеше, Канаданың әскерін әлсіз деуге болмайды.

19. Индонезия

Бюджеті –6,9 миллиард доллар

Әскер саны – 476 мың

Танктері – 468

Авиациялық техникасы – 405

Сүңгуір кемелері – 2

Индонезия әскерінің Канададан жоғары тұруының себебі – әскерінің саны көп. Танктері де аз емес. Алайда Индонезия әскеріне ұшақтасығыштар мен сүңгуір кемелер жетіспейді. 

18. Германия

Бюджеті –40,2 миллиард доллар

Әскер саны –179 мың

Танктері –408

Авиациялық техникасы –663

Сүңгуір кемесі – 4

Бір кездері әлемді тітіреткен неміс әскері бүгінде көш ортасында. Себебі неміс билігі күшін қарулануға емес, экономиканы дамытуға салады. «Жыланды үш кессең де, кесірткедей бар», неміс әскері әлі де қауқарлы. НАТО-ға жаңадан мүше болған Шығыс Еуропа елдеріне әскери-техникалық көмек көрсетіп жүрген Германия қалай әлсіз болсын?..

17. Польша

Бюджеті –9,4 миллиард доллар

Әскер саны –120 мың

Танктері –1009

Авиациялық техникасы – 476

Сүңгуір кемелері – 5

Польша әскерінің Германияның алдына шығып кеткен себебі – танктерінің саны көп және теңіз флоты мығым. Соңғы жылдары әскери техникасын да біршама жетілдіріп алған.

16. Таиланд

Бюджеті – 5,39 миллиард доллар

Әскер саны –306 мың

Танктері – 722

Авиациялық техникасы – 573

Сүңгуір кемелері – 0

2014 жылы болған әскери төңкерістен соң Таиланд әскері мемлекеттегі тұрақтылықты қамтамасыз ететін негізгі күшке айналды.  Әскері мен танктерінің саны көптігінен жәнеәуе қорғанысы күшті болғандықтан Тайланд әскері швейцариялық компанияның назарына іліккен.

15. Аустралия

Бюджеті – 26,1 миллиард доллар

Әскер саны – 58 мың

Танктері – 59 

Авиациялық техникасы – 408 

Сүңгуір кемелері– 6 

Аустралия әскерінің саны аз, танктері де көп емес. Бірақ авиациялық техникасы мен сүңгуір кемелері күшті жабдықталған.

14. Израиль

Бюджеті – 17 миллиард доллар

Әскер саны – 160 мың

Танктері – 4170

Авиациялық техникасы – 684

Сүңгуір кемелері – 5

Өзге елдермен салыстырғанда Израиль әскері аса көп болмағанымен, әскерге міндетті шақыру мен дайындықтың күштілігі Израильмен санасуға мәжбүрлейді. Көрші елдермен қырғи-қабақ соғыс, Таяу Шығыстағы жағдай Израиль әскерін әбден шыңдаған.

13. Тайвань

Бюджеті – 10,7 миллиард доллар

Әскер саны –290 мың

Танктері – 2005

Авиациялық техникасы – 204

Сүңгуір кемелері – 4

Алып аждаһа Қытаймен көрші тұру кім-кімге де оңай емес. Осыны ескерген Тайвань әскері қорғаныс саласына көп көңіл бөледі. Әсіресе, әуе қорғанысынан қаржы аямай, авиациялық техникаларының санын айтарлықтай көбейткен.

12. Египет

Бюджеті – 4,4 миллиард доллар

Әскер саны – 468 500

Танктері – 4624 

Авиациялық техникасы – 1107 

Сүңгуір кемелері – 4

Египеттің әскері – Таяу Шығыстағы ең көне әрі ең күшті әскердің бірі. Танктерінің саны жөнінен әлемде бесінші орын алады. Соңғы жылдары АҚШ Египетке әскери-қаржылай көмек беріп жүр. 

11. Пакистан

Бюджеті – 7 миллиард доллар

Әскер саны – 617 000

Танктері – 2924 

Авиациялық техникасы – 914 

Сүңгуір кемелері – 8

Пакистан ядролық әл-ауқатын күшейтіп алды. Алдағы онжылдықта үшінші ядролық держава болуы әбден мүмкін. Әскерінің саны да көп. Осыны ескерген рейтинг жасаушылар Пакистанды он бірінші орынға қойыпты.

10. Түркия

Бюджеті –18,2 миллиард доллар

Әскер саны–410 500

Танктері – 3778 

Авиациялық техникасы – 1020 

Сүңгуір кемелері – 13

Жерорта теңізі аймағында түрік әскеріне төтеп беретін күш кемде-кем. Ұшақ тасығыш кемесі жоқ болғанымен, сүңгуір кемелері жеткілікті. Танктері мен авиациялық техникасы да аз емес.

9. Ұлыбритания

Бюджеті –60,5 миллиард доллар

Әскер саны– 146 980

Танктері – 407 

Авиациялық техникасы – 936 

Сүңгуір кемелері – 10 

Алдағы жылы Ұлыбритания әскерінің санын 20 пайызға қысқартпақ. Қысқартқан күнде де әскері әлемнің түпкір-түпкіріндегі арнайы операцияларға қатыса береді. Корольдік әскери-теңіз флоты 2020 жылы «Ханшайым Елизавета» ұшақ тасығыш кемесін пайдалануға бермек. Бұл кеме 40 жойғыш ұшақты бір мезетте діттеген жеріне апара алады.

8. Италия

Бюджеті – 34 миллиард доллар

Әскер саны – 320 000

Танктері – 586 

Авиациялық техникасы – 760 

Сүңгуір кемелері – 6 

Италия әскерінде екі бірдей ұшақ тасығыш кемесі бар. Сүңгуір кемелері де күшті. Шабуылдаушы тікұшақтары сақадай сай тұр. Міне, осы көрсеткіштері Италияны алдыңғы қатарға шығарды.

7. Оңтүстік Корея

Бюджеті –62, 3 миллиард доллар

Әскер саны– 624 465

Танктері – 2381 

Авиациялық техникасы – 1412 

Сүңгуір кемелері – 13 

Бұл күнде Оңтүстік Кореяның ұйқысы қашқан. Оған себеп – солтүстіктегі тынымсыз бауырлары. Солтүстік Кореяға бола орасан көп әскер мен заманауи әскери техниканы сақадай-сай ұстап тұруға мәжбүр.

6. Франция

Бюджеті – 62,3 миллиард доллар

Әскер саны – 202 761 

Танктері – 423 

Авиациялық техникасы – 1264 

Сүңгуір кемелері – 10 

Француз билігі әскерінің санына емес, сапасына көп көңіл бөледі. Әскери-теңіз флоты да мығым. «Шарль де Голь» ұшақ тасығыш кемесі – әлемдегі ең үлкен кемелердің бірі. Франция өз қауіпсіздігін қорғаудан бөлек, өзге елдердің арасындағы саяси һәм әскери қақтығыстарды реттеуге де белсенді қатысады. 

5. Үндістан

Бюджеті – 50 миллиард доллар

Әскер саны– 1 325 000

Танктері – 6464 

Авиациялық техникасы – 1905 

Сүңгуір кемелері – 15 

«Көп қорқытады, терең батырады». Үндістан әскер саны жөнінен әлемде үшінші орын алады. Танктері мен авиациялық техникасы да жеткілікті. Бұл аз десеңіз, Үндістан –ядролық держава. Сарапшылардың пайымдауынша, 2020 жылға қарай Үндістан әскери бюджеті жөнінен әлемде төртінші орынға шығуы мүмкін.

4. Жапония

Бюджеті – 41,6 миллиард доллар

Әскер саны – 247 173 

Танктері – 678 

Авиациялық техникасы – 1613 

Сүңгуір кемелері – 16 

Жапонияны төртінші орынға шығарған – әскери-теңіз флоты. Төрт бірдей ұшақ тасығыш кемесі бар. Әскерінің саны аз болғанымен, сапасы жөнінен жапондар көп мемлекеттің алдын орайды.

3. Қытай

Бюджеті – 216 миллиард доллар

Әскер саны – 2 333 000

Танктері – 9150 

Авиациялық техникасы – 2860 

Сүңгуір кемелері – 67 

Қытайдың халықтық-азат етуші армиясы соңғы он жылда қатты дамыды. Әскер саны жөнінен Қытайға ешбір ел жетпейді. Танктерінің саны жөнінен Ресейден кейінгі екінші орында, әскери-теңіз флоты да әлемде АҚШ-тан кейінгі сатыда тұр. Бұдан бөлек Қытай әскери технологиясын дамытып, баллистикалық зымырандардың жаңасын сынақтан өткізіп жатыр.

2. Ресей

Бюджеті – 84, 5 миллиард доллар

Әскер саны – 766 055 

Танктері – 15 398 

Авиациялық техникасы – 3429 

Сүңгуір кемелері – 55 

Кеңес үкіметі кезіндегідей болмаса да, сөз жоқ, Ресейдің қарулы күштері әлі де мықты. Танктерінің саны жөнінен Ресей бірінші орында. Авиациялық техникасы АҚШ-тан кейінгі сатыда. 2008 жылдан бері Ресейдің әскери шығыны үш есе өскен. Алдағы үш жылда тағы 44 пайызға көбейтпек. Сарапшылардың айтуынша, Сириядағы соғыстың нәтижесі Ресей әскерінің қауқары қаншалықты екенін көрсетіп береді. 

1. АҚШ

Бюджеті – 601 миллиард доллар

Әскер саны – 1 400 000

Танктері – 8848 

Авиациялық техникасы – 13 892 

Сүңгуір кемелері – 72 

АҚШ әскери шығынын біршама азайтқан. Сонда даәскеріне алғашқы ондықтағы елдердің әскери бюджетін қоса есептегендегі көрсеткіштен де көп қаражат жұмсайды. Он ұшақ тасығыш кеме кез келген жерге жойғыш ұшақтарды жеткізіп береді. АҚШ-тың ядролық арсеналы да теңдессіз. Бір сөзбен айтқанда, барлық көрсеткіш бойынша АҚШ-тың аты озып тұр.

Түйін: Швейцариялық компанияның тізіміне посткеңестік елдердің ешбірі кірмеген.Кеңес үкіметінің тікелей мұрагері Ресейді санамағанда. 

Global Firepower компаниясының зертеуінше, Орталық Азияда Өзбекстан әскерінің алдына ешкім түсе алмайды. Әлемдік рейтинг бойынша, өзбек әскері 48-орында. Өзбекстан әскерін қайта қаруландырып, бюджетін көбейтіп жатыр. Екі жыл бұрын ғана өзбек әскері 54-орында тұрған. 

Қазақстан әскері екі жылда 13 сатыға көтеріліпті. Өткен жылғы есеп бойынша Қазақстан әскері 53-орында тұр. 

Қалай десек те, қазба байлыққа малынып отырған елдің әскері де күшті болуы керек қой, ең болмағанда Орталық Азияда...

Отбасын жоспарлау маңызды қадам
Дариға Назарбаеваның қанша телеарнасы бар?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу