45 кәсіпкерге бастапқы қолдау көрсетілді

Oinet.kz 19-07-2021 1941

Өз кәсібін бастап табыс тапқысы келетін азаматтарға қолдау барынша қажет. Кәсіп жасауға деген ынтасы бар адам барлық кедергілерден өтіп қамал ала алады. Оларға бастапқы сәтте қолдау көрсеткен абзал. Осы орайда Шымкентте өткен жылы «Мен кәсіпкер боламын» бағдарламасы жастар мен әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мақсатында ашылған болатын. Мұнда 21-29 жастағы ерлер мен 21-58 жас аралығындағы әйелдерге 1 пайыздық несие алуға мүмкіндік береді.

Screenshot_2.jpg

Аталған бағдарламаның жемісін көрген кәсіпкерлердің бірі– Мәншүк Оспанбекқызы. Ол 2020 жылы «Shymkent» ӘКК» АҚ-ның көмегімен 6 млн. теңге көлеміндегі қаржыны 1 пайыздық несиемен алып, мақта өңдеу цехын іске қосты. Қазіргі сәтте кәсіпкер 4 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. 

Оның сөзінше, тапсырыстардың басым бөлігі Көкшетау, Қостанай, Петропавл және Шымкент қалаларынан түседі екен.

–2007 жылы жолдасым өндіріске арналған төрт құрылғыны Ресейден арнайы алып келіп, мақта жүнін өндіретін цехтың жұмысын бастаған болатын. Күн-түн демей жұмыс істеді. Өкінішке қарай, жолдасым өмірден өтті. Осы қиын сәтте күйеуімнің еңбегі еш кетпесін деп аталмыш кәсіпті өзім қолға алдым. Әрине, қаржы жағынан қиыншылықтар көп болды. 1 пайыздық несие жайлы естіп, фронт-офиске 2020 жылдың тамыз айында бардым. Мамандардан толыққанды ақпарат алып, өндірістің жұмысын қайта жалғастыру үшін керекті соманы есептеп, Халық банкінен несие рәсімдедім. 1 пайызбен несие алу – кәсіпкерге берілген үлкен мүмкіндік, әрі көп көмек, - дейді М.Оспанбекқызы. 

Шағын кәсіпорында күнделікті қолданыста жүрген көрпе, жастық, көрпеше, матрас секілді тоқыма бұйымдарын дайындауда кең қолданылатын табиғи мақта қайта өңделеді. 

Айта кетсек, Шымкентте бүгінге дейін «Мен кәсіпкер боламын» бағдарламасы арқылы 45 кәсіпкер несиелендірілген.

Трансформатор зауыты 500-ден аса азаматты жұмыспен қамтып отыр
Шымкент инвестиция тартудан алдыңғы орындарда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу