Н.Назарбаев: «Бізге жаңа әлемдік валюта керек»

Oinet.kz 17-05-2019 1098

Screenshot_2.jpg

Қазақстан президенті Н.Назарбаев бұған дейін де әлемдік валюта енгізу қажеттігі жайлы айтқан болатын. Бүгінде әлемдік экономика мен халықаралық сауданың қажетін өтеп отырған валюта – Американың доллары. Ел ішінде «бакс», «капуста», «көк қағаз» деген аттармен танымал АҚШ долларының бүгінде дерлік бәсекелесі жоқ. Британияның фунт стерлингі де, Қытайдың юаньі де, Еуропаның еуросы да долларға бәсекелес валюта болуға жарамай тұр. 

Доллардың табиғатында үлкен сәйкессіздік, төтелей айтар болсақ – үлкен әділетсіздік бар. Бұл әділетсіздіктің мәні мынада. Доллар  халықаралық, дұрысы – әлемдік валюта болғанымен, оның эмитенті, яғни басып шығарушысы жеке мемлекет, яғни Америка Құрама Штаттары. Америка қанша валюта басып шығарады, айналымдағы қолма-қол валюта мен жалпы ақша базасының арақатынасы қандай болады, ол – АҚШ-тың дербес қаржылық саясаты болып табылады. Айдың, күннің аманында біз өз елімізде, өз жерімізде ірі мүлікті – үй-жай мен автокөлікті долларға немесе долларға бағалап сатамыз. Экономиканың шектен тыс долларлануы – сол АҚШ валютасының қуатын арттырып, мәртебесін өсіріп келеді. Орталық Азия елдерінің көшбасшысы ретінде Қазақстан осы АҚШ валютасының орнына басқа әлемдік валютаны енгізуді қалайды. 

Экспорты мұнай мен мысқа, саудасы долларға байланған қазақ  экономикасының АҚШ валютасынан көріп отырған қорлығы айтарлықтай.  

Жуырда АҚШ-тың Федералдық резервтік жүйесі (Америкада Орталық банк осылай аталады) ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесін  өзгерту жайлы шешім қабылдауы мүмкін деп, әлемнің барша қаржылық институттары алаңдаумен болды. Қысқасын айтқанда АҚШ-тың қаржы жүйесі әлемнің қаржы саясатын анықтап отыр. Әлемнің ең ірі қаржылық институттары – Әлемдік Банк пен Халықаралық Валюта Қорының негізгі акционері де осы – Құрама Штаттары. Әлем елдері АҚШ-тың тек саяси-әскери озбырлығынан емес, қаржылық өктемдігінен де құтылғысы келеді. Қазақстан басшысының осы мәселені БҰҰ-ның мінберінен айтып, осы проблемаға әлемдік элитаның назарын аударып келе жатқаны – ұлт мүддесі мен ұлт болашағынан туындап отырған әрекет деуге болады.  

Елбасы өз сөзінде– дамудың әділетті шарттары, атап айтқанда – түрлі ұлттар үшін халықаралық нарықтардың, ресурстардың, сондай-ақ, инфрақұрылымдардың қол жетімді болуын қамтамасыз етуді жаңа талап, жаңа тренд ретінде қарастыруды ұсынды. Көптеген нарықтар – бүгінде таңдаулылар нарығына айналды, ол нарықтарға дамушы елдердің енуі өте қиын. Әділетсіз бәсекелестік тек белгілі бір сектор ішіндегі компаниялар емес, дамыған және дамушы елдер арсында да бар. Бұл мемлекеттердің дауын шешіп, мүмкіндігінше әділетті шарттар орнататын БҰҰ-ы мен оның түрлі институттары екенін айта кету керек.  

Қазақстан өз қалауымен ядролық қарудан бас тартты. Елбасы «ядролық державалар – Америка, Қытай, Ресей, Британия және Франция – ядролық қарудан бас тартқан елдерге қарсы күш қолданбау жайлы кепілдік беруі керек» деген мәлімдеме жасады. Қарудан бас тартып, қорғансыз, қорғаусыз қалу - әбден мүмкін екенін Украинаның тәжрибесі анық көрсетіп отыр.

Ресейге салынған санкцияның азабын Қазақстан тартып келеді. Шығыста бұл болмысты «жемеген самсаға ақша төлеу» дейді. Елбасы БҰҰ-ы мінберінен «халықаралық санкцияларды жариялау – БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің өкілеттігінде болуы керек, бұл қағиданың орындалмауы қазіргі әлемдік тәртіптің бүлінуіне себеп болуда» деді.     

Мұрағаттан, 2015 ж

Кәсіпкерлік жоба: Электромагниттік өрістен шығатын радиацияны жоюшы аппарат
Онлайн-саудада тұтынушы ескеруі қажет қағидалар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу