Сарапшы: Азық-түлік бағасы 15-20 пайызға қымбаттайды
Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Венера Жаналина биыл Қазақстанда азық-түлік бағасы айтарлықтай өсуі мүмкін екенін айтады деп хабарлайды Оinet.kz.

Сарапшының пікірінше, қолайсыз болжам бірнеше негізгі факторға байланысты. Атап айтқанда, теңгенің әлсіреуі, жаңа Салық кодексіне көшу және халық пен бизнестегі тұрақты инфляциялық күтулер бағаның өсуіне тікелей әсер етуі мүмкін.
Еске салайық, 2025 жылы елде азық-түлік бағасы бір жылда 13,5 пайызға, ақылы қызметтер 12 пайызға, ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар 11,1 пайызға қымбаттаған.
Венера Жаналинаның айтуынша, 2026 жылы жекелеген санаттар бойынша баға секірісі болуы ықтимал.
«Азық-түлік бағасы валюта бағамының ауытқуы, логистика және импортқа тәуелділік салдарынан 15–20 пайызға дейін өсуі мүмкін. Қызметтер мен реттелетін тарифтерде, сондай-ақ импортқа сезімтал тауарларда (техника, дәрі-дәрмек, киім-кешек, автокөлік бөлшектері) баға 10–15 пайызға бірден қымбаттауы ықтимал. Компаниялар болашақ шығындарды алдын ала есепке алады. Мысалы, тұрғын үй нарығында құрылысқа ҚҚС енгізілуінің өзі бағаның 8–12 пайызға өсуіне әкелді. Бұл инфляция Ұлттық банктің қатаң саясатына қарамастан валюта тәуекелдері арқылы үдеуі мүмкін екенін көрсетеді», — дейді сарапшы «Диапазон» басылымына берген сұхбатында.
Сондай-ақ Қазақстанда бір мезгілде бірнеше жағымсыз экономикалық сценарий қатар келуі мүмкін. Бұл теңгенің жағдайына тікелей әсер етеді.


