Мен Ванга емеспін - Энергетика министрі

Oinet.kz 28-01-2026 75

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов бензин бағасына қатысты мемлекеттік мораторий аяқталғаннан кейін қандай өзгеріс болуы мүмкін екенін түсіндірді. Оның айтуынша, 31 наурыздан кейін жанармай құны нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа байланысты қалыптасады, ал нақты бағаны қазір айту мүмкін емес деп жазады Оinet.kz порталы.

image.png

Мәжіліс кулуарында журналистерге берген жауабында министр қазіргі таңда бағаға қойылған шектеу әлі күшінде екенін атап өтті.

Кешіріңіздер, мен Ванга емеспін, болашақты болжай алмаймын. Бірақ бір нәрсе анық: бүгінгі күні мораторий жұмыс істеп тұр. Ол енгізілген кезде біз бағаның өсуін әкімшілік жолмен тоқтаттық, — деді Ерлан Ақкенженов.

Министрдің сөзінше, 2025 жылдың 1 ақпанынан бастап Энергетика министрлігі жанармай нарығын реттемейді. Егер 31 наурыздан кейін мемлекет бағаға араласпау туралы шешім қабылдаса, жанармай құны нарық заңдылықтарына сай белгіленеді.

Үкімет автожанармай құю бекеттерінің жұмысына араласпайтын болса, бағаны ішкі сұраныс пен ұсыныс айқындайды, — деп нақтылады ол.

Сонымен қатар министр бензин бағасын жоспарлы түрде көтеру мәселесі күн тәртібінде жоқ екенін баса айтты.

Біз бағаны қолдан өсіруді жоспарлап отырған жоқпыз. Егер өзгеріс болса, ол елдегі экономикалық жағдайға байланысты болады, — деді Ақкенженов.

Ал жанармайдың күрт қымбаттау қаупі бар ма деген сауалға министр қысқа жауап қайтарды.

Бағаның шұғыл өсуіне жол берілмейді, — деді ол.

Еске салайық, Қазақстанда 2025 жылдың 16 қазанынан бастап АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасын өсіруге инфляция тұрақтанғанға дейін мораторий енгізілген. Үкімет ішкі нарықты жанармаймен үздіксіз қамтамасыз ету бойынша жауапты органдарға бақылауды күшейтуді тапсырған.

Сарапшы: Азық-түлік бағасы 15-20 пайызға қымбаттайды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу