Кератин: пайдасы мен зияны

Oinet.kz 20-05-2020 4556

Шаш – қыздардың визиткасы іспетті. Таралған, күтімі жақсы және әрдайым түрлі үлгіде жүретін шаш кімді болса да қызықтырады. Ең бастысы шаш үлгісі иесіне жарасымды болып тұрса болғаны. Бүгінде салонда шаш күтіміне арналған процедуралар жеткілікті. Солардың бірі қазіргі таңда үлкен сұранысқа ие әдіс – шашты кератинді түзету деп аталады. Әдетте ол бұйра, икемсіз, химиялық заттардан зақымдалған шаштарға жасалады. Алдымен кератин дегеніміз не және оның шашқа қандай қатысы бар деген сұраққа тоқталып алайық.

7cd2dbf370510ea4.jpg

Бразилиялықтар ойлап тапқан

Күнделікті қолданатын сусабын мен сабындардың құрамынан кератин деген сөзді жиі кездестіруге болады. Оның не екенін көпшілігіміз түсіне бермейміз. Кератин қорғаныс қабатын түзу үшін керек. Аталған ақуыздың құрамындағы аминқышқылдары шаштың беріктігін қамтамасыз етіп, ақуыз молекулаларының шашқа орнауына әсер етеді. Демек, кератинмен байытылған шаш қайратты, жеңіл таралатын болады. Мұндай шашты кез келген шаш үлгісіне оңай келтіруге болады. 

Кератин деп  шаштың, тырнақтың және терінің мүйізгек қабығының құрамына кіретін, ерекше тығыздыққа ие бүлкілдек ақуызды айтады. Шашқа арналған кератиннің құрамына басқа да пайдалы заттар кіреді. Оның құрамында басқа да формулалы ақуыздар бар. Басқаша айтқанда, бұл құрылғыны «сұйық шаштар» деп айтсақ та болады. Сол себептен ғана кератин шашты қалпына келтіріп, шаштың құрылымына әсер етіп, мүйізгек қабатты өзгертуге әсер ете алады.  Шаштың 90 пайызы кератиннің тығыз ақуызынан тұрады, сондықтан шашыңызға кератинді түзету немесе қалпына келтіру жасаған кезде құрылғының молекулалары осы ақуызды тығыздатуды қамтамасыз етіп, серпінді функцияны жоғарылатады. Кератинді түзеу алғаш рет осыдан 13 жыл бұрын Бразилияда пайда болған. Логикалық тұрғыдан алып қарасақ кератинді бразилиялықтардың ойлап табуы заңды секілді. Себебі олардың шаштары табиғатынан қолаң, бұйра болып келеді емес пе?! Кейіннен кератин афроамерикалықтар арасында кеңінен қолданыла бастады. Енді міне, Қазақстанға да келіп жетті. 

Сусылдаған жібек шаштың процедурасы

Кератинді түзеу процесін бастамас бұрын алдымен тұтынушының шашы арнайы сусабынмен жуылып, кептіріліп, табиғи қалпына келтіріледі. Кез келген тұтынушыға кератиннің жеке құрамы дайындалады. Ол шаштың бұйралығына немесе толқындылығына, қайраты мен зақымдану дәрежесіне байланысты әзірленеді. Шашқа толықтай жағылған соң, жарты сағатқа күту керек. Бұл уақыт аралығында шаш кератинді қоспаның құрамындағы қажетті заттарды сіңіреді. Содан соң қалыпты жағдайда шаш салқын фенмен кептіріледі. Кейіннен мамандар кератинделген, кепкен шашты шаш үтіктеуге арналған құралмен түзейді. Бұл кезде температураның аса жоғары болмауын қадағалау керек. Температура шаштың қалың немесе жұқалығына қарай таңдалады. Ең максималды көрсеткіш +230 градус болады. Шашты үтіктеп тұтынушыға ұнайтын қалыпқа келтірген соң, қайта жуылады. Жуудан кейін де шаш түзу, әдемі, жылтыр қалпын сақтап қалады. 

Процедураны жасау барысында міндетті түрде маска кию керек және кератин бас терісіне тимеуін қадағалаңыз. Қызметтің бұл түрін алғаш қолданғандарда кератиннің әсері ұзаққа сақталмауы мүмкін. Процедураны қайта қабылдаған сайын оның шыдамдылық уақыты ұзара түседі. Кератинді түзеу нәрлендіргіш және ылғалдандырғыш әрекет болғандықтан, шашты жуғанда да, кептіргенде де, үтіктегенде де қалыпты температураны сақтау шарт. Кератинге қатты ыстықтың жақпайтынын есте сақтаған жөн. Кератиндік шаш түзеу процесінен кейін тек натрий сульфаты жоқ сусабындарын қолдану керек. Бұдан кейін аммиак қосылған шаш бояуларын қолдануға мүлде болмайды.

Кератинді түзеудің бағасы шаштың ұзындығы мен қалыңдығына байланысты. 10 мың теңгеден басталып 30 мыңға дейін барады. Баға кератинді қоспаның құрамы мен көлеміне қарай есептеледі. 

Кератиннің артықшылығы мен кемшілігі

Салонға бара қалсаңыз мамандар кератинді түзетудің шашқа пайдасын ауыз толтырып айтып береді. Расымен де сабандай қатты шашты жібектей ететін бұл әдістің шашымызға қандай пайдасы бар? Шаш күтімі мамандарының бірі «кератин» емдік қасиеті бар аса пайдалы қоспа деп жатса, енді бірі оны алдамшы нәтиже беретін «косметикалық жарнама» деп жатады. Ендеше ара-жігін ажыратып алайық. 

Шеберлердің  айтуынша кератинді түзетудің артықшылықтары жетіп артылады: 

- креатин химиялық қоспалар қолданбай-ақ шашты түзетеді әрі шашыңыз тез таралады; 

- процедура кез келген типті шашқа келе береді; 

- шашыңыз жылтырап, жұмсақ бола түседі; 

- шаш үлгіңіз қатты желдің өзінде бастапқы күйін сақтайды; 

- процедура ұзақ эффектке ие. Кератинді түзету жарты жылға дейін қалпын сақтап тұрады; 

- шашыңызды қоршаған ортаның кері әсерлерінен қорғайды (газдалған ауа, шаң, күннің көзі);  

- шаштың электрленуін ұмытасыз. Ол әсіресе, қыста бас киім киген кезде көп болады; 

- егер шашыңызды химиялық бұйралап, нәтижесі ұнамай қалса, екі апта өткен соң кератинді түзетуге болады.

Қыз-келіншектердің сүйікті beauty-трендінің зияны да жоқ емес.   Кератинді түзетудің кемшіліктері мыналар:  

- процедураны жасаған соң шашты 72 сағат мерзімінде жууға болмайды;  

- салоннан кератинді түзету жасап шыққан соң, жаңбыр жауып тұрса, міндетті түрде қолшатыр ұстаңыз. Себебі процедураның нәтижесі жойылады, негізінен алдын ала ауа райын қарап, жауынсыз күні жасатқан абзал;  

- шаш түзететін құрал құрамының кей компоненттеріне аллергиялық реакция болуы мүмкін; 

- кератинді түзетуден соң шашыңызды 3 күн бойы өруге, түюге және т.б. шаш үлгілерін жасауға болмайды;  

- процедура кезінде құрылғының құрамына байланысты көзіңіз қызарып, жас келуі мүмкін;  

- уақыт өте шаштың ұштары сына бастайды, соның себебінен ұшын қиюға мәжбүр боласыз;  

- егер шашыңыз қатты қалың болса, процедура нәтижесі ойлағандай ұзақ сақталмайды;  

- процедура уақыты ұзақ. Егер шашыңыз белге дейін ұзын болса, салонда 3-5 сағат көлемінде отыруға дайындалыңыз.

Кератин жағылған шаш әдетте қарапайым шаштан ауыр болады, соған байланысты «сынғыштығы» да жиілей түседі. Шаш түсу мәселесі де міне содан. Сондай-ақ шаш көлемі де азаяды. Дегенмен, біреулер үшін ол жағымды да болуы мүмкін. Кератиннің құрамында формальдегид канцерогені бар. Косметика өндірісінде жиі қолданатын бұл қоспаның қауіпсіз шегі 0,2% болса, кератиннің құрамында 10,5% жетеді екен.

Қандай жағдайда болмайды?

Кератин жағылған шашты кептіру кезінде зиянды газ бөліндеді. Сондықтан, аяғы ауыр немесе бала емізіп жүрген келіншектерге бұл процедурадан өтуге қатаң тиым салынады. Сонымен қатар кертинді мына жағдайларда жасатуға болмайды:

- бас терісінің зақымдалуында;  

- бас терісінің кей ауруларында, дәрігерден кеңес алған жөн; 

- егер шашыңыз көп түсетін болса, кератинге жоламаған жөн. Себебі, процедурадан соң шаш ауырлай түседі. Шаш фолликулдарына ауыртпалық түседі де, шаштарыңыз одан көп түсетін болады. 

Аталған процедуралар тек шаштың өзіне ғана жасалғандықтан, ағзаға жетіспейтін дәрумендерді алмастыра алмайды. Яғни, шашқа тек уақытша әсер береді. Сондай-ақ оларды бас терісінің жарақаты кезінде, шаш қатты түскен жағдайда жасатуға болмайды. Әрбір процедураны үздіксіз жасай берген де зиян.

А.НҰР

Қазіргі кішкентай балаларға қатысты 10 тыйым
Мектеп жасындағы балалар қалай тамақтануы керек?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу