Компьютер мен теледидар дерматитті қоздырады

Oinet.kz 20-01-2020 854

Screenshot_56.jpg

Тері ауруларының түрлері көп. Соның ішінде жиі кездесетіні дерматит болып табылады. Ол терінің қабынулы ауруларын сипаттайтын ауруды айтамыз. Дерматиттер туындау себебіне және зақымдану түріне байланысты бөлінеді. Дерттің туындау себебі адам терісінің қорғаныш қызметіне байланысты.  Яғни  кей заттардың ұзақ уақыт әсер етуінен не жанасуынан немесе иммунитеттің төмендеуінен терінің қорғаныс қызметі төмендейді де, соңынан дерматит пайда болады. Сондай-ақ кез келген физикалық, химиялық, механикалық жанасудың нәтижесінде контактылы дерматит туындайды. Күшті тітіркендіргіш нәтижесінен теріде қабыну процесі пайда болады, яғни тері қызарып соңынан түрлі асқынуларға өтуі мүмкін (экзема). Көбіне аллергиялық бейімділігі бар адамдар аллергиялық ауруларға шалдығады.

Дерматит – диатез, балалар есекжемі, созылмалы аллергиялық, яғни жиі-жиі қайталанып тұратын ауру. Ауру әке-шешесінен генетикалық тұрғыда тұқым қуалап, балада генетикалық бейімділік пайда болады. 

Оның белгілері былай біліне бастайды: Терісі кұрғап қабынуға ұшырайды, қызарады, бөртпелер пайда болып, терісі қышиды. Қол мен аяқтың буын тұстарының, беттің, бастың, мойынның терісі кеуіп, дуылдап қышиды. Дерматиттің алдын алу шаралары, созылмалы аурудың ремиссия кезеңін узартуға негізделген. Контактылы дерматит кезінде, латекстен жасалған бұйымдарды, металл-аллергендер, химиялық заттардың дене терісіне қайта жанаспауын, алдын алу керек. Егер теріге аллерген түскен жағдайда, теріні ағынды сумен жуу керек.

Атопиялық дерматиттің туындауына, жиі асқазан-ішек жолдары, эндокриндік және неврологиялық, жүйелердің аурулары салдарынан пайда болады. Бұл жағдайда осы аурулардың өршімеуінің алдын алу қажет. Егер бөртпелер мен қышынулар тағамға байланысты болса, арнайы диетаны сақтау қажет. (Аллергия негізінен жұмыртқа, балық, теңіз, цитрус өнімдері, жүзім, қызанақ шырындары, сәбіз, қызылша, саңырауқұлақ сияқты азық-түліктерден туындайды. Соңғы кездері балалардың банан, киви, авокадо, құрма, анар сияқты жемістерден де аллергияға ұшырауы жиілеп барады). Бала өскен сайын оған тағамдағы аллергендердің әсері азайып, ауадағы аллергендердің ықпалы күшейе түседі. Мұндай аллергендерге үй ішіндегі шаң-тозаңда, үй жануарларында кездесетін микроскопиялык кенелер жатады. 

Сақтану шаралары: Ауруды ерте анықтап, емдеу, аурудың ауыр түрге асқынуының алдын алады. Бала туылмай тұрып, егерде ата-анасында осы ауруға бейімділік бар болса, арнайы диетаны сақтау керек. Жүкті әйелдер мен емізулі аналарға арналған сүтті, жаңғақты, тәтті тағамдарды, қызыл түсті жидектерді шектейтін арнайы гипоаллергенді диета өңделген. Алдын алуға маңызды шаралар қоршаған ортаны бақылау шаралары болып табылады. Үйде темекі шекпеу, бөлмеде ылғалдылықты ұстап тұру, күніне кем дегенде екі рет ылғалды шүберекпен жүйелі түрде сүртіп тұру, екі рет бөлмені желдету керек, киімдерді далада кептіру керек. Төсек жаймаларды аптасына 2 рет ауыстыру, жүн көрпені мақтадан не синтепоннан жасалған көрпелерге алмастыру, жүннен жасалған киімдерден бас тарту. Балалардың жатын бөлмесінде ауруды қоздыратын теледидар мен компьютер сияқты шаң жиналатын заттарды алып тастау. Үй гүлдерімен байланыс үзу, өсімдік шөп шайларымен емдеуден бас тарту. Теріні күтуде, баланың денесін жылы сумен жуып, денені тітіркендірмей жайлап сүрту керек, сосын арнайы гигиеналық дене терісін ылғалдандыратын кремдерді құрғаған жеріне дерматиттің қайта пайда болмауы үшін жағу керек. Дұрыс тамақтану рационын қадағалау керек. Зат алмасуды дұрыстау мақсатында, арнайы бальнеологиялық курорттарға, минералды сулар, емдік ванна, минералды балшықта ем алуға болады.

Роза Абдибекова, 

Түркістан облыстық тері венерология диспансерінің дерматологы

Қасқа татуаж жасаудың зияны бар ма?
Фитболдың пайдасы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу