Ботулизм – қауіпті ауру!

Oinet.kz 15-02-2020 1212

09085903.334997.5021.jpeg

Ботулизм – өте ауыр инфекциялық ауру, бұл ауру дайындалу кезінде технологиялық процессі сақталмаған консервіленген саңырауқұлақ, баклажан, көкөніс тағамдарын, сонымен қатар сүрленген (окорок, балық) тамақты қолдану салдарынан пайда болады. Ботулизм ауруын тудыратын «у» (ботулотоксин) организмді тез арада уыттандырып, ең алдымен науқастың жүйке жүйесінің зақымдануына алып келеді.

Ботулизм қоздырғышы табиғатта кең тараған. Ол қоршаған ортада топырақта кездеседі.  Қоздырғыш химиялық және физикалық факторлардың әсеріне өте тұрақты спора түзеді. Споралар 6 сағатқа дейін  қайнатқанға төзімді. Ботулин токсині жоғары концентрациялы тұзда төзімді, сірке қышқылын және басқа да консерванттарды қосқанда да ыдырамайды. 

Адам ағзасына түскеннен кейін улану тез өрбиді, 2-24 сағат аралығында басталады.

Ең алғашқы клиникалық белгілері – ауыздың құрғауы, көзінің бұлыңғырлануы, қосарланып көрінуі, әлсіздік.

Ботулизмнің негізгі симптомдары, клиникалық көріністері:

- көздің көруінің нашарлауы «бұлыңғырлану», көз алдының «торлануы», затты екеулеп көруі,  қабағының түсуі (птоз);

- сілекей секрециясының бұзылуы, ауыздың құрғауы, жұтынудың қиындауы, шашалып қалу, көмейінде бірдеңе тұрып қалғандай сезіну;

- дауыс желбезегінің зақымдануы, мұрыннан сөйлеу, тілінің күрмеленуі;

- тыныстың бұзылу белгілері.

Осындай белгілер анықталған жағдайда науқасты ауруханаға жатқызу қажет. Бұл аурудың арнайы емі – ағзадағы уды жою үшін ботулизмге қарсы сары су енгізіледі. Аурудың мерзіміне қарамастан асқазанды жедел жуу. Дер кезінде ем қабылданса, өлім жағдайы 15-30 пайызға дейін төмендейді. Көбінесе консервіленген өнімдердің дәмі, түсі өзгермейді, міне,  аурудың қауіптілігі де осында.

Ботулизмнің алдын-алу үшін келесі талаптарға назар аудару қажет:

- сатып алынған өнімдердің топырақтарын кетіріп, ағынды судың астында бірнеше рет тазалап жуу қажет; 

- өнімдерді консервілеудің режимін сақтау, уксус немесе лимон қышқылын міндетті түрде пайдалану;

- банкілерді, қақпақтарды  стерилизациялау әдісіне аса назар аудару қажет;

- үйде әзірленген консервілерді, окорокты, т.б пайдалану алдында қуыру немесе 15 минуттай қайнату;

- қақпағы көтерілген, түсі бұзылып иісі шыққан банкілерді жедел  түрде жою қажет, тіпті дәмін де татуға болмайды;

- үй жағдайында консервіленген салаттар, саңырауқұлақ, қияр, қақталған балық, окорокты т.б базардағы және көшелердегі сатып жүрген белгісіз адамдардың қолынан сатып алуды тоқтату керек;

- аурудың белгісі пайда болған жағдайда, өнім қалдықтарын тастамай, зертханалық бақылау үшін сақтаңыздар.

Бұл талаптарды орындаған жағдайда, өзіңізді және отбасыңызды аса қауіпті ботулизм ауруынан сақтай аласыз!

Қ.ЕСІМОВА,

облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті тағам объектілерін санитариялық-гигиеналық сақтау бөлімінің бас маманы

Артық майдан әп-сәтте арылу аңыз ба ақиқат па?
Циститті емдеу жолдары
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу