ЖИТС (СПИД) жұқтырмаудың жолдары

Oinet.kz 02-10-2018 654

ЖИТС (СПИД) – адамның иммундық жүйесінің бұзылуынан пайда болатын өте қауіпті жұқпалы ауру. Оның қоздырғышы болып адамның иммунитет тапшылығының вирусы АИТВ (ВИЧ) жұқпасы болып есептеледі. Бұл аурудың қауіпті болуы қандағы иммунитет үшін жауап беретін ерекше жасушаларын да жойып, адамның ауруға қарсы иммунитеті жойылады да қарапайым жұқпаға қарсы тұра алмайды.

aids.jpeg

АИТВ  жұқтырған адамдар жылдар бойы өздерін дені сау адамдардай сезінеді және сыртқа да солай көрінеді, олар жылдар бойы осы ауруды жұқтырғанынан бейхабар жүруі де мүмкін. Бірақ жыл өткен сайын алғашқы белгілері біліне бастайды. Салмағы күрт төмендеп, үлкен дәрет созылмалы сұйық түрде кететін болып, әлсіздік белең алады, қоздырғыштар мен бактериялар тудыратын аурулар жиілей бастайды. Бірнеше жылдан, бәлкім айдан соң, ЖИТС өзінің бар екендігінен толықтай хабар береді: ауыр жұқпалы аурулар, ісіктер, орталық жүйке жүйесі қызметінің бұзылуы біліне бастайды.

Медицинада дәлелденгендей, ЖИТС жыныстық қатынас, вирустың бірден қанға түсуі (әртүрлі инъекциялар жасаған кезде т. б. жағдайларда), анасынан нәрестеге жұғу арқылы тарайды. ЖИТС-тен салауатты, әдепті өмір сүру арқылы сақтануға болады. Жалпы, әртүрлі инфекциялардан сақтанудың ең тиімді тәсілі – вакцина егу. Сақтанудың басқа да амалдары – есірткіге, оның ішінде, ЖИТС жұқтыру қаупі жоғары тамыр арқылы егетін түрлеріне жоламау; стерильденбеген немесе кездейсоқ біреудің шприцін, қайшысын, сақал алғышын және басқа да құрал-жабдықтарын пайдаланбау; некесіз, кездейсоқ кез келген жыныстық қатынастан бас тарту; тамырға салатын екпе дәрілер үшін болса да, бөтен біреудің шприц немесе инелерін пайдаланбау; маникюр, педикюр жасайтын құралдардың стерильдігіне көңіл аудару; ЖИТС вирусын жұқтырып алдым-ау деген күмәнді жағдайда міндетті   түрде дәрігерге көріну.

Кез-келген азамат АИТВ инфекциясының жұққан-жұқпағандығын анықтау үшін еліміздің барлық қалаларда, облыс орталықтарында ашылған лабораторияларға барып тексерілуіне болады. Дәрігерлер сіздің күретамырыңыздан қан алып, онда АИТВ-ның антителасы бар-жоғын тексереді. Қанды алмас бұрын және нәтижелерін хабарламас бұрын олар сізге сараптама нәтижелерінің оң және кері  нәтижесі жайлы мағлұмат беріп, сұрақтарыңызға жауап беруі тиіс. АИТВ инфекциясына сараптаманы өз тегіңізді айтып, немесе жасырын түрде тегін жасатуыңызға болады.  Сараптама нәтижесі медициналық құпия болып есептеледі және оны жария еткені үшін медицина қызметкері заң алдында жауапкершілікте болады. Сіздің сараптамаңыздың қорытындысын тұрғылықты жеріңізге, жұмысыңызға немесе оқу орныңызға жария етуге олардың құқы жоқ.

АИТВ да, ЖИТС те толықтай жазылып кетпейді. Алайда күн сайын әлемде әлдеқайда  тиімді, өмірді ұзартып, денсаулықты сақтауға көмек беретін дәрі-дәрмектер пайда болуда. Ең бастысы, Сіздің қандай әлеуметтік топқа жататыныңыз я болмаса кімдермен араласатыныңыз емес, өзіңіз үшін қандай жолды таңдап алатыныңыз маңызды екенін естен шығармаңыз!

А.ОРЫНБЕКОВА,

Түркістан облыстық клиникалық ауруханасы,

№2 эндокринология бөлімінің дәрігер-эндокринологы 

Корь. Симптомы, осложнения и лечение
Қымбат дәрінің әлдеқайда арзан түрінің тізімі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу