Екпе ем бе, кесел ме?

Oinet.kz 26-05-2020 946

Соңғы уақытта елімізде екпе  төңірегінде айтылып жатқан әңгіме көп.  Бірі, екпе егу баланы түрлі жұқпалы дерттерден сақтайды десе, енді бірі «вакцина балаға кері әсер етеді» деп есептейді. Тіпті, ғалымдардың өзі екпе екпе егу мәселесінде екі түрлі пікір айтады. Бірі пайдасы орасан зор екендігін жеткізсе, енді бірі адам денсаулығына зиянын айтады. Қоғамның пікірін екіге жарып, қызу талқыға түскен  мәселе жөнінде маман кеңесіне жүгініп, ата-аналардың көзқарасын білген едік. 

xw_1445256.jpg

Камила СЕРІКБАЕВА, ата-ана: Екпеге сенімнен гөрі күдігім басым

Екпені әр адамның  организмі әртүрлі қабылдайды. Менің екі ұл, екі қызым бар. Қазір үшеуі есейіп қалды. Оларға бұрын екпені уақытылы салдыртқанмын. Алайда әр екпеден соң қызулары көтеріліп ауырып қалатын. Сондай-ақ, соңғы уақытта екпе туралы айтылып жатқан пікірлер ата-аналарды  екі ойлы етіп қойды. Қазір төрт жастағы кенже балама  вакцина салдыртуға қорқамын. Себебі, оның иммунитеті әлсіздеу. Екпені көтере алмай қала ма деп қорқамын. Жалпы, тәуекел екі жерде де бар. Бастысы жолдасым екеуіміз сол тәуекелдің қайсысы дұрыс екенін шешіп алғанымыз жөн. Жолдасым екеуіміз алдағы уақытта баламызға тек қана ең қауіпті деген жұқпалы аурулардан сақтайтын екпелерді салдыруды жоспарлап отырмыз. 

Кезінде  ата-бабамыз екпені қабылдамай-ақ денсаулықтары  мықты болған ғой. Сондықтан, екпе салу мен салдыртпаудың арасында ешбір айырмашылық жоқ деп есептеймін.  

Жаңыл ҚОЖАБЕРГЕНОВА, ата-ана: Бала сау болса екпеден келер қауіп жоқ

Адамның денсаулығын жақсартып, өмірін ұзаратын шараларға қарсы тұрмағанымыз жөн. Себебі, екпе ғылыммен дәлелденген дүние. Ақ халатты абзал жандар да баланың өмірін, болашағын ойлайды. Мысалы менің, үш балам бар. Үшеуіне де екпе салдыртқанмын. Қазір, үлкенімнің жасы алтыда, екіншісі екіде және кенжем екі айдан асты. Кенжем дүниеге келген соң екпе салдыртатын кезде  ғаламтордағы мақалаларды оқып, дәрігерлермен кеңестім. Нәтижесінде, барлық артықшылықтар мен кемшіліктерін таразылап, екпе салдырудың кесірі жоқ екеніне көзімді жеткіздім. Дана халқымыз айтады: «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде», - деп. Сол себепті, екпеден бас тартуға ешқандай негіз жоқ. 

Забира  ЕСЕНҒАРАЕВА, Шымкент қаласы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті  Инфекциялық және паразитарлық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы: 

Екпе баланы жұқпалы аурудан қорғайды

Алдын ала екпе салу баланы түрлі жұқпалы аурулардан сақтап қалады. Екпе салдыртпаған адамның денсаулығы әлсізденіп, организмі түрлі ауруларға  қарсы тұра алмай қалады. Еліміздде соңғы уақытта осы тақырып айналасында түрлі жағдайлар тіркелуде. Бұл жекелеген дәрігерлердің салғырттығынан орын алып отырған жағдай. Сондықтан, мамандар екпені салмастан бұрын қаралушының жағдайын жіті бақылауы тиіс. Сондай-ақ, екпені арнайы рұқсаты бар мамандар жүргізуі тиіс. Бүгінде, осы аталған иммундау мәселесі денсаулық сақтау саласы төңірегінде басым бағыттардың біріне айналды. Оның себебі, көбінесе ата-аналардың балам науқас болып қала ма деген қорқынышынан туындайды. Ал, ата-аналардың тағы бір тобы екпе егуді діни сенімге балайды. Қоғамда туындаған әртүрлі пікірлерге еріп, екпеден бас тартудың қажеті жоқ. Өйткені, елімізде жүргізілетін вакцинаның барлық түрі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен сертификатталып, елімізде тексеруден өтіп, тіркелген.  Еліміздің әрбір азаматы 2009 жылдың 30 желтоқсанында бекітілген «Қазақстан Республикасының Ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбегіне» сәйкес екпе жасатқаны дұрыс. 

Бұл күнтізбеде баланың туылғаннан бастап, жасына қарай қандай екпелер алу керектігі белгіленген. Атап айтатын болсақ, нәресте туылғаннан кейін перзентханада денсаулығында қарсы көрсетілімдері болмаса, В вирусты гепатитке қарсы вакцинасын және туберкулезге қарсы БЦЖ екпесін алады. Әрі қарай, бала екі айлық және төрт айлық мерзімде комбинирленген вакциналарды қолдану арқылы, бір мезетте алты (дифтерия, сіреспе, көкжөтел, полиомиелит, «В» вирусты гепатиті және Хиб-инфекция) инфекцияға қарсы және пневмококк инфекциясына қарсы егілуі тиіс. Ал, үш айында және он сегіз айға толған кезінде сәбиге бір мезетте бес (дифтерия, сіреспе, көкжөтел, полиомиелит және Хиб-инфекция) инфекцияға қарсы екпе жасалады. Мұндай комбинирленген вакциналар инфекцияларға қарсы иммундаудың  қолайлы, тиімді, қауіпсіз, жинақты және соңғы үлгідегі заманауи әдісі болып табылады. Бала бір жасқа толған шағында комбинирленген қызылша, қызамық және эпидпаротитке қарсы  (ККП), полиомиелитке және пневмококк инфекциясына қарсы  вакцинамен егіледі.  Екі жасқа толған бала А вирусты гепатитіне қарсы арасы алты айлық интервалмен екі реттік вакцинациямен егіледі. Алты жасқа толған балаға БЦЖ, яғни туберкулезге қарсы ревакцинация, сонымен қатар дифтерия, сіреспе, көкжөтел және қызылша, қызамық, эпидпаротитке қарсы  ревакцинациялар жасалады. Он алты жастағы жасөспірімдерге дифтерия мен сіреспеге қарсы ревакцинация жасалып, дәл осы екпе әр он жыл сайын (26, 36, 46, 56 жаста) қайталанып отырады. Егер де, әрбір адам түрлі жұқпалы аурулардан және қауіпті сырқаттардан сақ болуды қаласа екпені әр кезеңінде қалдырмай салдырып тұруы абзал. 

Қала бойынша вакцинациядан бас тартушылардың көрсеткішіне үңілетін болсақ өткен жылдың он айындағы есеп бойынша екпеден бас тартушылардың жалпы саны – 588-ді құрап отыр. Оның 311-ін теріс ағымдағы діни ұйымдағылар және жеке сенім-нанымдағы адамдар саны – 146, 61-і вакцинаға сенбеушілік туындаған болса, қалған 70-і ақпарат құралдарының таратқан жағымсыз ақпараттарының үлестері. 

Екпе салдырмаудың кері әсерлері болатынын тұрғындар білуі тиіс.   Елімізде, соның ішінде біздің қаламызда вакцинамен басқарылатын инфекциялардан эпидемиологиялық жағдайдың ушығуына әкеледі. Топтасқан аурушаңдықпен бірге өлім-жітім де тіркеледі. Аурушаңдық көбінесе қызылшаға қарсы егілмеген (59,1%) және егу статустары белгісіз (23,1%) тұрғындар арасында таралуда. Алыс және жақын шет елдерде (Украина, Грузия және т.б.) вакцинация жүргізбеудің арқасында, ұмыт болған өте ауыр инфекция дифтерия, столбняк аурулары тіркелуде. Екпеден бас тартқан жағдайда түрлі қауіп қатерлердің болуы әбден мүмкін. Сол себепті өзіңді және қоғамды әртүрлі жұқпалы аурулар мен індеттерден сақтау үшін, екпенің маңыздылығына мән берген жөн.

Сауалнаманы жүргізген: Нұрила ЖҰМАХАНҚЫЗЫ

Тышқан да дәрі болған
Көз неге жаурамайды?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу