Махамбет Бейсеуов: «Дипломмен ауылға» жобасының қалалық баламасын жасау керек

Oinet.kz 03-09-2020 1277

Батырлық жайлы таным көп. Осыған дейін «батыр» десе, ерекше қабілетке ие, шетелдік киноиндустрия саласындағы реализмге шақ емес кейіпкерлер ойға оралатын. Дерт дендеп әлем халқының жанары пандемияға ауған шақта нағыз батырдың кім екені анықталғандай. Үй бетін айлап көрмей, өлім мен өмір арасындағы бәйгеге жанын тіккен дәрігерлерге қалай алғыс айтсақ та аз. Осы орайда жан сарайымызды байытып,  №1 Шымкент қалалық емханасының бас дәрігері Махамбет Бейсеуовпен сұхбаттасқан едік. Назарларыңызға ұсынамыз!

image.png

–  Махамбет Әбдезімұлы, әлемді шарпыған дерт елімізді айналып өтпеді. Толық зерттелмеген аурумен жұғымдалған науқастармен бетпе-бет келгенде қандай сезімде болдыңыз?

– Ия, сұрағыңыз өте орынды басында үрей емес, қобалжу болды. Себебі БАҚ-та арқылы беріліп жатқан ақпараттарды оқи отырып дүние жүзінде орын алып отырған пандемия біздің елде қалай болады екен деген  ой орала берді.

Бұл дертті зерттелмеген деп айта алмаймын, ғалымдар біраз жылдар  бұрын қоздырғышы вирус екенін, аурудың қалай берілуін, таралуын, алдын алу шараларын анықтап қойған.

–Емхана пандемия кезінде қалай жұмыс істеді?

Әлемде, бізде орын алып отырған коронавирус індетіне байланысты емханада жұмыс күшейтілген. Мәселен емханаға кіру үшін дезинфекциялық тоннель бар. Тоннельден өткен пациент  қолды антисептикпен  жуып, тепловизормен термометриялық тексеруден өтеді. Дене қызуы көтерілген науқастарды  фильтрде қараймыз, тек сосын ғана мамандарға жолданады. Барлық медқызметкерлер толығымен қажетті қорғаныш киімдерімен қамтамассыз етілген. Сонымен қатар, емханада 11 мобильді топ құрылған.  Құрамында дәрігерлер, орта буынды және әлеуметтік қызметкерлер бар. МТ әкімшілік тарапынан қамтылған автокөлікпен қызмет атқарады. Топтың міндеттері емханаға тіркелген немесе емханаға қарасты аймақ бойынша науқастарды үйде қөріп, дәрі-дәрмек тағайындау, пульсоксиметрмен сатурациясын өлшеу, қажет еткенде рентгенография  жіберу. Сондай-ақ  тұрғындарға онлайн кеңес беру, қажет еткенде жеке салалы мамандармен онлайн кеңес ұйымдастыру, диспансерлік бақылауда тұратын созылмалы аурулары бар азаматтарға тегін дәрі-дәрмек жеткізу, үйде анализдерін алу, ауруханадан емделіп шыққан науқастар болса динамикасында бақылау болып табылады. Кеңес беру барысында қосымша түсіндіру жұмыстары, жаднама таратылуда. Еңбекке жарамсыздық парағын ашу, создыру онлайн кеңес арқылы жүргізілуде. Емханаға келу барынша азайтылуда. Фейсбук, инстаграмм желілеріне, емхана сайтына дәрігерлердің мобильді телефон номерлері, емхананың анықтама номері салынып, өзгерістер болса жаңаланып тұрады.

Жалпы емхана 54360 тұрғынға медициналық көмек көрсетеді. Мекемеде 33 учаскелік дәрігер жұмыс атқаруда, сонымен қатар, акушер-гинеколог, инфекционист, невропатолог, кардиолог, пульмонолог, педиатр, онколог, хирург, эндокринолог, нефролог, аллерголог және тағы басқа мамандар бар. Емханада рентген, флюорография, УЗИ, ЭКГ, лаборатория және тағы басқа диагностикалық бөлім жұмыс атқаруда.

КОВИД - 19 пандемиясы  басталғаны бері емханаға қарасты аймақ бойынша 179 ошақ тіркелді, жақын қарым-қатынаста болғандар барлығы ПЦР сынамасына тексерілді. Қалаға кіріп-шығатын маңызды автотрассада 1 блокпост ұйымдастырылып сонда 8 қызметкеріміз жұмыс атқарды.         

Сәуір айында  М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеттің №4 жатақхана базасында карантиндік стационар ашылып, сол жерде біздің қызметкерлер жұмыс атқарды. «Атамекен» провизорлық стационарда да біздің қызметкерлер дәрігер, медаға, психолог пен тазалықшылар КВИ-мен ауырған науқастарға ем-дом көрсетті.

Сонымен қатар, емханада күндізгі стационар жұмыс атқарады осы таңға дейін 30 төсек-орынды емхананың күндізгі стационарында 667 науқас ем қабылдап денсаулықтарын түзеп шықты. Қажетті дәрі-дәрмекпен толығымен қамтамасыз етілген. Жұмыс уақыты 08.00-20.00 ге дейін. 

1430.КZ сайты арқылы денсаулыңызға байланысты қажет еткен мамандардан үйден шықпай онлайн кеңес алу мүмкіншіліктеріңіз бар. Сұрақтарыңыз болса тікелей қойсаңыздарда болады немесе емхана сайтына жазбаша түрде хабарласуға болады. Қазіргі таңда осы сайтта  кеңес беру үшін біздің 34 дәрігеріміз тіркелді. Олар: 2 психолог, кардиолог, невропатолог, нефролог, ЛОР, пульмонолог, педиатрлар, жалпы тәжірибелі дәрігерлер. Сайт арқылы бүгінге дейін Нұр-Сұлтан, Тараз, Шымкент қаласының науқастарына тегін  кеңестер берілді.  

– Пандемия кезінде Қазақстанда  қызылша,  қызамық секілді аурулардың азайғандығы байқалды.  Ал емхана пациенттерінің арасында пандемия кезінде қандай аурулардың азайғандығы байқалды немесе керісінше қандай аурулар көбейді?

Қызылша мен  қызамық  балалар арасында кездесетін ауру.  Пандемия кезінде  бала-бақша, мектеп жұмыс істемегендіктен  аурудың таралуы азайды  деп түсінемін.  

Ал ересек пациенттер арасында жедел респираторлы инфекция, пневмония  салыстырмалы түрде былтырғы жылдарға қарағанда өскені шындық. Қоздырғыштарына қарай пневмония бактериалды немесе вирусты болып бөлінеді. Қазіргі таңда  орын алып отырған аурушаңдық басымы вирусты пневмония болып отыр.

– Асқазан, ұйқы безі, ішек, бауыр сырқатына шалдығу қаламызда қаншалықты жиі кездеседі? Гастроэнтеролог дәрігер ретінде аурудан қалай сақтануға кеңес бересіз?

– Қазіргі  уақытта тез дайындалатын тағамдарды  көп қолданамыз.  Соған байланысты созылмалы гастрит, холецистит, рефлюкс-эзофагит аурулары  жиі кездеседі. Байқасаңыз  жастарымыз тек сол тағамдарға әуес. Тұрғындарға аурудың алдын алып,  ас мәзіріне пайдалы үй тағамдарын қосу  керек дер едім. 

Таза ауада серуендеу, дұрыс тамақтану, толыққанды үйқы, спортпен айналысу – бұл асқазан ауруларының алдын алады. Артық салмақтан да арылған жөн. 

–Қалалық емхана болғасын цифрлы технологияны кеңінен қолданып отырған боларсыздар?

Әрине қазір сандық технологияға көшу заман талабы емес пе. Осы орайда бізде барлық  қажетті порталдар  енгізіліп,   жұмыс  істеуде. Айталық:   "ААЖ-емхана",  "Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз  етудің  ақпараттық  жүйесі",  "Бекітілген  халық  тіркелімі", "Емдеуге  жатқызу  бюросы",  "Стационарлық  науқастардың  электрондық тіркелімі",  "Диспансерлік  науқастардың   электрондық  тіркелімі", "Амбулаториялық-емханалық  көмек",  "ХПН  порталы",  "Жүкті  әйелдер  және  ЖЖВ  тіркелімі",  "ҚЖА-дан  өлім"  "созылмалы  бүйрек жеткіліксіздігі" т.б порталдар бар.   Ал балалар  бөлімшесі  IKAT (БЖААЖ)  бағдарламасы бойынша  жұмыс  істейді.  Дәрігерді  үйге  шақыру,  дәрігердің  қабылдауына  жазылу,  РПН бойынша  емханаға  тіркелу  сияқты  мемлекеттік  қызметтер  онлайн режимде  Электрондық  Үкімет  сайты  арқылы  жүзеге  асырылады.  

Халыққа  қолайлы  жағдай  жасау  және  электрондық  үкімет  сайты арқылы  үдерісті  жеделдету  үшін  Egov.kz,  адапторлар  сатып  алынды. Емханада  кезектілікті  азайту  мақсатында  6  жұмыс  орнына арналған  терминал  мен  электронды  табло  іске  қосылды.  Емханада  КМИС  (кешенді  медициналық  ақпараттық  жүйе) порталы  енгізілді  және жұмыс  істейді,  электрондық  тіркеу  орны  іске  қосылды,  пациенттерді "Медициналық  күнделік" арқылы  қабылдауға  жазу  жүзеге  асырылады.

– Солтүстік Африканың Жоғары оқу орындарының қақпасына: «Кез келген ұлттың жойылуы үшін атом бомбасы қажет емес . Білім беру саласы төмендесе, науқастар сондай адамдардын қолынан қаза табады. Осындай университет   білімінің жоқтығынан  қирайды. Осындай экономистер мен есепшілердің қолынан ақша жоғалады. Осындай заңгерлер мен төрешілердің қолынан әділет жоғалады. Білімнің жоғалуы - ұлттың күйреуі» деген тәмсіл сөз  жазылады екен. Сол айтқандай қазіргі жас мамандардың біліміне көңіліңіз тола ма?

Қазіргі уақытта білім саласы яки медицина саласына көп сын айтылуда. Оның астары өте тереңде екеніне ешкім мән бермейді. Біріншіден, мектеп бітіруші талапкер мамандығын өзі таңдауы керек, көбіне ата-ана мәжбүрлеп мамандық таңдатады. Екіншіден, ата-ана білімнің маңызы жайлы дұрыс түсінік қалыптастыру керек. Үшіншіден, адам өз мамандығын сүю керек, тек сонда ғана жақсы маман шығады. Төртіншіден, жас мамандардың теориялық білімі жақсы, практикалық біліктілігі аздау. Бұл проблеманың жалғыз шешімі – жас мамандарға қолдау көрсетіп, дұрыс бағытта жол көрсету керек. 

– Ақ халаттылар сыбайлас жемқорлыққа  бармауы үшін қандай шаралар қолдану керек деп ойлайсыз?

–Бітіріп келген жас мамандардың алғашқы уақытта алатын айлығы жүз мың теңге. Олардың дені отбасылы, нәрестелі. Әрі жас мамандар жалдамалы пәтерде тұрады.  Неге «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы (үстем ақы, коммуналдық төлемдер, пәтерақы, бала-бақша, мектепке орналастыру тегін) секілді жобаны қалаға ендірмеске?

Жас мамандар жалдамалы пәтерден-пәтерге көшіп-қонып жүреді. Отбасыдағы ренжісу, түсінбеушіліктің бәрі қаржы тапшылығынан туындап, ажырасуға дейін барады. Менің ойымша «Дипломмен ауылға» жобасының қалалық баламасын жасап шығару керек. Жақсы ойлау үшін жақсы тұрмыс керек. 

– Гастроэнтерология саласы несімен қызықтырды?

– Гастроэнерология саласы – өте қызықты, қиын сала. Неге десеңіз, емнің нәтижелі болуы дәрігерге ғана емес науқасқа да байланысты. Себебі емнің бастауы – емдік тағамдар. Науқасқа ауруына шағымданған сәттен дұрыс тамақтанудың маңыздылығын айтып түсіндіру керек. «Мына тамақ сізге болмайды» деген жеткіліксіз. Неліктен жеуге болмайтынын, қандай асқынуларға алып келуі мүмкін екенін қарапайым тілмен түсіндіріп, сендіру керек. Сонымен қатар, айта салып емес өзіміз де сол диеталық тағамдармен тамақтанып үлгі болуымыз керек. 

–Сұхбатыңызға  көп рақмет!

Әңгімелескен Балерке ӘСІЛХАН


Бұлшық ет өсуіруге қандай өнімдер пайдалы?
Жағдай тұрақты, дайындық жоғары
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу