Семіздіктен зардап шеккендерге ота жасалады

Oinet.kz 04-05-2019 1169

587e5bc63d2d2ожирение1.jpg

Өңірдегі ең таңдаулы медициналық мекемелердің бірі—Оңтүстік Қазақстан облыстық клиникалық ауруханасында бас дәрігер, білікті басшы Мұқан Егізбаевтың ұйымдастыруымен дәрігерлердің білімін жетілдіру, күрделі медициналық технологияларды игеру, келушілерге қажетті жағдайлардың бәрін жасау бағытында көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Солардың бірі шетелден профессор-ғалымдарды шақырып, аурухана базасында дәрігерлерге арнап шеберлік сағаттарын өткізу, тәжірибе жетілдіру. Осы жақсы үрдіске сәйкес жуырда аталған ауруханада семіздікпен ауыратын науқастарға күрделі оталар жасалды. 

Бұл жолғы оталардың бір ерекшелігі,--үйретуші шетелдік ғалым емес, Астанадан келген. Бірақ уақтысында білімін Еуропада жетілдірген, енді тың тәжірибені отандық әріптестеріне таратуға көшкен. Орал Оспанов медицина ғылымының докторы, Қазақстандық бариатриалық және метаболиалық хирургтер қоғамының президенті. Бариатрия деген медицина тілімен айтқанда семіз, артық салмағы бар азаматтарға ота жасау дегенді білдіреді екен. 

--Қазір біздің аурухананың базасында Орал Оспанов екі ауруға қарсы ота жасауды үйретіп жатыр. Бұлардың барлығы да жоғары мамандандырылған медициналық көмекке жатады,--деді бізбен алғаш әңгіме жасаған Орал Оспановтың тәжірибесін үйренуші облыстық клиникалық аурухананың хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Жанболат Ділдәбеков. –Кейде адамның өңешінің кеңеюі салдарынан асқазан кеуде қуысына қарай тарылып кетеді. Мұндай жағдайда адам ыңғайсыздықты сезінеді. Аузына қышқыл дәм келеді, биік жастыққа жатпаса, ұйықтай алмайды. Бұрын мұндай жағдайда науқастың қарнын жарып, ота жасайтын. Ал жаңа тәжірибеде қарынның тек 1 сантиметрдей бөлігі ғана тілінеді. Ішке қол сұғылмайды. Ота лапароскопия әдісі арқылы арнайы құралдармен жасалады. Екінші ота салмағы жоғары, семіздікпен ауыратын жандарға арналған. Семіздіктің бір себебі тәбеттің жоғарылауы. Бұл асқазанның кеңеюіне алып келеді. Мұндай науқастарға лапароскопиялық әдіспен ота жасау кезінде қосымша қарынша тігіледі. Нәтижесінде адамның тамаққа деген тәбеті төмендейді, ас ағзаға жақсы сіңеді. Науқас алты ай ішінде 20-30 келіге дейін салмақ азайтады. Ағза артық салмақтан арылған соң жүрекке, көпеге түсетін күш те азаяды,--дейді Ж.Ділдәбеков.

Заманауи әдіс-тәсілдің жемісін көрген жанның бірі созақтық Нағима Байташова екен. Ота залынан жақында ғана шыққан ол асқазаны ауырып, қайта-қайта құса бергенін, ақыр аяғында осы ауруханаға келгенін,  отадан кейін өзін өте жақсы сезініп қалғанын айтты.

Профессор Орал Оспановтың өзі бұл кезде кезекті операцияда екен. Журналистермен бірер минутқа қана тілдесуге мүмкіндік алған ол оталар негізінен артық салмағы бар азаматтарға арналатынын тілге тиек етті. 

--Алайда мұны косметикалық операция деуге болмайды. Ол ағзаға түсетін салмақты азайтып, оның дұрыс жұмыс істеуіне бағытталған. Дәл қазір ота жасалып жатқан науқас ұзақ уақыт бойы семіздікпен ауырып келген. Салмағы 130 келіге дейін жетеді. Артық салмақтан оның ағзасы да көп зардап шеккен. Қан қысым жоғарылаған. Екі мәрте инфаркт алған. Отадан кейін ол 30-40 келіге дейін салмақ азайта алады. Лапароскопиялық әдіс арқылы жасалған отадан соң науқас тез сауығып кетеді. Ертең, тіпті бүгін орнынан тұрып кетеді,--деді ол. Профессордың айтуынша, бұған дейін мұндай күрделі оталар Қазақстанда жасалмаған. Науқастар осындай отаны қымбат бағаға Балтық жағалауы елдерінде, АҚШ-та жасатып келген. 

Қазақстанда артық салмақпен ауыратындар өте көп. Көп жағдайда олар қант диабетіне шалдыққандар арасында жиі кездеседі. Артық салмақ жүрек-қан тамырлары ауруларына алып келеді. Жалпы семіздік адамның ішкі ағзаларының бәріне дерлік кері әсер етеді. Көптеген аурулардың туындауына себеп болады. Семіздікпен ауыратындар арнайы есепке алынған. Алдағы уақытта шұғыл ота жасау қажет науқастарға хирургиялық көмек көрсетіледі.  Мұндай көмекті енді облыстық клиникалық аурухананың дәрігерлері жасайтын болады. 

Мұрағаттан, 2015 ж

Дәрігерлер ата-аналар мен балаларға тегін медициналық кеңестер берді
Ана сүтінің пайдасы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу