Мейірбек Сұлтанов: «Дәрігерге жүктелген қызметтің бір бөлігін мейірбике атқарып жүр»

Oinet.kz 10-06-2019 1384

Screenshot_9.jpg

Мейірбек Сұлтанов, Шымкент медицина колледжінің директоры:

-         Мейірбек Әлібекұлы, жақында колледж  жаңа ғимаратқа ие болды. Бұл оқу процесіне айтарлықтай өзгеріс әкелген шығар?

-         Әрине. Колледждің іргетасының қаланғанына бірталай уақыт болған. Оны жаңарту бүгінгі күннің талабы болып тұр еді. Биылғы оқу жылы біздің ұжым үшін үлкен қуанышпен басталды. 2014 жылы басталған құрылыс жұмыстары аяқталып, 2015 жылдың 15 желтоқсанында оқу-клиникалық корпусымыз облыс әкімінің өзі қатысуымен  пайдалануға берілді. Жаңа ғимараттың аумағы 4100 шаршы метрді құрайды, оның 3030-ы оқу алаңы. Жаңа оқу-клиникалық орталығымызда 18 дәрісхана, 7 зертхана және 18 клиникаға дейінгі тәжірибелік оқу бөлмелеріміз бар. Сондай-ақ аймақтық симмуляциялық орталықтың ашылуы студенттеріміздің толыққанды білім алуларына, тәжірибе жинақтауына үлкен септігін тигізіп жатыр. Орталықтағы муляждар мен фантомдар жастардың адамның ішкі құрылысын зерттеп, ауруын анықтап, оны қалай емдеу керектігін клиникаға дейінгі тәжірибе жүзінде өз қолдарымен жасап көруге мүмкіндік ашты. Облыстағы барлық дәрігерлер мен орта буынды мамандар осы жерге келіп біліктілік аттестациясынан өтіп жатыр. Аталмыш орталыққа республикалық бюджеттен 41705,8 мың теңге қаражат бөлінген. Қазіргі таңда оқу ордамыздың материалдық-техникалық базасының жабдықталуы 92 пайызды құрап отыр. Бұл өз кезегінде мейірбике ісі мамандығы бойынша орта буынды мамандарды Фин бағдарламасымен дайындауға мүмкіндік береді. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі 2016-2019 жылдарға Қазақстан Республикасында мейірбикелік білімнің жүйесін қайта жаңғырту (модернизация) жұмыстарын қолға алды. Фин бағдарламасының мақсаты Денсаулық сақтау жүйесінде мейірбике ісі мамандарының жаңа рөлі мен құзіреттіліктерін ендіру болып табылады. Онда негізгі шешілетін мәселелер: қазіргі уақытта әлемдегі жоғары және жоғары білімін жетілдіре түскен  мейірбикелер дәрігерлерге жүктелген  қызметтердің бір бөлігін атқарып жүр. Сөйте тұра емдеу барысында мейірбикелердің рөлі бағаланбай жүр. Себебі олар көбінесе кәсіби дайындықты аса талап етпейтін техникалық жұмыстарды атқарады. Бұл  мейірбикенің де, дәрігердің де кәсібін өз деңгейінде толық атқаруына мүмкіндік бермейді. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының медициналық колледждерін Жоғары мейірбикелік мектепке қайта құру іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

-         Оқу орнында Жоғары мейірбикелік мектепке өту қай уақытқа жоспарланған?

-         Бағдарлама Қазақстанның білім беру жүйесіне енді ғана еніп келеді. Президент әр Жолдауында дамыған 30 елдің қатарына қосылуымыз керектігін нақтылап айтып өтуде. Өркениетті елдерге қосылу үшін, әлбетте біздің медицина саламыз да сол мемлекеттермен деңгейлес болуы шарт. Өткен жылдың 15-ші желтоқсанында колледж әкімшілігінің өкілі Астана қаласында  Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің ұйымдастыруымен бір күндік «Медицина колледждерін  медбикелік Жоғары мектепке қайта ұйымдастыру» тақырыбымен оқыту семинарына қатысты. Осы мәселе бойынша 23 желтоқсанда Астана қаласында медицина колледждері директорларының кеңесі өткізілді. Колледж тарапынан  Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне оқу орнымызды Жоғары мейірбикелік мектебіне өткізу үшін өтініш берілді.

-         Жекеменшік оқу орындарының  ашылуы Шымкент медицина колледжінің имиджіне кері әсерін тигізіп жатқан жоқ па?

-         Соңғы жылдары өңірімізде жекеменшік оқу орындарының, оның ішінде медициналық колледждердің көптеп ашылып жатқаны рас. Біздің білім ошағымыздың көпжылдық тарихы, өзіндік қалыптасқан жолы бар. Сондықтан айтарлықтай кері әсерін тигізіп жатыр деп айта алмаймын. Дегенмен біздің мекемеге қарағанда сол жекеменшік колледждерде студенттердің саны екі есе көп. Мәселен қазіргі таңда бізде 1597 студент білім алуда. Салыстырмалы түрде айтсақ бұл өзге колледждерге қарағанда аз. Мұның басты себебі оларда оқу ақысының төмендігінде. Яғни бәсекелестік бар. Әрине, жекеменшік оқу орындарының жастарға білім беріп жатқандығына мен қарсы емеспін. Тек адам денсаулығына жауапты мамандарды дайындау өте жауапты екенін жақсы түсінсе деймін.

-         Түлектердің жұмыспен қамтылуы қай деңгейде?

-          Өкінішке қарай қолымдағы мәлімет бойынша түлектеріміздің жұмыспен қамтылу деңгейі көңіл қуантарлық емес. Түлектердің жұмысқа орналасуы туралы мәліметті оқытушылар, топ жетекшілері күнделікті жинайды. Бір айта кетерлігі, колледжімізде оқытылатын жеті мамандықтың ішінен қазір фармацевтер мен дантистерге сұраныс жоғары болып тұр. Өйткені бүгінде жеке кәсіпкерлер ашқан дәріхана мен стоматологиялық клиникалар өте көп. Сол клиникалардың өкілдері мемлекеттік емтиханға қатысып, көңілінен шыққан шәкірттерімізге жұмыс орнын ұсынып жатады.

-         Денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысы қаңтар айынан бастап  28 пайызға көтерілгені белгілі. Қалай ойлайсыз, бұл медицина қызметкерлерінің жұмыс сапасын арттыра ала ма?

-         Кез келген қызметкерді ынталандырып отыру оның өз ісіне деген қызығушылығын оятатыны анық. Президенттің Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес медицина және білім беру саласы қызметкерлерінің жалақысының өсуінің арқасында жұмыс сапасы артады, әрі әлеуметтік жағдайы жақсарады. Себебі жоғары айлық алған соң қызметкер өзінің жұмысына жоғары жауапкершілікпен қарап, лауазымдық міндеттерін тиянақты орындауға талпынады. Қанша дегенмен төленген жалақыны ақтау керек емес пе?!

-         Әңгімеңізге рахмет!

-         Әңгімелескен Айнұр Оңғарбай

Мұрағаттан, 2016 ж

Немереме не деп жауап беремін?
Инсульт - қауіпті ауру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу