Отбасының жылулығы

Oinet.kz 26-09-2023 324

«Барлығымыздың көкейімізде қат-қабат мән арқалаған осы бірауыз сөздің астарында не жатыр? Онымен біздің байланысымыз қандай? Отбасының негізгі ерекшелігі қайсы?» деген сансыз сұрақ туындайды. Адамның жеке басының алғашқы қалыптасуы отбасынан басталады.

Screenshot_3.jpg

Оның ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілер отбасында қалыптасады, сондықтан да туған үйдің жылуы – оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді. 

Отбасы – барлығымыздың жүрегімізге ең жақын сөз. Ол – махаббат пен тыныштықтың, мейірім пен жарасымның, қуаныш пен мерекенің мекені. Алғаш дүние есігін ашқанымызда қым-қиғаш өмірдің салқынын сездірмей, аялы алақан мен мейірімді жүректің шуағына бөлейтін де осы жер. Ақындар сөзімен айтқанда, «Отбасы – табиғат сыйлаған кереметтердің бірі» десек, артық емес. Жеке адамның бойындағы ар-ұяты, ақыл-ойы, адамгершілігі, басқа адамдармен қарым-қатынаста, мәдениеттілікті тәрбиелеуде отбасы алғашқы қадам. Сондықтан, отбасы өте қажетті, басқадай ешнәрсемен өзгертуге (ауыстыруға) болмайтын баспалдақ. Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта. Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Отбасының басты қазығы, алтын тіреу діңгегі – бала. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Отбасының әрбір мүшесі, өзара сөйлесіп, не болмаса ата-ананың, баланың міндетін атқару ғана емес береке-бірлік, сүйіспеншілікпен араласса, босағасы берік, шаңырағы биік отбасына айналары сөзсіз.

Қатынаста адамгершілік, әдеп-инабат үрдістерінің қаншалық кең жайылып, терең тамырлануы, ең алдымен, олардың жекелеген отбасында өркен жаюына, яғни баланың ата-анасын жан-жүрек қалауымен, саналы түрде ардақтап, құрметтеуіне, инабат тағылымын үлкендерден үйрене отырып, олардың өздеріне деген қарым-қатынстарында мүлтіксіз жүзеге асырып отыруларына байланысты. Адам өмірінің мәні мен сұлулығы, адамның келешегіне сенімділігі – баланың ата-анасын ардақ тұтып, өзінің перзенттік қарызын бір сәтке де есінен шығармауында. Бұл – жас ұрпақтың мәдениеттілігін, әдептілігінің ғана емес, ең алдымен, адамшылығының белгісі. Бала – ата-ана өмірінің жалғасы. Бала тәрбиесі – қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін күрделі процесс. Жазушы, педагог Ж.Аймауытов «Баланы тәрбиелеу үшін әрбір тәрбиешінің өзі тәрбиелі болуы керек. Себебі, бала айтып ұқтырғаннан гөрі, көргеніне көп еліктегіш келеді» дейді. 

Баланы жастан бақпасаң,

Жамандықтан қақпасаң.

Қадірден жұрдай қасқа боп

Кешкенің өмір босқа тек, – дегендей, баланы қалай баптасан, соған қарап өседі. Баланың ыстық суығына күймейтін, жақсылығына сүйінбейтін ата-ана жоқ. Бүгінгі ұл – ертеңгі әке, ол әкеге қарап өседі. Бүгінгі қыз – ертеңгі ана, ол шешеге қарап өседі, бойын түзейді. Балаға білім, тәрбие беруде басты тұлға ұстаз болса, оны жалғастырушы, демеуші ата-ана.

Үлгілі отбасын құрып, адал ұрпақ өсіру – кімнің де болса, ең бірінші алға қойған үлкен мақсаты әрі асыл арманы болса керек. Әлемдік тарихта ойып тұрып орын алып, саясат әлеміндегі талай мықтыны еріксіз мойындатқан әрі өзін «темір ханым» атандырған 1979-1990 жылдары Ұлыбританияның премьер-министрі болған әйгілі Маргарет Хильда Тэтчерден бір журналист «Өмірдегі ең үлкен жетістігіңіз не?» деп сұрағанда, ол ойланбастан «Отбасын құрып, ана болғаным» деген екен. Демек, отбасы – барлық адамзат қоғамы үшін теңдесі жоқ құндылық. Алайда, осы бір отбасы болудың өзіндік тарихы мен даму ерекшелігі бар. Сондықтан отбасы мәселесі ежелгі заман ойшылдарынан бастап бүгінгі ғалымдарды да бейжай қалдырған емес.

Отбасы мәселесін жан-жақты қарастырып, оның түпкі мәнін шешу үшін көптеген ойшылдар мен ғалымдар барынша ізденіп, тұңғиық ойдың тереңіне ұмтылды. Мәселен, әлемнің бірінші ұстазы атанған Аристотель «Отбасы – адамдардың қарым-қатынастарының ең бірінші түрі және ол – мемлекеттің бірінші кішігірім бөлігі» деп санаған. Ал классикалық неміс философиясының өкілі Э.Кант отбасы мәселесін қарастыра отырып, ондағы адамдардың құқықтық мәселелеріне көп көңіл бөлген. И.Фихте «Отбасының негізі – махаббат» десе, Г.Гегель бірінші болып отбасы мен некенің тарихи формаларын көрсеткен. 

 Жастар отбасы құрғаннан кейін оның құндылығын да білгені жақсы, отбасында сыртқа жәрия жасамайтын да нәрселері көп болады. 

- Бұл жерде біріншіден – жастар үлкен махаббатпен бірге, алдағы жұбайлық өмірге деген дайындықтарын пысықтағаны дұрыс. Ортақ отбасы болғысы келетінде, бірін-біріне денсаулығы жәйлі, қаржылық жағдайларын, отбасы мүшелерін, туыстары туралы ашық әңгімелесу керек.

- Екіншіден отбасы болған соң, қиындық пен қуанышта бірге болуды және дүниеге бала келіп жатса ажырасу деген ойды мүлдем ойламауға тырысу керек.

Ал кәзіргі кезде ең өкініштісі – ажырасып кеткен отбасылардың кесірінен балалар жапа шегіп жатады. Екі жақтың тәкаппарлық пен менменшіл көкіректігінің арқасында көздері жәутендеп балалар, не әкесіз, не шешесіз, тіпті екеуінсіз ата-әжесінің қолында өсіп жатады. Әр балаға өз әке-шешесінің аялы алақаны мен ыстық жүрегі, отбасы жылы ұясы қажет.

Мейлі, қандай мектеп не университет болсын, ата-ана тәрбиесінің орнын алмастыра алмайтыны шындық. Әсіресе, ана тәрбиесінің орны бөлек. Әкесінің қамқорлығын, анасының мейірімін толық сезінген бала ғана айналасына тек жақсылық бағыштай алмақ. Толық отбасында жылы құшақта малынып өскен бала өмірде нағыз тұлға болып қалыптаса алады. Бастысы, отбасында әрбірі өз орнын біліп, өзіне тән функциясын іске асырса ғана болғаны.

Ш.ТҮКЕБАЕВА,

Созақ аудандық орталық ауруханасының психолог маманы

«Синтетикалық есірткі» сананы улайды
Қауіпті белгі ме? Неліктен орныңыздан тұрып қалғанда басыңыз айналады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу