Спирттік ішімдіктің азабы аз болмайды

Oinet.kz 24-10-2023 343

Спирттік ішімдіктер адамның денсаулығы мен қоса рухани саулығына да кері әсер етеді. Отбасы ішіндегі бақытсыздық, жанжал, ажырасудың басты себепкері. Маскүнемдік – қоғам тыныштығын бұзатын зиянды кесел.

Screenshot_1.jpg

Тәртіп сақшыларының мәлімдеуінше қылмыстардың көпшілігі осы ащы суды ішудің салдарынан орын алады. Мастықтың соңы төбелес, ұрлық, зорлық-зомбылық, кісі өліміне дейін апарып жатқан жайттар өте көп. Мас күйде көлік жүргізіп, апатқа ұшырап, қаншама адамдардың жанын қиған жағдайларды ақпарат құралдарынан көрудеміз. 

Спирттік ішімдіктер адамның санасын тұмандатып, есеңгірететін, адамша ойлаудан мақрұм ететін зиянды сусын. Осы себепті, маскүнем адам өзі үшін де, айналасындағылар үшін де қауіп көзі болып табылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 30 елде жасаған зерттеулерінің нәтижесі бойынша адам өлтірудің 85 пайызы, зорлық-зомбылықтардың 50 пайызы, адам өліміне әкеп соққан жол апаттарының 65 пайызы, отбасы ішіндегі ұрыс-керістердің 70 пайызына спиртті ішімдіктер себеп болуда. Басқаша айтқанда жоғарыда аталған қылмыстар кезінде адамдардың мас күйде болғандығы анықталған. 

Спирттік ішімдіктер көптеген аурулардың қоздырушысы. Бауыр, ми және жүйке жүйелеріне елеулі түрде зақым келтіреді. Асқазан жарасына, қатерлі ісікке және ерлерде жыныстық әлсіздікке себепкер болады. Ата-аналар, үлкендер жағы жастар мен спирттік ішімдіктерге әуестенушілерге оның зиянын түсіндіріп, ешқандай қызығарлық тұсы жоқ екендігін жеткізуге тырысуымыз керек. Жас шағында басталған ішімдікке әуестік уақыт өтуімен тәуелділікке ұласып, соңы отбасының құлдырауы, қылмыс, жазылмас ауруларға, бақытсыздықтарға себеп болып жатқандығын естіп те, көріп те жүрміз. Мәселен, 20-ға келген шақта ішімдікке әуестік қоғамдық келеңсіздіктерге, отбасы ойранына себеп болуда. 30-ға келгенде денсаулық зардаптары көріне бастайды, әсіресе, асқазан, ас қорыту мүшелері, бауыр ауруларында айрықша білінеді. Тәуелділіктің кесірінен отбасыларын, денсаулығын ойран қылған жастар бара-бара күйзелістерге, қасіреттерге тап болады. Онда да жұбанышты спирттік ішімдіктертен іздеп одан сайын пәлекеттерге белшеден бата береді. 

Спирттік ішімдіктерге тәуелді отбасылардың балалары да араққа құмарлау болады. Ал арақ қолданбайтындардың отбасының ұл-қыздары араққа әуес болмайды. Араққа салынған әйелдерде балаларының кеміс туылуы, кеш жетілуі секілді зардаптарға себеп болуда. Осы себепті өзіміздің, отбасымыздың және жалпы қоғамның бақыты, тыныштығы үшін спирттік ішімдіктерден алыс тұру шарт. Қоғамға, адамзатқа материалдық және рухани жағынан да зияны орасан көп болған спиртті ішімдіктерден аулақ болу басты ұстанымымызға айналуы тиіс.

Бүгінгі күні ең үлкен індетке айналған, әсіресе жастарға төніп тұрған қауіптің басында спиртті ішімдік пен есірткі тұр. Арақтың зияндарының біршамасы төмендегідей:

- Зиянды әдеттер, алғашқы қадамнан және алғашқы дәм татудан басталады. Тұзақтың ең үлені – «Бір рет ішіп көргенде тұрған не бар?» деп ойлау; 

- Жол апаттарының көбі мас жүргізушілердің себебімен болады;

- Ішімдік пен есірткі – ми және орталық жүйке жүйесінің қас дұшпаны;

- Спиртті ішімдік қатерлі ісікке шалдығу себептерінің басында тұрады;

- Спиртті ішімдік ішетіндердің бауырлары қатты шаршайды. Соңында цирроз ауруына шалдығуы мүмкін;

- Арақ жүректің үлкеюі мен қан айналымының жүйелігін бұзады.

Денсаулығыңызды күтіңіз!

Қабілет АБЕНОВ,

Түркістан облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бас штаттан тыс наркологы

Қауіпті белгі ме? Неліктен орныңыздан тұрып қалғанда басыңыз айналады?
Жол ережесін сақтау – қауіпсіздіктің негізі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу