«Правда» газеті туралы қызықты деректер

Oinet.kz 08-08-2019 3182

kakty-gazeta-pravda.jpg

«Правда» газетінің алғашқы саны 1912 жылы 5 мамырда шыққан. Осыған орай бұл күнді Кеңес Одағында кеңестік баспа күні ретінде белгілеген. 1991 жылы ол мерекені алып тастап, жаңа орыс баспа күні мерекесін бекіткен. Ол мереке13 қаңтарға бекітілген.1703 жылдың тура сол күні Петр І жарлығы бойынша атауы өте ұзақ «Мәскеу мемлекетінде және аймақтағы басқа да мемлекеттерде орын алған білуге және ескеруге лайықты әскери және басқа да жұмыстардың тізімдемесі» (орысша «Ведомости о военных и иных делах, достойных знания и памяти, случившихся в Московском Государстве и во иных окрестных странах»), қысқаша «Тізімдеме» баспа газеті жарық көрген.

КСРО дәуірінде «Правда» елдің негізгі газеті болып саналған. 1931 жылы «Правданың» типографиясының 3 жылға созылған құрылысы басталған. Биліктің шешімі бойынша, мәскеуліктер мен ленинградтықтар газетті бір күнде алып отырулары тиіс болды. Сол үшін 1931 жылы газетті Ленинградқа жеткізіп отыруға арнайы әуе жолы ашылған. Мұндай құнды затты қандай ауа райында болса да жеткізіп отыру үшін арнайы елдің үздік ұшқыштары таңдап алынған.

Революцияға дейін газетті Ресейге жеткізу басқа жолмен жүзеге асырылған. Ең алдымен оны Норвегияның солтүстігінде Финнмаркте басып, майшабақ бөшкесімен Архангельск портына дейін жеткізіліп, елге заңсыз таратылып отырған. Алғашқы жылдары газетте В. И. Лениннің мақалалары көптеп жарияланған. Тек 1912 жыл мен 1914 жыл аралығындағы уақыт ішінде «Правдада» әлемдік революция көсемінің 285 жұмысы жарияланған.

Газет Кеңес Одағының үш орденімен марапатталған: 1945 жылы және 1962 жылдары Ленин орденімен екі рет және 1972 жылы Қазан революциясы орденімен. Одан бөлек 1980 жылы газет редакциясы халықаралық «Золотой Меркурий» премиясына ие болған. 70-жылдары газеттің тиражы саны 10 000 000 данаға дейін жеткен.

«Правда» газетімен байланысты бір қызықты аңыз да бар. 1935 жылы шахтер Стаханов көмір өндірудің мөлшерін бір ауысым ішінде 14 есеге асырған. Бұл туралы мемлекеттің орталық газетінде арнайы мақала жазылған. Алайда бір ағаттықпен шахтердің аты Андрей емес Алексей деп жазылып кетеді. Бұл туралы В. И. Сталинге жеткізгенде, ол «Правда» газетінде өтірік жазылуы мүмкін емес», - деп шешім шығарып, Андрей Стаханов атын Алексейге ауыстырған көрінеді.

Новосибирск тұрғыны А. В. Лутковский ерекше коллекция жинаған. Ол өз коллекциясында «правда» сөзі кездесетін барлық газеттерді жинақтаған. Бүкіл Кеңес Одағы бойынша мұндай он шақты газет шығатын. Мысалы, «Комсомольская правда», «Пионерская правда, «Алтайская правда», «Магаданская правда».мұндай газеттердің толық тізімін жасау өте қиын шаруа. Коллекционерлердегі «Правда» газетінің 1912 жылы шыққан алғашқы саны 1000 рубльден де қымбат тұрады.

«Правда» газеті Кеңес Одағының Коммунистік Партиясының Орталық Комитетінің баспа ұйымы ретінде өз жұмысын 1991 жылы 22 тамызда тоқтатқан. Сол күні оның соңғы саны жарық көріп, басылып Б. Н. Ельциннің жарлығы бойынша жабылған. Сол жылдың күзінде «Правда» «жалпысаяси газет» ретінде шыға бастаған.

Газеттің жүз жылдық мерейтойы 2012 жылдың 5 мамырында Мәскеудегі Кеңес үйінің Ұстынды залында (Колонный зал) өткен. Осы айтулы оқиғаға орай газеттің бүкіл ғасыр бойғы кез келген санын табуға болатын электронды портал дайындалған.

50-60 жылдардағы стильдің қазіргіден әдемі екендігіне дәлел 19 сурет
Әлеуметтік желідегі «аватарка-ға» қарап не айтуға болады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу