Қадір түні туралы деректер

Oinet.kz 11-09-2019 1867

35050960_2142297062453055_6363598076044640256_n.jpg

Қадір түні - бүкіл адамзатқа Құран түсе бастаған ерекше қасиетті түн. Араб тілінен аударғанда "мән-маңыз", "өлшем" деген мағынаны білдіреді. Сондай-ақ, бұл сөз "құдірет" мағынасын да қамтиды. Қадір түнінің қасиетін жұмыр басты пенделер өз ақылымен біле алмайды. Сондықтан оның қадір-қасиетін Жаратушының өзі "Қадір" сүресінде:"1. Біз Құранды Қадір түні түсірдік. 2. Қадір түнінің не екенін Алла-Тағала білдірмесе, білесің бе? 3.Қадір түні мың айдан да артық. 4. Ол түні Алланың рұқсатымен кез-келген іс үшін Рух пен періштелер түседі. 5. Әсіресе ол түнді ғибадатпен, өткізгендер үшін таң атқанға дейін Алланың рақымы мен есендігі жауады" деп жазылған. ("Рамазан - нұр шашқан ай". Ә. Дербісәлі, Алматы, 2010 ж).

Бірде Айша анамыз Пайғамбарымыздан (с.а.с.): "Уа, Алланың елшісі! Егер Қадір түніне жетсем қандай дұға оқиын?" деп сұрағанда, ол: "Уа, Алла! Сен тым кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, мені де кешіре гөр!" деп дұға ету керектігін үйреткен. Қадір түнінде Алла-Тағаланың мейірімі мен берекесі жауады. Ал одан құр қалмау әр адамның рухани сергектігіне байланысты.

Қадірлі достарым, мың түннен де қайырлы түнді әртүрлі құлшылықтар жасап, Құран мен намаз оқып, тәубе етіп, кешірім тілеп, өзіміз және өзгелер үшін дұға етумен өткізейік! Раббысының рұқсатымен сол түнде жерге түсетін Жәбірейіл мен періштелер Сіздердің амал дәптерлеріңізге мол сауап жазсын!

ҚАДІР ТҮНІНЕ қатысты мына бес деректі біле жүріңіз:

1.Алла-Тағала Құран Кәрімді толық күйінде «сақтаулы тақтадан» (ләухул-махфуз) «Ұлылық үйі» (бәйтул-изза) деп аталатын көктің астыңғы қабатындағы орынға Қадір түні түсірген. Ал Құранды өзінің Пайғамбарына (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Жәбірейіл періште арқылы бөлек-бөлек 23 жыл бойы түсірді.

2.Егер пенде өз өмірінде бір Қадір түніне дөп келсе, 83 жылы мен 4 айын Аллаға құлшылықпен өткізгендей сауапқа кенеледі.

3.Алла-Тағала адамдардың тағдырындағы келесі жылы болатын жазмышты періштелеріне бұйырады.

4.Бұл түні өте алып періште – Жәбірейіл және көптеген періштелер жер бетіне түседі. Олар мұсылмандарға сол түнде сәлем беріп тұрады. Періштелердің саны жер бетіндегі майда тастардан да көп болады екен. Сол түнде жер бетіне зиянды нәрселер түспейді.

5.Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Басқа уақыттарда әр жақсылықтың сауабы он есе болса, Ережеп айында жүзден асады. Шағбанда үш жүзден асып, Рамазанда мың есеге артады, жұма түндері мың еседен асып, Қадір түнінде отыз мыңға дейін жетеді»,- деген.

Қадір түнін қадір тұтайық, достар!

Жұма күнінің сіз білмейтін қасиеттері
Қабірдің жанынан өткенде бет сипаудың сауабы қандай?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу