Уахабилер, салафилер... «Сыйынғаныңнан сүйенгенің мықты болсын»

Oinet.kz 13-01-2013 1184

«Уахабтық ағымдағы миссионерлер қазақтың мұсылмандық түсінігіне, оның тарих бойы жинақталған болмысына айналған түсінік-танымын жоққа шығарып бағуда. Бұл дегеніміз зардабы кешегі коммунистік идеология жүргізген ұлтсыздандыру саясатынан да асып түсетін қасірет. Бұлар қазақты бүгін ғана мұсылмандықты қабылдаған ел секілді көрсетіп, өздерін таза ислам атынан, кей жерлерде Алланың атынан сөйлеп, халықты діни сенімі мен танымынан бездіруге жұмыс істеуде. 

eb1d2b88ac4d63b821370bc3202efc32.jpg

Демек, бұлар халқымыздың сан ғасырлық тарихы мен діни тәжірибесін жоққа шығаруды мақсат тұтқан. Бұл нағыз революциялық үдеріс. Ал ислам рухында революция емес, эволюция бар екенін салафилер сезінбейді де.  Салафилер театр, өнер, туған күн тойлауға қарсы, оны күнә деп есептейді. Бұлар уахаби ағымындағылар үшін Аллаға серік қосу, дінге жаңалық қосу. Олар беташар секілді салт-дәстүрлерімізге тыйым салуда. Шариғатқа емес, Конституцияға бағынған адамды бір Құдайға сену формуласын бұзғаны үшін көп құдайға табынушы кәпірдің бір түрі ретінде қарайды.  Осының өзі еліміздің ертеңін құртып, бүлік шығаруға негіз болатын идеологиялық кеңістік. АҚШ әскерін Ауғанстаннан әкеткен жағдайда еліміздің тұрақтылығына кері әсерін тигізуді көздейтін мақсат деп білген жөн».

Осы аптада Мәжілісте депутат Бақытбек Смағұл осылай деп мәлімдеп, Үкімет жетекшісіне, бас прокурордың атына сауал жолдады. Әрине, «уахабилік», «салафилік» ағымның қаупі бүгін ғана көтеріліп отырған мәселе емес. Айтыла-айтыла жауыр болды. Бірақ нақты шараға келгенде сол баяғы самарқаулық, баяулық. 

Қазақта «сыйынғаныңнан сүйенгенің мықты болсын» деген сөз бар. Егер шындығына келсек, «сақалдыларды» қолдайтындар уақтысында сол Мәжілістің мінберінде де отырғаны да айтылды. Енді қазір жоқ, бәрі тап-таза деп кім айта алады?  Шенеуніктердің арасында, оны айтасыз Президент әкімшілігіндегі кейбір лауазымды азаматтардың  «бүйректен сирақ шығарушыларға»  бүйрегі бұратыны бұрыннан айтылып келе жатқан әңгіме. Зиялы қауым арасында да зиянды ағымды насихаттап жүргендер қаншама? Теріс ағымдарға тосқауыл қоюды әуелі «қаймақтардың» өзінен бастаған дұрыс-ау. Олай болмаса  Абай атам айтқандай, «жартасқа бардым, күнде айқай салдымның» кері ғой. 

Ораза ұстағандар үшін мұстахап
Туыс туралы мақал-мәтелдер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу